ОқиғаларТОП

Жол апатынан екі дәрігер қаза тапты

Жүк көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмаған

«Семей – Үржар» бағытында жедел жәрдем көлігі мен жүк көлігі соқтығысып, аудан ауруханасының екі дәрігері қаза болды. Оқиғаның мән-жайы ресми хабарланды.

Үржар аудандық №1 аурухананың бас дәрігері Баубек Әбілқасымовтың айтуынша, жедел жәрдем көлігі отадан шыққан науқасты Үржардан Семейге жеткізіп, қайтып келе жатқан.

– Біз науқас әйелге стационарлық көмек көрсеттік. Отадан соң санитарлық авиациямен кеңескеннен кейін оны Семей қаласындағы ауруханаға көлікпен жеткізу жайлы шешім қабылданды. 2 ақпанда хирург, медбике және жүргізушіден құралған жедел жәрдем тобы жолға шықты. Үржар мен Семейдің арақашықтығы 500 шақырымнан асады. Бұл алты-жеті сағатқа созылатын жол. Науқас әйел сол күні Семей қаласының ауруханасына аман-есен жеткізілді. Бірақ қызметкерлер қайтқан күні, 3 ақпанда ауа райы күрт бұзылды. Көктайғақ болып, қарлы боран соқты. Міне соның салдарынан жедел жәрдем көлігі жол апатына тап болды», – деді Әбілқасымов.

Ол көз жұмған медицина қызметкерлерінің отбасыларына жан-жақты көмек көрсетілетінін айтты.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаза тапқан дәрігерлер: хирургия бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Төлеуғазыұлы Ғабдуллин мен анестезиолог Болат Қапсаметұлы Әзілханов.

Полиция департаментінің ақпаратына сүйенсек, жүк көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмаған.

«SCHMITZ» тіркемесі бар «ДАФ» жүк көлігінің 29 жастағы жүргізушісі «Өскемен-Семей» тасжолының 140/58 шақырымында ауа райының қолайсыздығынан (бұрқасын, көктайғақ) рөлге ие бола алмай қалып, қарсы бетте келе жатқан «ГАЗ-A31R23» маркалы жедел жәрдем көлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан жедел медициналық көмектің 49 және 42 жастағы екі қызметкері оқиға орнында мерт болды. Ал дене жарақаттарын алған 44 жастағы жүргізуші Семей қаласының ауруханасына жеткізілді», – деп мәлімдеді Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Аталған факті бойынша Қылмыс кодексінің 345-бап 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, сот-медициналық сараптама істеліп жатыр.

Осы айдарда

Back to top button