Мәдениет

Келденбай жоқ, енді Шәкерім әндерін кім шырқайды?

Бүгін – «қазақтың әр әні – менің жалғыз әнім» деп саналы ғұмырын ұлт мәдениетін өркендетуге арнаған дәстүрлі әнші, Шәкерім әндерін жаңғыртушы, орындаушы, мәдениет қайраткері, жерлесіміз Келденбай Өлмесековтің туған күні. Иә, қазақ халқы барда соңына мол мұра қалдырған өнерпаздың аты мәңгі өшпесі хақ. Осы ретте өнер иесінің шығармашылығы һәм өмірі турасында төмендегі естелікті назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Келденбай жоқ, енді Шәкерім әндерін кім шырқайды?Ол енді жоқ, олар да жоқ. Өнер өлкесіне дараланып келіп, өксіп кеткен алыптардың тобы әлдеқашан ғайып болған. Өкінсең де солардың саясында жүргеніңе шүкіршілік етеді екенсің. Ертеңге алаңсыз қарап, біріне еркелеп, біріне базына айтып, біріне жан сырыңды шертіп жүретін ағаларды сағынасың. Олардың қатары жылдам сиреп кетті. Бүгінгі әңгіме кейіпкері Келденбай да сол алып ағалардың бірі болатын.

Жүсекеңнің шәкірті еді

Ол өнер өлкесіне еш алаңсыз емін-еркін еніп, өзектес ұстаздары Мәдениет пен Жәнібектің қатарына тез-ақ қосылған еді. Оны көкке көтере қарсы алған, құшақ жайған, ел-жұртқа таныстырып, табыстырған да – сол ағалары. Жүсіпбек Елебековтің алдынан дәріс алған соңғы шәкірт болғандықтан ба олар Келденбайды «кенже» деп еркелетті.

Тұрсынғазы, Амангелді, Келденбай үшеуі бір өнер ұжымына едел-жедел қатар келді. Жұптары да жазылмайтын.

1977 жылғы шіліңгір шілденің ортасы болатын. Алматыдан арнайы оқу бітіріп келген қараторы, әдемі қою қара мұрты бар, сұңғақ бойлы әнші жігітті сол кезде дүрілдеп тұрған Мәдениет Ешекеевтің бригадасына қабылдамақ болды. Көрген жерден ұнатпадым. Өйткені, өзгелердей емес, өзімдігі басым, паң, кербездеу екен. Ертеңінде «худсовет» жаңа келген әншіні тыңдауға кірісті.

Көзіндегі шуақ әр әнді айтқан сайын нұрлана түсті. Кейде баяу, кейде жоғары құйқылжыған әндер төбе құйқаңды шымырлатады. «Қарғам-ау», «Қанатталды», «Жоныпалды»… Қай-қайсысы болмасын шегіне жетіп сорғалап тұр. Дауыс диапазонының кеңдігі соншалықты, құлақ тұнады.

– Мәке, бала жаман емес, – деді қашан да жақсы мен жайсаңды қасына жиятын Төкен ағам.

Сол жылы алты ай бойы гастрольдік сапарда болдық. Сарыарқаның сайын даласында араламаған ауыл, қала қалмады. Сапардың ұзақтығын айтып жеткізу тіптен мүмкін емес. Осындайда Келденбайдың тапқырлығы, білімділігі, көңілділігі жолды қысқартуға сеп болатын. Бір отырыста Мәдениет Ешекеев орындаған «Аққұм» әнін Келденбай Ахмет Байтұрсыновтың әні деп айтып салды. Қылышынан қан тамған ол заманда Ахметтің әні түгілі, атын атау қайда? Ертесінде Мәдениетті райкомға шақырып, ескерту жасапты. Осыдан кейін аға мен іні арасындағы кикілжің сапар соңына дейін созылды. Ұлытаудан Семейге келе жатқан жол үстінде маңғаз Мәкең:

«Келденбай, әнеу күнгі Ахметтің әнінің тарихын енді айтшы» деп қолқа салды. Сөйлеп кетсе, қызыл тілдің тиегін ағытатын Келдекең Ахметтің «Аққұм», «Қызыл бидай» әндерінің қашан жазылғанын, әр әннің шығу тарихын, қай мұрағаттан оқығанын сары майдан қылшық суырғандай әңгімелей жөнелді.

– Е…е….е , Жүсекең де Ахаңды арагідік айтып отырушы еді, – деді Мәкең. Тегінде өнер адамында өкпе болмайды, бауыр мен жүрек қана ғой. Жол үстінде аға мен іні ұзақ сырласты…

Қара Ертістің бойынан ұзап қайда барасың?!

