Экономика

Итальяндық үлгідегі жедел жәрдем көліктерінің игілігін көреміз

Таяу уақытта Шығыс Қазақстан бүкіл елімізді өзінде шығарылған жоғары сапалы және заманауи жедел жәрдем көліктерімен қамтамасыз етуі мүмкін. Бұл туралы аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ итальяндық «Bollanti Healthcare Vehicles» зауытының өкілдерімен кездесуінде сөз болды.

Итальяндық үлгідегі жедел жәрдем көліктерінің игілігін көремізОблыс Әкімінің айтуынша, біздің медицинада қазіргі заманғы автомобильдерге деген қажеттілік болған, бар және бола береді де. Оның үстіне мемлекет азаматтарының денсаулығына және оларды керекті дәрі-дәрмектермен қамту, сонымен қатар медициналық қызметкерлер үшін жаңа техника алу мәселелеріне жіті көңіл бөліп отыр.

– Сіздермен жүздесіп отырғанымызға өте қуаныштымыз. Қазақстан Үкіметі жедел жәрдем көліктерін еліміздің аумағында құрастыру жөнінде тапсырма бергеннен кейін, сіздердің компанияларыңыз туралы мәлімет таптық. Бірден телефон арқылы Италиядағы елшімізбен байланысып, осы кездесуімізге мүмкіндік жасауын өтіндік. Сіздер біздегі «Азия Авто» зауытын көріп шықтыңыздар, ол кәсіпорын ынтымақтастық үшін база бола алады. Сіздерге аталған зауыт басшылығымен бірлесе жоспар құруды ұсынамын. Сонда біз Үкіметке өтініш беріп, мемлекеттік тапсырыс ала аламыз, бұл жедел жәрдем көліктерінің өндірісі алғашқы уақытта өзін-өзі ақтауы үшін керек. Менің ойымша, Шығыс Қазақстанда да, жалпы ел көлемінде де өнімді өткізу жағынан еш мәселе туындамауы тиіс. Бір ғана проблема бар – еліміздегі тұрғындар саны 16 миллионның шамасында, сол себепті жедел жәрдем көліктеріне деген сұраныс соншалық көп емес. Алайда, біз Ресеймен және Белоруссиямен Кедендік одақтың құрамына енеміз, сондықтан автомобильдерді сол елдерге, сондай-ақ бүкіл Орталық Азия аймағына саудалауға болады деп санаймын. Бұл жерде, ең бастысы, сіздердің техникаларыңыз өзге елдердің осындай көліктерінен қымбат болмауы қажет, – деді жүздесу барысында облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.

Итальяндық делегацияның жетекшісі, «Bollanti Healthcare Vehicles» зауытының директоры Джузеппе Болланти өз кезегінде Шығыс Қазақстан тарапымен жұмыс істеу оның кәсіпорны үшін тиімді ғана емес, сондай-ақ қызықты екенін атап өтті.

– Сіздердің автозауыттарыңыздағы құрастырудың сапасы мені таңғалдырды, – деді итальяндық делегацияның жетекшісі. – Технологиялық мүмкіндіктеріңіз барлық дүниежүзілік стандарттарға сәйкес келеді екен, ендеше, біз ең жоғарғы деңгейде ынтымақтаса аламыз. Біздің зауыт 1985 жылдан бері медициналық көлік құралдарын шығарып келеді. Олар дәрігерлік көмекті барынша шұғыл көрсетуге қауқарлы. Біздің көліктер әлемнің жиырмадан астам елінде қолданылады. Жедел жәрдем машиналарымыз Қытайда, Ресейде, Еуропа елдерінде өте көп. Тіпті Африка мен Оңтүстік Америкадағы жедел жәрдем көліктеріне де біздің құрал-жабдықтар орнатылған. Біз қызметкерлеріміздің кәсіби біліктілігін арттыруға және оларды оқытуға көп қаржы бөлеміз, соның арқасында қарқынды дамып келеміз.

Негізінен бұл техника аймағымыз үшін сапасы бойынша өте тиімді болмақ. Ал бағасына келер болсақ, тиісті есептеулер жүргізу қажет. Бұл ретте қос тарапты да үлкен жұмыс күтіп тұр. «Азия Авто» басшылығы өздерінде құрастырылатын темір тұлпарлардың мөлшерлі құнын әзірше айта алмай отыр.

– Жоспарларымыз көп, бірақ бәрін әлі де саралау қажет. Мұндай көліктерді бізде өндірудің қаншалықты тиімді екенін зерттеу керек. Біз өзіміздің серіктесіміз – «Киа моторс» фирмасымен келіссөздер жүргіздік және итальяндық зауытшыларға өздерінің медициналық құрал-жабдықтарын сол көліктерге орнатуды ұсынып отырмыз. Меніңше, егер барлық талаптар бойынша келісе алсақ, көліктердің бағасы біздің нарық үшін қолжетімді болуы тиіс. Алайда, жұмысты алдағы үш-бес жылға арналған мемлекеттік тапсырыс берілсе ғана бастауға болады, – деп топшылайды «Азия Авто» компаниясының бірінші вице-президенті Ерік Сағымбаев.

Кездесудің қорытындысы бойынша Қазақстан мен Италияның екі ірі компаниясы арасында серіктестік қарым-қатынас орнап, Шығыс Қазақстанда медициналық көлік құралдарын шығарудың нақты мүмкіндігі пайда болды. Бәрі ойдағыдай болса, бірнеше жылдан соң-ақ көшелерімізден «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар отандық жедел жәрдем машиналарын көріп қалуымыз ғажап емес.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button