Руханият

Күнде көріп жүрсек те, сағынатынбыз

  Күнде көріп жүрсек те, сағынатынбыз

Биылғы 9 қыркүйекте КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, әйгілі ұстаз, жерлесіміз Қанипа Бітібаеваның дүниеден өткеніне бір жыл толады. Осы ретте төмендегі материалды назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмыз.
Редакция.
Қанипа Омарғалиқызы Бітібаевамен жүзбе-жүз таныстығым 1995 жылы Алматыда, ұлы Абайдың туғанына 150 жыл толуына орай өткізілген ғылыми-тіжірибелік конференциядан басталды. Сол кездегі Білім министрі Шәмша Беркімбаеваның басшылығымен ұйымдастырылған, шәкірттерге Абай шығармашылығын оқытудың қыр-сырын көрсетіп, шеберліктерін ортаға салатын ғалымдар мен оқытушылардың бұл келелі кеңесі республика ұстаздарына кең тыныс ашып еді. Үнемі жарасымды киініп, маңайына шуақ шашып жүретін ұстаздардың Ұстазы Қанипа апайдың сөзі маған қара бұлтты қақ жарып шыққан найзағайдай әсер етті. Абайды оқытуды кеңестік, таптық саясаттан арашалау керектігін және оқушыны данышпан ақынның адами құндылықтар, дүниежаратылыс жөніндегі теңдессіз ойларының сырын ашуға жетелейтін күн туғанын сол жиында батыл айтқан еді. Республика мұғалімдері Қанипа апайдың сөзіне тәнті боп, үлкен ризашылықтарын білдірді. Жалпы, ол кісінің әрбір әңгімесі өнегеге толы болатын. Сол жолы мен де Абайды оқыту тәжірибем жөнінде баяндама жасап, «Білім саласының үздігі» төсбелгісін тағып қайттым. Жақсылардың шарапаты болса керек.

Ойдан кетпес он күн

1999 жылы мұғалімдердің білім жетілдіру курсына барғанымда Қанипа апайдан он күн бойы дәріс алу бақытына ие болдым. Мен ҚазМУ сияқты үздік университетте оқып, Рымғали Нұрғалиев, Зейнолла Қабдолов, Алма Қыраубаева, Қадыр Мырзалиев секілді тарландардың алдын көрген шәкіртпін. Небір тілші-академиктер сабақ берген-ді бізге. Ал Қанипа апайымның терең білім мен туабітті шешендігімен өрілген саф алтындай сұлу сөздерін естіп, аузым ашылып қалғанын несіне жасырайын. Ұстазымның сондағы “Абай жолын» оқыту шеберліктерін толғаған парасатты үні құлағымнан әлі күнге кетер емес. «Қорғансыздың күніндегі» Күшікбай асуына байланысты ой түйіні, жас қызды боздатып кеткен Ақан «мырзаларды» жиырмасында опат болған Күшікбай батырмен шендестіруі – кәдімгідей ғылыми бастаулар болатын. Он күнге созылған сабақтарды, сыр толғауларды, оқу бөлмесіндегі көрсең көз сүйінер көрнекі құрал-жабдықтарды бағамдай келе, ұлы ұстазға алғаш жыр арнағаным бар.
Арнаға сыймай көп ойлар
Сөз болып аққан дария.
Профессор – мұғалім,
Кабинеті – академия,-
деген едім шаттанып.
Содан кейін де талай жылдың жүзі өтті. Қанипа Омарғалиқызының қажырлы еңбегімен толассыз өтіп жататын оқу-әдістемелік семинарларға үзбей қатысуға тырыстым. Оның республика мұғалімдері қолдан-қолға түсірмей талап әкетіп жататын кітаптарының барлығы да менің бала оқытудағы, ғылыми жоба дайындаудағы бірінші көмекшім болды. Мен ешқандай кітапханаға барып әуре боп жатпадым. Іздегенімнің бәрі апайымның әдістемеліктерінен табылатын. Оның жазғандары қашанда көңілге қонымды еді және ең бастысы, оқушы басты тұлға ретінде қарастырылатын. Қазіргі күнде мектеп тәжірибесіне енгізіліп жатқан Деңгейлік курс бағдарламасының әдістемелерінің біразы Қанипа Бітібаеваның еңбектерінде бұрыннан-ақ бар екендігі қөзіқарақты кісіге көрініп тұр. Оның ойланту, ой салу технологиясы қазіргі Сыни ойлау модулімен өзектес. Бұдан өзге оқу үшін бағалау, көшбасшылықты қалыптастыру, оқытудың жаңашыл әдістері – Қанипа Омарғалиқызының тәжірибесінде кеңінен қолданылғанын ұстаздар жақсы біледі.
2007-2010 жылдар арасында мен Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-гимназиясында Қанипа апаймен бірге қызмет істедім. «Біздің мектепке интеллект келді», – деді ол мені алғаш көргенде. Сосын бірден: «Дарынды ақын, жақсы ұстазсың. Қай жағына көбірек бұрыласың енді? Меніңше, ақындығың ілгері болатын шығар» – деді. Мен сонда апайдың маңайындағы адамдарға «бұл болмаса, күл болсын» деп бей-жай қарап отырмайтын сезімталдығына қайран қалдым. Келген жылы мектепте менімен кездесу кешін өткізді. «Оралханға шығарған өлеңіңді оқышы» – деді ол кенет, кейде ешкімді тыңдамай кететін адуын толқын мінезіне басып. «Бұл – Оралханды жоқтау ғой! Бақытжан, мені де тірі кезімде жоқтап бірдеңе жазсаңшы, мен о дүниелік болған соң жазғаныңды оқи алмаймын ғой» – деді әзілдеп. Абыз-ананың осы сөздерін кейін сағына еске аларымды біліппін бе? Кейін «Аңызға айналған адам» атты өмірнамалық кітаптың негізінде «Ізгілікке тағзым» деген поэмам жазылды. Поэма оған ұнады. Бұл шығарма Ұстаздың өмір белестерінен сыр шертетін еді. Өмір демекші, Қанипа апайдың жалғыз бауыры ауыр науқастан қайтыс болған кезде оның қалай күйзелгенін бәріміз білеміз. Марқұмның қырқын беріп жатқанда, бір топ мұғалім апайға көңіл айта бардық. Апай зал толы халықтың алдында жоқтау айтты. Көпшілікпен мұңдасып, сырласқандай. Үстінде – кең -мол пішілген күн түстес көйлек, басында сары орамал. Бейне бір «Бауырымды сағындым, сағыныштан сарғайдым!» – деп отырғандай. Қанипа апайдың зарында сабыр, сөзінде кемелдік бар еді. Маған осының бәрі ғажап әсер етті. Мен апайдың жоқтауына тоқтау жаздым.
Сары гүлдің жамылып күлтелерін,
Ағыттың-ау, жан апа, сыр тереңін.
Терезеңнің түбінен құлап түсті,
Жабуы жалғыз жап-жасыл бір терегің, – деп басталатын шумақтарды ол қайталап оқып, қөзіне жас алатын еді.

