Оқиғалар

Қуаттандырғыш сусын зәре-құтымызды қашырды

Әкеміз жұмыс істеген кезде шаршағанын басып, сергіп, күш-қуат алу үшін, кейде ұйқысын ашу үшін энергетикалық сусындарды тым жиі пайдаланатын. Бір күні әдеттегідей «энергетик» ішкен ол біраздан соң денесі қатты қызарып, бізге жүрегі қысып тұрғанын айтты.

Шошып кеттік. Үстіне салқын су құйып көрдік, еш өзгеріс болмаған соң ойыма көрші ағайдың дәрігер екені түсті. «Көмегеңіз керек, әкеме дем жетпей жатыр» дедім аптығып. Ол кісі дереу дәрі беріп, алғашқы көмек көрсетті.

Сол арада анам шақырған жедел жәрдем де жетті. Әкеме укол салып, қан қысымын қалпына келтірген олар «Жасыңыз елуден асқан екен, мұндай шақта энергетикалық сусындарды мүлдем ішуге болмайды» деп қатаң ескерту жасап кетті. Қазір әкеміз аталған сусындарға жоламайды, содан бері денсаулығына да шағымдануды доғарды.

Жуырда ел Президентінің құзырлы органдарға кәмелетке толмағандарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салуды тапсырғанын естіп, қуанып қалдым. Себебі бүгінгі таңда энергетикалық сусындарды тұтынатын адамдар аз емес. Жастарымыздың көбі «энергетиктің» еш зияны жоқ деп те ойлайды.

Энергетикалық сусындар ең алдымен қан қысымы жоғары, ұйқысы бұзылған және қант диабетімен ауыратындар үшін қауіпті, үнемі тұтынған кезде жүрек соғысы бұзылуы мүмкін. Олар кез келген стимулятор сияқты жүйке жүйесіне әсер етіп, тәуелділік тудырады деп ескертеді дәрігерлер.

Сонымен қатар медиктер тарапынан жастары 18-ге жетпеген және 40-тан асқан адамдарға мұндай сусындарды тұтынуға тыйым салынғанын да қаперде ұстаған жөн.

 Әсем Ескермесова,

студент

Осы айдарда

Back to top button