ОқиғаларТОП

Ертіске батып бара жатқан әйелді құтқарды

“С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының  2 курс студенті, жиырма жасар Артем Боровиков Ертістің мұзды суына батып бара жатқан қарт әйелді құтқарды” деп хабарлайды оқу орнының баспасөз қызметі. 

28 қаңтарда Артем донор ретінде плазма тапсырады. Ол әлсіреп үйіне (Мирный кенті) келіп, қалғып кетеді, бірақ оны көршісі Вера Красскова «Тұр, бір әйел батып жатыр!» деп оятады.

– Мен көшеге жүгіріп шықтым (үйіміз Ертіс жағасында), қарасам бір әйел өзен ағысымен жүзіп, көмекке шақырып жатыр. «Қазір құтқарамын!» деп айғайладым оған. Бірден суға секірдім, су мұздай екен! Әйел адам өзеннің ортасына кетіп бара жатты. Сондықтан еш ойланбастан секірдім! Тез қасына жеттім, оны күртешесінен ұстап, бірге мұзға қарай жүздім. Бірақ мұз сына бастады… со кезде мұз үстіне жатып алдым. Вера маған таяқ берді, бір қолыммен таяқты, екінші қолыммен әлгі апайды ұстадым. Шақырылған көмекті он бес минут күттік… Мұздағы осы арпалысқа толы 15 минут өмір бойы есімде қалады… Шамам келмей жатқанда апайдың жылап: «Балам, мені жібере сал…» дегені көз алдымда. Мен оның қолын қаттырақ қысып, мұзға жабысып жатып адым, ол сынып кетуі мүмкін еді… – дейді Артем Боровиков.

Полиция мен жедел жәрдем келгеннен кейін, Артем мен әйел ауруханаға жеткізілді. Жігіттің гипотермиядан дене температурасы 34 градусқа дейін төмендеп, қолы көгерген. Ауруханада оған медициналық көмек көрсетіліп, үйіне қайтарылды. Ал әйел травматология бөліміне ауыстырылды, бүгінде ол қанағаттанарлық жағдайда.

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры М.Ә. Төлеген ерлігі үшін студентті С. Аманжолов атындағы медальмен марапаттап, оған Абай атындағы стипендияны және бүкіл оқу кезеңіне ректордың грантын табыс етті, сондай-ақ оны бакалавриаттан кейін магистратурада оқуға шақырды.

Ал Өскемен қаласы полиция басқармасының бастығы Андрей Мола А. Боровиковқа грамота мен сағат табыс етті.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button