Мәдениет

«Кербұғыны» кестелеген көркемсөз

Алтайдың «Кербұғысы» атанған Оралхан Бөкей сынды алып тұлғаның артында қалған ұшан-теңіз құндылықтарына – бүгінгі ұрпақ мұрагер. Сөзіміздің дәлелі – қаламгердің туған топырағында дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Оралхан оқулары».

«Кербұғыны» кестелеген көркемсөзБиыл үрдіске айналған бұл шараның облыстық байқауы қыркүйек айында өтеді деп жоспарланып отыр. Ал әр өңір оған қатысатын жүйріктерін іріктеу үстінде. Соның бірі – Өскемен қаласы.

Жақында қаладағы орталықтандырылған кітапханада Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің 15-ші қалалық байқауы өтіп, онда жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушыларынан құралған 17 үміткер бақ сынады. Аңызға айналған тұлға атындағы сайысты қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған екен.

Байқау шартына сай, әр қатысушыға көсемсөз падишасының шығармашылығымен қоса, белгілі ақын-жазушылардың туындыларын да мәнерлеп оқуға рұқсат етілген. Сөйтіп, Оралхан шығармаларынан үзінділер оқылса, сайыстың драма, поэзия сынды кезеңдерінде басқа да танымал тұлғалардың өлең-жырлары орындалды.

Хош. Сонымен делебесі қозған 17 үміткер қал-қадірінше үш түрлі жанрда өз шабысын көрсетті. Бір-бірінен қара үзе алмай, мәреге топтасып жеткен аламанның ақтық сөзін белгілі ақын Серік Ғабдуллин мен жазушы Тоқтарбек Мағзұмов бастаған қазылар айтқан.

Қатысқандардың бәріне алғыс хаттар табысталды. Осы орайда айтуға тұрарлық тағы бір жайт – бұл байқауға өзге ұлт өкілінің де қатысуы. Осындай бір өкіл, ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер колледжінің студенті Полина Бойко «Мемлекеттік тілді жетік меңгерген», Д.Серікбаев атындағы ІТ колледжінің студенті Еркеназ Мағауова «Көрермен сөз көзайымы», дарынды балаларға арналған Жамбыл гимназия-интернатының 10-сынып оқушысы Шырын Туғанбаева «Актерлік шеберлік» аталымдарымен марапатталса, жүлделі үшінші орынды Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің студенті Шыңғыс Смағұлов, екінші орынды Ахмет Байтұрсынов атындағы №20 орта мектептің оқушысы Тілек Нұрмыханов, бірінші орынды Меновное орта мектебінің оқушысы Айым Түйебаева иеленді. Ал қоңыр күзде өтетін облыстық сайысқа осы шарада бас жүлдеге қол жеткізген дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Рауан Советов жолдама алды.

Ең бастысы, осынау байқаудың көрермендері кербез жазушының керім шығармаларын қайталай еске алып, ғибратты ғұмырын жадыларына тоқып қайтқаны айқын еді.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button