Қоғам

«Халық заңгеріне» алпыстан астам адам жүгінді

«Халық заңгеріне» алпыстан астам адам жүгінді


Биылғы шілденің 20-27 күндері аралығында облыстық әділет департаментінде «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ аймақтық филиалының және облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен халыққа тегін заңгерлік көмек көрсету мақсатында «Халық заңгері» акциясы өтті.

Акцияның қорытынды жиналысына Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсембинов, «Ақ жол» ҚДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бүркітбай Сұлтанов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Александр Светаш қатысып, тұрғындар сауалдарына жауап берді, жаңадан қабылданған заңдарды, өзгерістер мен толықтырулар енгізілген нормативтік-құқықтық актілерді түсіндірді. Ал Берік Дүйсембинов «Ақ жол» партиясының Мәжілісте атқарған жұмыстарының есебін берді.

Халықтың құқықтық сауаттылығын көтеруді, өңір тұрғындарына адвокаттардың, жеке сот орындаушылардың, нотариустардың, бағалаушылар мен медиаторлардың тегін құқықтық кеңестерін ұйымдастыруды көздеген акция барысында облыс тұрғындары негізінен әлеуметтік мәселелермен, сондай-ақ, құқық қорғау органдарының процессуалдық іс-әрекеттеріне, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, кондоминиумге, білім беруге, жол жөндеу жұмыстарының сапасы мен уақтылы орындалуына және лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) қатысты сұрақтармен жүгінді.
Мәселен, Өскемендегі Беспалов көшесі, 1 мекенжайындағы «СТ Восточный 3» саяжайлар бірлестігінде тұратын зейнеткер Гүлбаршын Маркова саяжай төрағасы Григорий Шушанниковтың заңсыздықтарын жайып салды.

– Ресейдің азаматтығын алған ол саяжай тұрғындарына немқұрайлы қарап, жұмсалған қаражат туралы есеп бермейді, төбесін де көрсетпейді. Саяжайдағы жарықтың ақшасы да өте қымбат, әрі алдын ала төлеуді талап етеді. Ең сорақысы, ол саяжайдағы ережелер мен жарғыларды өзі шығарып, өзі бекітеді және жергілікті тұрғындардан тек орысша ғана сөйлесуді талап етеді. Сондықтан кей тұрғындар арыз-шағымдарын дұрыстап жеткізе де алмайды, оларды үнемі кемсітіп сөйлейді, – дейді зейнеткер көзіне жас алып.

Оның заңсыз әрекеттері туралы құқық қорғау органдарына, қалалық әкімдікке жүгінгендерінен ешқандай нәтиже болмаған. Санитарлық талаптар сақталмауынан, тұрғындардың да әбден мазасы кеткен. Мәселеге араласқан, барлық құжаттардың көшірмесін өзіне алған депутат Берік Дүйсембинов қалалық прокуратура өкілдеріне жағдаймен танысып, жуық арада қорытынды шығаруды тапсырды және бұл мәселені өзінің тұрақты бақылауына алатынын жеткізді.

Келесі бір тұрғын Валерий Чернышов «Жол ережесі туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды әлі де жетілдіре түсу керектігін айтты.
Өңірдің адвокаттар алқасы төрайымы Ботагөз Ахметжанова жаздың бітіп, күз келе жатқанын еске салып, Понтон көпірінен Ахмер ауылына қарай шығатын жолдың енді қашан жөнделетінін сұрады. Оның айтуынша, Өскеменде орталық көшелер ғана жөнделуде, ал сыртқы жолдар сол күйінде жатыр. Сонымен бірге, миллиондаған ақша бөлінген көшелік жолдардың жөнделу сапасына да көңіл толмайды. Берік Дүйсембинов бұл мәселе кездесулерде бірнеше рет көтерілгенін айтып, жеке өзі сол жолдармен жүріп, тексеріп шығуға, қала әкімімен кездесіп, мәселені жеткізуге уәде етті.

Бұдан бөлек, акция барысында азаматтар жылжымайтын мүлікті, нормативтік-құқықтық актілерді, заңды тұлғаларды және олардың филиалдары мен өкілдіктерін, сонымен қатар, зияткерлік меншік құқығы және азаматтық хал актілерін тіркеуге қатысты да нақты кеңестер алды.

\”Халық заңгері\” акциясының қорытындысы бойынша 63 азамат пен заңды тұлғалар өкілдері тегін заңгерлік, құқықтық көмек алды. Шараны қорытындылаған облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Ермек Қорабаев акцияға белсенді қатысқан барлық тұрғындарға, Парламент Мәжілісінің депутаттарына алғысын білдіріп, осындай іс-шараларды жиі-жиі өткізіп тұру қажеттігін атады.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button