Мәдениет

Елордада Шығыс Қазақстанның мәдени күндері өтеді

Астана күніне орай 5-шілдеде елордада Шығыс Қазақстан облысының мәдени күні өтеді.

Елордада Шығыс Қазақстанның мәдени күндері өтедіБағдарлама аясында ең әуелі біздің өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерінің жәрмеңкесі мен облыстың туристік әлеуетін паш ететін көрме ұйымдастырылады.

Атап өтерлігі, бұл күні Шығыстың өнерлі ұл-қыздары Сарыарқа жұртын әсем ән мен күмбірлі күйге бөлейді. Мәселен, Өскемендегі Жамбыл атындағы облыстық драма театры Д.Исабековтің «Мұрагерлер» атты қойылымын астаналық көрермендер назарына ұсынады. Сонымен қатар осы күні Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры және орыс драма театрымен меморандумға қол қойылады деп жоспарланып отыр. Өңіріміздің өнер шеберлері мен жас орындаушылары «Туған күніңмен, Астана!» атты мерекелік концерт ұсынатынын да айтып өткеніміз жөн болар.

Өскеменнің «көңілді тапқырлар клубының» мүшелері мен диджейлері де бұл күні аянып қалмайды. Облыс орталығының ең үздік сықақшылары елорда тұрғындарын күлкіге кенелтпек. Ал кешкілік мезгілде қала жастарына арнап, әртүрлі ойындар мен байқаулар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға аймағымыздағы демалыс орындарына жолдама үлестірілетін болады.

Шығыс жұрты қай кезде де игі бастамалардың көш басынан көрінген. Аймағымыздың Астана күніне орай еліміздегі 14 облыстың ішінде жалғыз өзі ғана мәдени күндерін өткізіп отырғаны осы сөзімізге дәлел болса керек.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button