Экономика

Инновациялық жобалардың игілігін қашан көреміз?

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалық етуімен селекторлық режимде өңірдегі индустриялды-инновациялық бағдарламаның орындалуы жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті мәжілісі өтті. Кеңеске онлайн режимінде барлық қалалар мен аудандар әкімдері, индустриялды-инновациялық жобалар жетекшілері қатысты.

Инновациялық жобалардың игілігін қашан көреміз?Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасының аясында өңірде ағымдағы жылдың 1-маусымындағы дерек бойынша Индустрияландыру картасына 37 инвестициялық жобалар енгізілген. Жалпы құны – 604,2 млрд. теңге. Оның ішіндегі құны 563,9 млрд. теңгені құрайтын 9 жоба республикалық маңызға ие болса, қалған 28 жоба аймақтық деңгейде. Жалпы құны 253,4 млрд. теңге болатын 35 жоба облыс әкімдігінің жауапкершілігінде.

2010-2011 жылдар аралығында облыста 21 жоба жүзеге асырылса, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы тоғыз нысан толықтай өндірістік қуатына қосылған.

Алайда, аймақ басшысының айтуынша, қолға алынған жобалардың түгелі дерлік жоспарлағандай іске асып жатқан жоқ. Облыста бірде-бір жоба ұсынбаған аудандар бар. Іске қосылған жобалардың кейбірі қазіргі кезде шикізаттан таршылық көріп жатса, өндірген өнімін өткізе алмай жатқандар да кездесіп отыр. Күн тәртібіндегі мәселеге орай баяндама жасаған облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Шәкәрім Бұқтығұтов жоғарыда аталған 21 жобаның сегізі 70 пайыздан 100 пайыз аралығында жобалық қуатына кіргенін атады. Олардың қатарында «Өскемен арматура зауыты» АҚ, сонымен бірге «Қазцинк» (Риддер қаласы), «Семей азық-түлік комбинаты», «Агрофирма «Приречное», «Қазцинкмаш», «Қазцинк», «Фаворит», «ИртышТАНур плюс» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер бар. Тағы төрт кәсіпорын 20 пайыздан 50 пайызға дейін ғана жобалық қуатына жетіп отыр. Олар «Өскемен ТМК» АҚ, «СемАЗ» ЖШС, «Ақсай-нан НТК» ЖШС және «Kazfoam» ЖШС. Өкінішке қарай тағы да алты кәсіпорын өзінің жобалық қуатының 20 пайызын ғана игеріп отыр.

Басқарма бастығының мәлімдеуінше, бұлардан басқа мүлдем өнім өндіру басталмаған Семейдегі екі кәсіпорындағы үш жоба алаңдатушылық тудырып отырған жайы бар. Олар «КХ «Игеру» мен «Семей тері-былғары комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.

Алғашқысы бірінші жобасы бойынша жылжымалы теміржол вагондарының тежеуіш колодкаларын шығарумен айналысса, Кедендік одақтың ашылуына байланысты өнім шығару уақыты келер жылдың шілдесіне жоспарланған. Ал, көлік шиналарын қайта өңдеуге байланысты екінші жобасы бүгінгі күнге дейін кешігуде. Әлі іске қосылу актісі тапсырылмаған.

Келесі «Семей тері-былғары комбинаты» шикізат базасының жеткіліксіздігінен өндіріс қарқынын ұлғайта алмай келеді. Осыған орай сервистік-дайындау орталығын құрып, ауылдық тұтыну кооперативіне айналдыру мақсатында жергілікті бюджеттен 200 млн. теңге қарастырылған. Қазір тиісті шаруалары атқарылуда. Зауыт толық қуатына 2014 жылдың төртінші тоқсанында қосылмақ.

Сондай-ақ, жоғарыда аталған кәсіпорындардың басым дені ағымдағы жылдың басынан бері «Самұрық – Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының өкілдерімен өткізілген бес жұмыс кездесулерінің біріне де қатыспағаны айтылды.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ толық қуатына кіре алмай жатқан жобалар жетекшілерін жеке-жеке тұрғызып, нақты себептерін сұрады. Алдымен Өскемен мен Семей қалаларының әкімдері мінберге шығып, қос шаһарда қолға алынған жобаларды баяндады. Семейдің әкімі Айбек Кәрімов кеңестің отырысында сын тезіне алынған жобалардың орындалатындығын, тиісті шаруалардың атқарылатындығын жеткізді.

Ал облыс басшысы Семей қашанда жеңіл өнеркәсіптің орталығы болғандығын, сол биігінен төмендемеуі, жұмыс істеуі керектігін, қолдау болатындығын айтты. Тек бұл арада шикізат қорын дайындауда аудандармен тығыз қарым-қатынас орнатқан абзал.

– Біріншіден, индустриялды-инновациялық жобаларды қолға алғанда ең алдымен өндірілген өнімді қайда өткізуді, шикізат базасын қайдан жасақтауды әбден зерттеп алу керек. Ал бізде бәрі керісінше болып жатады. Соның салдарынан осындай жағдайларға тап болып отырмыз. Екіншіден, қазақстандық үлесті бәріміз жақсы білеміз. Тендермен жұмыс істейтін кәсіпорындардан осыны қатты талап ету керек. Ал біздің кәсіпорындар өңірде өндірілетін құрылыс материалдарын көрші Ресейден, еліміздің басқа жақтарынан тасып жатады. Ол дұрыс емес қой. Үшіншіден, үлкен жобаларды қолға алған кәсіпорын басшылары үнемі облысқа алақан жая бергенді қою керек. Кабинетте отыра бергенмен жұмыс бітпейді. Аудандармен тығыз жұмыс жасау керек. Әкімдер аудандарда қолға алынып жатқан жобалар әкімшілерімен, өнімді алатын тұтынушылармен бірлесіп жұмыс істеуі керек. Әзірге ондай жұмысты көріп отырғаным жоқ, – деді облыс Әкімі.

Сонымен қатар жиын барысында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының облыстағы орындалу жағдайына тоқталған аймақ басшысы бағдарлама іске асырыла бастаған екі жыл уақыт ішінде бірде-бір тапсырыс бермеген Курчатов қаласының, Бесқарағай, Катонқарағай, Көкпекті, Күршім, Тарбағатай, Үржар аудандарының басшыларын тұрғызып, кемшіліктерді түзетуге нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл ретте аймақ басшысы бағдарламаның іске асырылуына өңірдегі екінші деңгейлі банктер филиалдарының да белсенді қатысулары қажеттілігін атады. Көптеген кедергілер екінші деңгейлі банктер тарапынан болып жататындығы да жасырын емес.

Қазіргі қолда бар мәліметтер бойынша облыс республикалық рейтингте мақұлданған жобалар саны және қаржылай көлемі жағынан алғашқы бестіктің ішіне кіріп тұр. Аймақ басшысының пікірінше, бұл көңіл толтыратын көрсеткіш емес. Алдыңғы үштіктің қатарына енуге толықтай мүмкіндік бар аймақта.

– Кез келген жоба іске қосыла салып, жүз пайыз жұмыс істеп кетпейді, оған уақыт керек. Солай болғанымен біз Елбасының тапсырмасын тостырып қоя алмаймыз. Жобалармен айналысатын кәсіпорындар оны уақытында іске қосуы керек, – деді облыс Әкімі.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button