Руханият

Ұлы жұмбақ

Ұлы жұмбақ

Биылғы 6 тамызда Семейдегі Абай атындағы қазақ музыкалы-драма театрында Абайдың 170 жылдық мерейтойына орай салтанатты жиын өткен-ді. Мемлекеттік хатшы Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ, тағы басқа да құрметті қонақтар қатысқан шара кезінде Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының орынбасары, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын, жерлесіміз Ұлықбек Есдәулет хәкімге арнаған жаңа өлеңін оқыған болатын. Сол өлеңді назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Редакция.

ҰЛЫ ЖҰМБАҚ

Шыңғыстаудан сәуле шашқан бір үміт,
Көгімізде мәңгі қалған ілініп.
Өшкеніміз жанған шақ,
Өлгеніміз тіріліп,
Сан ғасырлық шөлімізді басқанбыз,
Санамызды ашқанбыз
Сәулесінен сіміріп.
Ұлтымызға Құдай өзі сыйлаған
Ол – ұлы Бақ, ұлы Жұмбақ, ұлы Құт!
Көзімізге қалың ұйқы тығылып,
Қараңғыда мың тұрып, мың жығылып,
Бағымызды бағалауды білместен.
Биіктікпен теңесе алмай бұғынып,
Тереңдікке бойлай алмай бұрылып,
Табанымыз тілініп,
Әлі жүрміз сүрініп,
Тауқымет пен нәубеттерде қырылып
Тірі қалдық сол сәуленің
Шуағына жылынып.
«Тіршіліктің мәнін түсін, сырын ұқ»,-
Десең көнбей,
Дүниеге құнығып,
Тіліміз де байланып,
Үніміз де құмығып…
Ұлттың есін аудырған
Сол дәуірде саған тиген жұдырық.
Сол дәуірдің ит-құсы
Әлі де жүр жүгіріп.
Бірі үріп, бірі жұлып, бірі ұлып…
Заман мынау белімізді үзердей,
Көшіміз де түзелмей,
Қалып қойған жоқпыз ба
Соңыңыздан біз ермей?
Ұрпағыңа қарай көрме түңіліп,
Біз Өзіңді болған жоқпыз шын ұғып,
Құпияңа әлі жүрміз үңіліп,
Уа, неткен асқақ едің, Ұлылық!
Ұлы Жұмбақ, Ұлы Ырыс, Ұлы Құт!
Ұлы Сезім, Ұлы Сенім, Ұлы Үміт!

Осы айдарда

Back to top button