Оқулық жазудың ерен үлгісін көрсетті

Қанипа Бітібаеваны «қазақ педагогикасының жарық жұлдызы» дегенде, оның Ыбырай Алтынсариннен кейінгі Ұлт ұстазы екендігіне ден қоямыз. Өскеменде тұңғыш ашылған қазақ мектебінің беделін асқақтатты, өзі де жаңашыл ұстаз ретінде шетелдерге танылды. Оқулық жазудың ерен үлгісін көрсетті. Қырыққа таяу оқу-әдістемелік құрал жазды. Қазақ тілінің өткір, сұлу, оралымды тіл екендігін паш етті. Түн баласы көз майын тауысып, ана тіліне қалтқысыз қызмет жасады. Жас буын санасына адамгершілік, ізгілік дәнін екті. Өзі ылғи «Педагогикалық поэма жазамын» – деп жүруші еді. Ғұмыры жетпеді. Соңғы кітабы «Егіз өрімде» ұстаз бен шәкірт арасындағы былайғы жұрт түсіне бермес махаббатқа арнап диалог-толғау жазып кетті. Мұның өзінен де қайталанбас ізгілік іздерін көреміз.
Расында, Қанипа апай тым мазасыз көрінгенмен, адам баласын қажытып, шаршатпайтын. Әдеттегі семинар, жиналыстардан мезі боп, ат-тонымызды ала қашатын біздер ол кісі сөйлегенде сүттей ұйитынбыз. Әр сөзін кірпік қақпай тыңдап, шөлде қап, кенезесі кепкен жолаушының тұнық суды сіміргеніндей күй кешетінбіз. Даусы жағымды, көркем сөз оқуға жаралғандай қоңыраулы болатын. «Мен келемін, өнер әкелемін!..» деп тұратындай еді. Оны, тіпті, күнде көріп жүрсек те сағынатынбыз. Былтыр, қыркүйекте, ол бізді облыстық конференцияға, өзінің шеберлік сағатына шақырды. Ана тілін ардақтата білуді бойымызға сіңірген аяулы ұстазымызды біз сонда соңғы рет көргенімізді білмеппіз. «Қанипа апай кетіп, оның бастамаларының бәрі су аяғы құрдымға кетіп жатыр, сағат жетпегендіктен, апайдың авторлық сыныптары жабылады екен» дегенді естіп жатырмыз. Аты әлемге танылған Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева сияқты дарабоз ұстаздың ісін жалғастыратын ана тілінің жанашыры табылар деген сенімдеміз.
Қайран, Қанипа апай, Сіз біздің арамызда мәңгі жүретіндей қамсыз боппыз. Орның бүгін ойсырап тұр.

Бақытжан Райысова,
ақын, ұстаз.

Осы айдарда

Back to top button