Келденбай Өлмесеков өнер өлкесіне ересектеу шағында келген, айтысына қарағанда, жастайынан қиыншылықты көп көрген. Туған ауылы Күршімнің «Қалғұтты» мектебін бітірісімен оқуға түсуге жағдай болмаған соң өз қалауымен әскер қатарына кетеді. Әскерден оралған соң Павлодар қаласындағы екпінді құрылыста қара табан жұмысшы болып еңбек етеді. Осылайша тағдыр оны Алматыдан арнайы келген комиссия мүшесі Жүсіпбек Елебековтің алдына әкеледі.

1979 жылы Мәдениет министрлігінің арнайы ұйғарымымен дәстүрлі әншілерді республиканың солтүстік облыстарына шақырды. Оларға жағдай жасауға да уәде берді. Келденбай да Қызылжарға кетпек болып, аяқ асты жолға дайындалды. Көңілі жомарт, қалтасы таяз өнер адамында қаражат қашан да қат болады ғой. Жолдың қамымен жүгіріп жүріп, досы Аманкелдіге жолығады. Көп сөзге жоқ, тұйық Әбең: «Қара Ертістің бойынан ұзап қайда барасың, бағың да бақытың да осы жерден табылар» деп кесіп айтыпты. Иә, Келденбай бағын да бабын да осыдан тапты.

Келденбай көп ізденетін

1980 жыл Келденбайдың жұлдызды жылы болды. Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі әншілердің I республикалық байқауының үш жүлдесі де семейлік әншілер Бақыт, Тұрсынғазы, Келденбайға бұйырды. Осы жылдары ол сан қырлы талантымен таныла бастады. Тегінде, Арқаның әншілік мектебінің қайсыбір талантын алсаңыз да бесаспап болып келеді. Қобыз, сырнай, сыбызғыда еркін ойнайды. Келденбай да сырнаймен Шәмші мен Әбілахат әндерін әсіре орындайтын. Бүгінгі күні өзекті қызыл шоқтай өртеп жүрген өкініш, сол әндерді үнтаспаға жазып алмағанымыз.

Келденбай қашан да көп ізденісте болатын. Қолы қалт етсе, күні-түні мұражайдан шықпайтын. Қара ормандай қалқаны «қара шал» еді. Төкен Ибрагимовты Семейдегі әдебиет пен өнерсүйер қауым осылай атайтын. Келденбай сол «қара шалдың» бауырына кірді. Ағалық, әкелік мейірімін көрді. Абай айналасын шолды. Абайдың ақындық мектебін зерттеушілермен етене жақын араласты. Келденбай дәстүрлі әншілердің ішіндегі ең жаңалыққа жаны құмар жан еді. Ол уақытта абыз ағалардың көбісінің көзі тірі болатын. Келденбай Қайым Мұхаметханов, Шәкер Әбенов, Ахат Шәкерімұлы, Кәмен Оразалин, Бекен Исабаевтың алдын көрді, ақылын тыңдады.

Осылайша дәстүрлі әншілердің ішінде алғашқы болып, Шәкерімнің ән мұрасын зерттеуге кірісті. Шынын айтсақ, тәуелсіздікке қол жеткізген аз ғана жылдың ішінде жол-жөнекей жоғалтып, тоналтып үлгерген рухани мұрамыз аз емес сияқты. Шәкерім қажының ән мұрасын бізге жеткізуші алдымен қажының ұрпағы Ахат Шәкерімұлы және жанында жүріп үйренген Қабыш Керімқұлов, Ниязбек Алдажаровтар. Келденбай бір естелігінде қажы атамыздың әндерін Ниязбек Алдажаровтың айтуымен үнтаспадан қалай үйренгені туралы әңгімелейді. Шау тартып қалған Ниязбек ағаның дауысы да кеткен екен, қойшы, әйтеуір, көште қалған қоламтаны үрлегендей бес-алты әнді әзер шығарғанын айтады.

«Ашығын айтсам, қажы атамның әндері маған сондай әсер қалдырмады. Әлде, менің өрем жетпеді ме, болмаса, Ниязбек ағаның түсіндіргені солай ма, бір отырыста мен қажының «Ең қызық жастық» әнін орындағам, кеш соңына қарай Ахат Шәкерімұлы келіп: «Балам, мына әнді қайдан білесің» деп сұрады, Абай атамның әні шығар дегем, Ахат аға жымиып күліп, қажы атаңның әндерін үйретейін үйге кел деді. Ахат ағамнан қажының 14-тен астам әндерін үйрендім, бірте-бірте ақынның ішкі әлеміне ене бастадым» дейді.

