Руханият

Қазіргі қоғамға ақын жырлары ауадай қажет

Ақжар Мәдениет үйінде   қазақ поэзиясы алыптарының бірі Мұқағали Мақатаевтың туған күнін өнерсүйер қауым ерекше атап өтті. 

Қыран тағдырлы  Мұқағали ақын бізге екі туып бір қалғанымыздай болып кеткелі қашан. Әйтеуір, ақын өлеңдері көңіл сарайымызға сағыныш ұялатып,  жүрек түкпіріне, жанымызға жақын адами сезімдерді әкеледі. Кейде қазіргі көрерменге өкпелейтініміз бар. Енжар, өре төмендігі, рухани жарымжандық белең алып бара жатқандай көрінеді. Қазір не болса соны өнер деп қабылдау, арзанқол дүниелерге әуестік біздің қоғамымыздың жарасына айналғандай. Мұны айтып отырған себебіміз  – Мұқағали жырларының рухани қасиеті барлығында. Оның жырлары мына опасыз, саудагер, сатқын заманның ұрпақтарына әбден керек сияқты. «Жапырақ жүрек жас қайың, жанымды айырбастайын, сен қайың бола бастасаң…» деп  қайыңға мұңын шаққан ақын  жаны үлкенге де, кішіге де жолдас болып келе жатқалы қашан.   Ақынның өлеңдері адам екеніңді, ата-ана, бауыр, туыс дегеннің кім екенін ұқтырады. Ақынның өлеңдері обал-сауап, өзіңе-өзің жауап беру деген жауапкершіл сұрақты көлденең тартады.

Аудандық Мәдениет үйінде өткен әдеби музыкалы  поэзия кешінің шымылдығы ақынның «Анкета» атты өлеңіне арналған қойылыммен ашылды. Сахнада «Мұқағали – Мүтә»  өлең-жырын ақынның өзіндей оқып, ақын  болмысын таныта білді.   Қарап отырсаңыз Мұқағалидың әрбір өлеңі кез келген әнге сұранып  тұр. «Қайран Қарасазым-ай» А.Аусарбаевтар, ел жүрегінен орын алған «Күрең күз» Д.Такиров, «Жапырақ жүрек жас қайың» Г.Түлеубаева, ақынның махаббат лирикасынан әнге айналған «Мен деп ойла» әнін  Ү.Баянбаева шырқады.

Осы кеште «Барқытбелде жыр жебе» жас ақындар клубының (жетекшісі Б.Әрімбеков) мүшелері жетіаралдық  Жанбота Қалымбекова,  Жібек Тоқтамұратова,   Ақнұр Серікжанқызы, Түркия президенті Ердоғанның назары ауған талантты балақан  Бәйжігіт Дулатұлы ақынның жырларын көңілдеріне тоқып жүретін балалар екенін байқатты.  Тарбағатай  жырының  жампозы   Сайлаухан Сағдолдин, Ержан ақын, Қанат Сағатбеков, Ринат Қожахметов Мұқағалиға арнап жыр төкті.  Мұқағалидың ақындық палитрасының кеңдігі сонша, ол өлең етпеген нәрсе жоқ шығар. «Таулар алыстаған сайын биіктейді» дегендей оның құдіретті жырлары әрбір көкіректе жатталатынына сенім мол.

Бір айта қаларлығы соңғы кезде ауданның  рухани ортасынан  табылып жүрген аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Мырзахан Шәкенов ағамыз жыр кешінде ақынның өлең-жырларын оқыған он балаға ақшалай сыйлық жасап, балаларды қуантып тастады.

Иә, біз не дейміз. Ауданымызда өнер деген өміршең ортаның тамырын талай талант иесі басып жүр. Ол ортада біреу асып жүрсе, біреу жасып жүр.  Мәдениет деген мәңгілік, өнер деген өміршең. Өнер әлемінде  «Талантты биіктететін – намыс» деген қағида бар. Намыспен қаруланған өнер ғана  ұлт мүддесін көздейді.  Әйгілі француз жазушысы Ги де Мопассан  кезінде француз мәдениетінің құлдырауына налып: «Мен байқап отырмын, менің жүздеген еңбегімнің құны көк тиын, менің бүкіл қызметім түкке тұрғысыз екен» деген екен. Соңғы жылдары  аудан  өнерінің қалыс қалып, тиісті дәрежеде кеңейе алмай,  бүтіндей бір ұрпақтың   ұлттық өнердің сан саласынан  тоқырап қалғаны да жасырын емес. Бұл аудан мәдениетінің  өзекті мәселесінің бірі десек қателеспейміз. Біздің мақсатымыз ауданымызда ұлт өнерінің өміршең өзегін дамытуға қолайлы ортаны қалыптастырып мәдениет саласының жұмысын «Қазіргі заманауи қоғам жағдайында қалай дамыта аламыз?»  деген көкейтесті де өткір  сұрақты үнемі назарға алып жұмыс істеу.

Шәкен Көпшікбаева

Тарбағатай ауданы.      

Осы айдарда

Back to top button