Руханият

Эрна әже қазақтың келіні болғанын мақтан тұтады

Эрна әже қазақтың келіні болғанын мақтан тұтады

Кеңес өкіметі кезінде «Красный скотовод», кейіннен «Қалбатау асыл тұқымды мал зауыты» атанған шаруашылықты 1960 жылдан ұйымдастыру қабілеті зор, жаңашыл басшы Жоғары Кеңестің депутаты, ғылым кандидаты Күнсләм Мұсажанов басқарды.
1979 жылы көршілес «Михайловка» совхозынан қызмет бабымен ауысып келдім. Күз айы, совхозда науқандық жұмыс өте көп. Үш бөлімше бар. Соның ішінде «Малай» фермасында ғана қой бағылады. Шопандар қыстаққа қонған. Қолдан қой ұрықтандыру науқаны басталған кез. Бірде партия ұйымының хатшысы Мүтан Аймақов шақырып алып, «Мәуітқазы, сенің негізгі міндетің жұмысшылар арасында ұжымдық және жекелей социалистік жарысты ұйымдастыру. Бүгіннен бастап соған кіріс. Кәсіподақтың басты қызметі осы. Және оны плакатқа жазып, көрнекті жерге ілу керек», – деді. Жаңа қызметке белсене кірістім. Малай фермасы мен совхоз орталығы Жарық аулының арасы 30 шақырымдай. Жол үстінде Переваловка деген қыстақ бар. Қыстақтың иесі Уәш Әубәкіров деген озат шопан. Қой ұрықтандыру науқаны жүріп жатыр. Жол бойы шопан ауылына тоқтап, социалистік жарыс туралы сөз қозғап, шопанға «келесі жылы 100 саулықтан қанша қозы аласыз?», деймін ғой. Ол «Басқалар қаншадан алмақ», – дейді маған қарап жымиып. «100-ден кем емес» деймін мен. «Онда маған 100 саулықтан 80-нен деп жаза салыңыз» деді жайбарақат. Шопанның айтуы бойынша, міндеттемесін плакатқа жазып, келесі бір өткенде көрнекті жерге, базға іліп кеттік. Менің жүргізушім Думан Мұқаев Уәкеңнің күйеу баласы. «Аға, қатырдық», – деп қарқ-қарқ күліп қояды. Арада бір-екі күн өткенде, таңертең кеңседе отыр едім, Күнсләм аға шақырды. «Әй, Мәуітқазы, осы сендер цифр жейсіңдер ме?» дегені. Мен түкке түсінбей, «Күлеке, не айтқалы отырсыз, ұқпадым», – деймін таңырқап.
– Тыңда, кеше ауданнан кой ұрықтандыру науқаны жөнінде комиссия шығып, жолдағы Переваловка қыстағына кіріп, шопанның міндеттемесін оқып, жағаларын ұстапты. «Біз қой емес сиырдан 100-нен 80-нен бұзау аламыз деп ұрандатып жүреміз. Мыналарыңыз ұят. Қане, сол қателеріңді түзеңдер Бүгін парткоммен ақылдасып, реттеңдер, – деді. Мен қысылып, «Күлеке, бұл цифрды шопанның өзі айтты ғой», – дедім. Бастық күліп алды да, «Ол отарда аға шопан – Эрна. Уәштің бәйбішесі. Сол кісімен сөйлес», – деді.
– Ал Думан, баста қайын жұртыңа, – дедім қалжыңдап. Соға кетейік. Ондағы ойым Уәкеңді емес, бәйбішесі Эрнаны көру, әңгімелесу еді. Солай болды да. Уәш Сағидоллаұлы Әубәкіров 1928 жылы Жарма ауданына қарасты «Алтай алтын» кен тресінің Бөке кенішінің «Ақдіңгек» қосалқы шаруашылығында дүниеге келген. Әкесі – Сағидолла, шешесі – Айсұлу Бекбосынқызы. Қарапайым шаруа адамдары. Шешесі қолөнер шебері, ақынжанды, әнші болыпты. Той-жиынның көркі болған дейді білетін кариялар. Екі қарияның арты да жаман емес. Уәштан кейін, Мәрзия, Нұрзия, Күлзия, Жолдан, кенжелері Қадиша. Бәрі де ұрпақты.
– Жігітім, білесің бе? – деді сөз арасында Уәкең. – Бұл Бөке, Ақдіңгек қасиетті жерлер. Осы аймақтан тобықты Құнанбай қажының анасы Зере апамыз, елімізге танымал Тұрсынхан Әбдірахманова, суырыпсалма төкпе ақын Нұрғали, оның туған інісі Рақымбай Түнқатаровтар шыққан. Ол «Ақдіңгек» қосалқы шаруашылығының басшысы болып жүргенде, 1937 жылдары репрессияға ұшырап, хабарсыз кеткен,-деп әкем Сағидолла айтып отыратын. Әке-шешем сол жердің тумасы. Соғыс жылдары сол арада еңбек еткен ардагерлер.
– Уәке, осы өңірден Кеңес Одағының Батыры Кенжебек Шәкенов шықты емес пе? Оны неге атамай отырсыз,-дедім.
– Оның рас. Жармалық 9 батырдың бірі. Ауылға да талай келген. Өте қарапайым кісі болатын. Сол қайнағасына тартып, мына келіні Эрна да батыр. Айырмасы Эрна майданда емес, бейбіт күнде қазақ санын арттырып, Батыр ана атанып отыр.
Оның айтуынша, 1942 жылдары Украинадан шешесі, ағасы, сіңлісі, өзі осы Ақдіңгек ауылына жер аударылыпты. Шағын ауылдағы қазақтармен тез тіл табысып, жаңа өмірге бейімделе бастайды. Оның ішінде әсіресе, жан жары Уәштің әке-шешесі бауыр тартып, көмектерін аямапты. Ауылда негізгі кәсіп – мал бағу. Соғыс қызу жүріп жатыр. Майданға көмек үшін жылы киім дайындау – үлкен науқан. 12-13-тегі жас қыз Эрна шешесімен қоса қолғап, байпақ, жылы киімдер тоқып, ауыл әйелдеріне көмектеседі. Уақыт өтіп жатты. Соғыс жеңіспен аяқталды. Бейбіт еңбек күні басталды. Осы жылдар ішінде Эрнаның шешесі өліп, ағасы басқа жаққа қоныс аударады да, сіңлісі екеуі сол ауылда мал шаруашылығында еңбек етіп жатады. Ақыры Сағидолла ақсақалдың өзінен екі-үш жас үлкен ұлы Уәшқа тұрмысқа шығып, отау тігеді. Бұл 1951 жыл еді. Үйленген соң жылға толар-толмас мезгілде Уәш міндетті әскери борышын өтеуге аттанады. Содан 1955 жылы оралады. Ұлдары әскерге кеткенде кәрі әке-шешесінің қолында Нұрзейнеп атты сәбиімен келіндері Эрна үйде қалады.
– Мен ата-енеме өмір бойы қарыздармын. Мені туған қыздарындай жақсы көрді, күтті. Уәштің қисық мінезі болса ара түсетін, – дейді бұл күнде 90-ға қадам басқан батыр ана өткен күндерін еске алып.
– Мен қазақтың келіні атанып, ақсақалым Уәшпен 10 баланы өсіріп, олардан 33 немере, 21 шөбере сүйгеніме өте қуаныштымын. Бір Аллаға ризамын, – дейді Эрна әжей тұңғышы Нұрзейнеп пен Думаннан көрген өнерпаз шөбересі Меруерттің мандайынан иіскеп.

Мәуітқазы Зүкенов,

ардагер журналист
Жарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button