Мәдениет

Кереку жұрты ақынын ардақтады

«Бұл ән өзге әндерден өзгерек» деп Шәкерім бабамыз жырлағандай, өткен сенбіде қасиетті Кереку топырағында есте қалар ерекше бір кеш өтті. Республикалық, аймақтық ақындар айтыстарының жеңімпаз-жүлдегері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Дидар» газетінің қызметкері ақын Серік Құсанбаевтың «Кең бесігім, сенде сырым – Сарыарқа» атты шығармашылық кеші, «Жырлаумен өткен 20 жыл» кітабының тұсаукесері өткізілді.

Кереку жұрты ақынын ардақтадыОблыстық «Дидар» газетінің тілшісі болып қызмет істеп жүрген танымал айтыс ақынының шығармашылық кеші неге Павлодарда өтті? Өйткені, Серіктің айтыс айдынына алғаш қадам басқан кезеңі, сонау 1989 жылы Алматыда өткен Наурыз, Ташкентте өткен республикалық айтыстардан басталып, үлкен құрметпен «Керекудің солақайы» атандырған ширек ғасырға жуық өнер жолындағы жұлдызды сәттері Павлодар жерінде өтті. Небір жыр додаларында елдің елдігін, бірлігі мен берекесін, мың өліп, мың тірілген халқымыздың қасіреті мен қасиетін, зар заманның зорлығы мен зомбылығын, бабаларымыздың батырлығы мен қайсар рухын халқына жеткізе отырып Серік керекуліктердің мақтан етер айтыскер ақынына айналған. Ақынның алаулатқан, жалаулатқан жиырма бесі, орда бұзған отызы, қамал алған қырық жасы да қасиетті Кереку жерінде өтті. Сондықтан да Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын ақынын асқақ Алтайдың төрінен арнайы шақырып, оны Керекудің жырсүйер жұртшылығымен қауыштыруды ұйғарған екен.

Серік Құсанбаевтың Кереку халқының ақ батасын алып, кіндік қаны тамған өр Алтайына қоныс аударғанына сегіз жыл болғанымен, ақынды сағынып жүрген керекулік көрермен қала орталығындағы «Шаңырақ» мәдениет сарайына лық толды. Сахнаға жарқ етіп шыққан семсер тілді арқалы ақынын халық тік тұрып, ұзақ қол шапалақтаумен қарсы алды.

Жыр кешінің шымылдығын ашқан Павлодар қаласының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов ақтаңгер ақынды құттықтап, иығына шапан жауып, астына ат мінгізді. Амангелді Қожанов, Әсел Ботаева сынды жергілікті өнерпаздардың әсем әндерімен астаса айтылған облыстық мұсылман әйелдері лигасының төрайымы Зәрә Қабдешқызының, ардагер Оралбек Қожанұлының, Секербек Жабықбаев сынды өнер жанашырының жүрекжарды ыстық ықыласқа, сағынышқа толы лебіздері зал толы көрерменнің ортақ тілегіндей өте әсерлі шықты.

Осы жыр кешіне арнайы келген Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерманов, «Егемен Қазақстан» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, жазушы Оңдасын Елубай, «Шығыс-Ақпарат» медиахолдингі директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты Айтмұхамбет Қасымов, ақын, Семейдегі «Ертіс өңірі» апталығының бас редакторы Қайрат Сабырбай, айтыстарға демеуші болып жүрген меценат Талғат Уайханов шығармашылық кештің иесін құттықтап, сый-сияпаттарын жасады.

Кеш барысында ақын өзі де өлеңдерін оқып, көрерменін ән мен жырға кенелтіп, сауалдарына жауап беріп отырды. Шығармашылық кешке ақынның айтыс додасындағы әріптес, дос, інілері Дәулеткерей Кәпұлы, Абаш Кәкенов, Балғымбек Имашев та арнайы келген еді. Кеш иесінің өзі де шабыттана қосылып кеткен осы өнер иелерінің айтысына көрермендердің ықыласы ерекше болды, қолдап, қолпаштап, дүркірете қол соғып отырды.

А.Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button