Жұмыспен қамту

Enbek.kz өтініш қабылдап жатыр

Қазіргі кезде біреуге жұмыс күші жетпей жатса, біреуге жұмыс табылмай әлек. Десе де, еңбек етемін деген адамның Enbek.kz-ті пайдалана отырып тығырықтан шығуына мүмкіндік бар.

Мемлекеттің негізгі бір мақсаты – тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету. Сондықтан жыл сайын еңбек күші үшін субсидия бөліп келеді. Дәл қазіргі уақытта Еnbek.kz электрондық еңбек биржасының порталы 2023 жылы мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарын ұйымдастырғысы келетін жұмыс берушілерден өтінімдерді қабылдап жатыр. Бұл жұмысты жүзеге асырып отырған Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыспен қамту орталықтарымен шарт жасасу үшін құжаттарды қабылдау 2022 жылғы 1 желтоқсанға дейін жалғасатынын хабарлады.

Мемлекеттен еңбек күші үшін субсидия алуды көздеген кәсіпорындар бірнеше топқа негіздеп жұмыс орындарын ұйымдастыра алады. Жұмыс күшін іздеуші кәсіпорындар «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Күміс жас» жобалары шеңберінде жұмыс орындарын, сондай-ақ әлеуметтік жұмыс орындары мен қоғамдық жұмыстарға арналған жұмыс орындарын ұйымдастыра алады. Осы негізде келген жұмысшыларға мемлекет жалақысын толық немесе ішінара төлейді.

Жүйелі жұмыс атқарып, шарт жасасу үшін өтінімді ЭЕБ-ның жеке кабинетінде беруге болады. Ол жұмыс беруші үшін тиімді болмақ. Кейін осы платформа негізінде ыңғайлы үміткерді таңдап, электронды еңбек шартын жасасу арқылы жұмысқа қабылдауға болады. Бұл жұмысқа қабылданған қызметкердің жұмыс кестесін жұмыспен қамту орталығына жіберуге қолайлы болмақ.

Жалпы, 2023 жылдан бастап субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастырудың барлық процесі толығымен электрондық форматқа ауыстырылмақ. Алайда субсидияланатын жұмыс орындарына қатысатын жұмыс беруші талапқа сай болуы керек. Жұмыс берушілер меншік нысанына және мөлшеріне қарамастан, салық және басқа да әлеуметтік аударымдар жүргізген, жалақы бойынша берешегі жоқ және бір жылдан астам жұмыс істеген жағдайда ғана өтінім бере алады.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button