Оқиғалар

Күдіктінің үйінен қару-жарақ та табылды

Аягөз аудандық ішкі істер бөлімі жедел уәкілдерінің шұғыл әрекет етуінің нәтижесінде хабарлама келіп түскеннен кейін 2 сағат ішінде Айқыз ауылының 38 жастағы тұрғынының өлімі ашылды.

Күдіктінің үйінен қару-жарақ та табылдыОның денесін жаншылып-кесілген жарақатпен көрші әйел үйінің қақпасының жанынан тапқан. Ол әдеттегідей таңертең ерте тұрған. Бір жамандықтың болғанын іші сезген әйел қақпа сыртына үңіліп еді, жерде жатқан адамды көрді. Әйел келесі көшеде анасымен бірге тұратын Қуанышты бірден таныды. Жігіттің беті-қолы, киімі қанға бөккен. Әйел бірден полицияға хабарлайды.

Келіп жеткен полиция қызметкерлеріне әйел Ернұр деген жұмыссыз көршісіне марқұм болған жігіттің жиі келіп жүретіндігін айтады. Полиция қызметкерлері Ернұрдың үйіне келгенде күдіктері растала түсті. Есік жақтауында, табалдырықта қанға ұқсас қоңыр қызыл дақтар анық көрініп тұрды. Ас үй үстелінің үстінде түндегі отырыстың ізі – үш қырлы стақан. Оған қоса «Сәлем», «Снежная королева» арақтарының бос бөтелкелері және асхана пышағы жайрап жатыр. Кейіннен анықталғандай, дәл осы пышақ жас жігіттің өліміне себепші болған екен.

Үйді қарау барысында бөлмелердің біріндегі сандықтан полиция қызметкерлері атуға жарамсыз 16 калибрлі ИЖ-18 Е маркалы шолақ мылтықты, зауытта дайындалған бөлшектерден қолдан жасау арқылы жиналған шолақ мылтық, атуға жарамды «Мосин» винтовкасын, атуға жарамды патрондар және 9 гильза тапты.

Әдеттегідей бірігіп ішкен ащы судың соңы – жанжал, жанжалдың соңы – кісі өлімі. Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде.

Облыстық ішкі істер
департаментінің баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button