Қоғам

Көрмені аралауға бір күн аздық етеді

Көрмені аралауға бір күн аздық етеді


Жақында көптен асыға күткен ЭКСПО көрмесіне барып, үлкен әсер алып қайттық. ЭКСПО қалашығының табалдырығынан аттағаннан бастап, ғажап әлемге тап болғандай күй кештік. Мұнда 115 мемлекеттің көрме павильоны қойылған екен. Қақ ортасында шар тәріздес ғажап дизайнды еліміздің ұлттық павильоны жарқырап тұр.

Қалашықта әлемнің түкпір-түкпірінен келген ең жаңа, заманауи технологиялар көрмеге қойылып қана қоймай, олардың жұмыс істеу принциптері де көрсетіліп жатты. Сол арқылы біз әлемдегі озық технологиялар мен техниканың қай бағытта, қалай дамып бара жатқанына куә болдық. Көрмені көруге бір күн аздық етеді екен. Таңнан бастап, кешке дейін 44 елдің павильонын көруге мүмкіндік туды. Кейбір елдің, атап айтсақ, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Германияның павильондарын көру үшін ұзын-сонар кезекке тұруға тура келді. Көрмені көруге еліміздің әр облысынан ғана емес, жер жүзінен туристер көптеп келуде. Әр елдің көрмесі виртуалды әлем сияқты, бәрін қолыңмен ұстап, көзбен көруге, естелікке фотосуретке түсуге мүмкіндіктер жасалған. Үзіліс жасап, тамақтанып алуға да жағдай бар. Арнайы қонақтарға арналған ресторандар да қызмет көрсетуде.

Шараны ұйымдастыру барысында көптеген жаңа басқару, үйлестіру әдістерін үйреніп қана қоймай, осы уақытта Қазақстан қызмет көрсету саласын сыннан өткізіп, тәжірибе жинақтап алуға мүмкіндік туғызатыны анық.

Еліміздің алып шар тәрізді павильонын тамашалап, кеудеміз зор мақтанышқа толды. Әр қабат өз тақырыбына сай жабдықталған: 8-қабат болашақ Астана, 7-қабат ғарыш энергиясы, 6-қабат күн энергиясы, 5-қабат жел энергиясы, 4-қабат биомасса энергиясы, 3-қабат кинетикалық энергия, 2-қабат су энергиясы тақырыптарына арналған. Көрме барысында кинетикалық шоуға тап болдық. Анимациялық көрсетілімдерді тамашаладық.

ЭКСПО көрмесін №1 Марқакөл орта мектебінің 93 оқушысы арнайы жолдама арқылы тамыз айында тамашаламақ. Сонымен қатар, мұғалімге тегін көрме билеттерін ұсынған жергілікті кәсіпкер Қ.Батуға ұжым атынан зор алғысымызды білдіреміз.

Л.Кемешева,
№1 Марқакөл орта мектебі директорының міндетін атқарушы, Күршім аудандық мәслихатының депутаты.

Осы айдарда

Back to top button