Оқиғалар

Естіген әңгімем есімнен кетпейді

Күршім ауданындағы жұрттың Ертіс өзенінің бір жағасынан екінші жағасына пароммен жететіні көпшілікке аян. Өзім де сол өңірдің тумасымын. Бірде ауылымнан Өскеменге жолға шықтым. Мен мінген көлік паромға кіріп, арғы бетке жүзіп бара жаттық.

Паромның шетінде таңғы күннің шуағына бөленіп, суға қарап тұрған едім. Кенет қасыма аласа бойлы бір ақсақал жақындап, біраз жыл бұрын мен тұрған жерден немересінің құлап кеткені туралы көзіне жас ала айтып берді. Құтқарушылар қаншама тырысқанымен, бүлдіршінді ұстап үлгермепті. Су әп-сәтте өзіне тартып, жұтып қойғандай болған. Немересінің сүйегі судың не бетіне, не жағасына шықпаған. Балақай бар жоғы бес жаста болыпты… Естіген жайттан денем түршігіп, не дерімді білмедім…

Жалпы, қыста Ертістің беті қалың мұз боп қатып қалады. Айналма жол бар, бірақ ол 7-8 сағат уақытты алады әрі ол да қауіпті. Себебі жиі боран соғып, қалың қар құрсаулап тастайды. Басқа амал қалмағандықтан көлік иелеріне қатып тұрған судың үстінен өтуге тура келеді. Мұздың бетімен өтіп бара жатқан талай көлік ішіндегі адамдармен бірге суға батты. Қаншама көлік судан шығарылмады. Кейбір адамдардың мәйіті де табылмады…

Осы ретте мына бір оқиғаны баяндап бергім келеді. Бірде ағам Күршімнен Өскеменге көлігімен жалғыз өзі бара жатады. Қаңтар айы. Өзеннің ортасына таяғанда мұздың қытырлаған дыбысын естиді. «Құдайым бір өзі сақтар» деп үрейін жеңіп, әрмен қарай жүре береді. Бір кезде мұздың сынған дыбысы тіптен қатты шыға бастайды. Қорқып кеткен ағам көлігін тоқтатып, ішінен атып шыққаны сол, мұз жарылып, мәшинесі суға шолп етіп батып кетеді. Көлігі көз алдында ғайып болады. Осылайша бір ажалдан аман қалғаны бар.

Ертіс өзенінің үстінен салынып жатқан көпір іске қосылған соң мұндай оқыс оқиғалар да азаяр деп сенемін.

Әсем Ескермесова,

студент

Осы айдарда

Back to top button