Кейіннен Келденбай әр әннің тарихын қағазға түсіріп, лекция-концерт жасады. Мектеп оқушылары мен студенттерге, қарапайым көрерменге қажы атамыздың әндерін 20 жылдан астам уақыт үздіксіз насихаттап келді. Жыл он екі айдың алты айында Алтайдан Атырауға дейінгі ен жайлаған қазақ даласында оның әнін тыңдамаған қазақ бар ма екен. Ол күй талғамады. Бірде сапарлап жүріп Павлодар қаласына барып, әлде неше күн аялдауыма тура келді. Қонақүйде Келдекеңді кездестіріп қалдым, арнайы шақырумен келіпті, ірі кәсіпорындарға концерт беріп жүрген көрінеді.

– Қыдыш (мені солай атайтын), жағдайың болса, ертең трактор зауытында өтетін концертке кел, түскі үзілісте жұмысшылармен кездесу өткізем, орысша болады, – дейді.

Мені таңғалдырғаны дәстүрлі әншілердің бұрын-соңды орысша концерт беріп, ән айтқанын естімеппін. Оның үстіне Шәкерім әндерін қалай айтпақ деймін. Уағдаласқан мезгілден ертерек келіп, залға кірдім. Өзге ұлттың ортасында тарыдай шашыраған бес-алты ғана қазақ бар.

Құдай-ау, лекциясын айтсаңшы, орыс тілінде ғылыми дәйектермен ақын өмірі мен шығармашылығынан оқыған лекция өзімді емес, өзге жұртты да таңғалдырды. Кейде бойды шымырлатып, кейде тітіркентіп, алабұртқан ән қандай…

Әрқашан ізденісте жүретін әнші расында күй талғамайтын. Шынайы өнер адамы атақ пен даңққа қызықпайды. Оған жарытып атақ бергеніміз де шамалы болатын. Келденбай домбырасын қанжығасына байлап, ен далада еркін жүрген Ақан, Біржан, Жаяу Мұса сияқты серілердің сарқыты еді ғой. Талай жерден жаяу қайтып жүргенін көрдік. Қашан көрсең, арзан қолды қонақүй, көлігі де солай болатын. Сөйтіп жүріп, қажы атамның әндерін Моңғол, Қытай, Ресей асырып, тарыдай шашыраған қандастарына таратты. Машинаның бортына мініп, қара желдің өтінде, Сарыарқаның сарышұнақ аязына, шілденің шіліңгір ыстығына төзіп, сапарлаған күндері болды.

Өстіп жүргенде ардақты әншінің көңіліне қаяу, жүрегіне сызат түсіріп алдық. Соңғы жылдары жүрегім сыр беріп жүр деп жиі айтатын. Оның үстіне Шәкерім әндерін орындап жүрген жас таланттарға көңілі көншімей, оларға тәлімгер болсам деген арманы бар еді. Қажы атамның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында сапарда ұзақ жүрді. Қазақ радиосына біраз ән жаздырыпты. Көңілі көтеріңкі екен, бұйырса сапарын Абай елінде аяқтап, Саятқораға, Бақанастың басына бармақ екен. Бабасының тойында байғазы бермесе де, жергілікті биліктегілер қоғамдық көлік жағынан көмектесер деп үміттенген еді. Амал қанша, қара домбырасын арқалап тағы да жаяу қайтты. Өнер адамдарын өкпелету оңай, өксігін басу қиын.

Тағы да шілде…

Тағдырдың кездейсоқтығын қараңыз, отыз төрт жыл бұрын дәл осы күні кездескенбіз. Жанартаудай жалындаған жанарынан нұр тайғандай көрінді біртүрлі. Жаңа ғана концерттен екі ән айтып шығыпты. Көптен көріспегендіктен бе ұзақ әңгімелестік. «Туған жерім Күршімге барып, балағымды түріп, армансыз балық ауладым» деп күліп қойды. Тағы да «Ертең Алматыға барам, сенің телевидениең шақырып мазамды алды. «Балқадиша» мен Шәкерімнің бір әнінің тарихын жаздырмақпын» деді. «Алматыдан адаспай, аман қайт» дедім мен. Жанарында жас толып тұр екен…

«Балқадиша» жазылыпты, Шәкерімнің әнін жазу үстінде жедел жәрдем шақырылған екен.

Алтайдай тербетілген сұлу жердің қойнауында дүниеге келіп, Алматының алтын шұғылалы таңы алдында ғайып болыпты… Біздің өмір әнмен нұрлы, әнмен сұлу ғой! Десе де сен бар қиындықтан, пендешіліктен, қасіреттен құтылдың, Келденбай! Ән салатын адамның жүрегі қашан да таза ғой. Сен таза кеттің. Бірақ атамның әні жетім қалды…

Қадырбек Кәкімұлы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Осы айдарда

Back to top button