Оқиғалар

Іздестіру жұмыстары нәтиже берді

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары Казнаков өткелі тұсында суға кеткен әйел адамның денесін тапты.

Естеріңізге салайық, оқиға 6 жетоқсан күні сағат 19.00 шамасында Бұқтырма су қоймасында болған. «Мерседес-Бенц» маркалы автокөліктің жүргізушісі паромды күтпей, мұздың үстімен жүрмек болған. Алайда жағадан шамамен 800 метрдей жерге ұзағанда мұз жарылып, көлік суға кеткен. Төрт жолаушы өз бетінше сыртқа шығып үлгергенімен, көлікте 72 жастағы әйел адам қалып қойған.

«Дереу оқиға орнына Күршім ауданының сүңгуірлері жетіп, іздестіру жұмыстарын бастап кеткен. Артынша оларға көмекке Өскемен қаласынан қосымша топ жіберілген. Сүңгуірлердің жұмысын бұл күндері ауа температурасының күрт төмендеуі және су астындағы қою қараңғылық қиындатты. Су астына түскен мамандар іздестіру жұмыстарын акваторияның түбін қолмен сипап жүргізуге мәжбүр болды. Бұл жердің тереңдігі шамамен – 20 метр. Жалпы, іздестіру жұмыстарына барлығы 23 адам мен жеті техника жұмылдырылған», – деп хабарлайды облыстық ТЖД-ның баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, көлік су түбіне кеткен жердегі мұздың қалыңдығы шамамен 15 сантиметрдей болған. Аталмыш учаскеде көлікпен жүруге тыйым салынғанын ескертетін белгілер де орнатылыпты. Паром да белгіленген кестеге сәйкес жұмыс істеп тұрған.

Осыған байланысты, облыстық ТЖД мамандары тұрғындарға мұздың үстіндегі қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керектігін тағы бір мәрте ескертеді.

«Жаяу адамдар үшін мұздың қалыңдығы  кемінде 10, ал жеңіл автокөліктер үшін 30 сантиметр болуы керек. Тыйым салу белгілері орнатылған жерлерде мұз бетіне шығуға болмайды. Мұз үстімен жүргенде көліктің есіктерін ашық ұстаған дұрыс», – деп ескертеді департаменттің баспасөз қызметі.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button