Мәдениет

Екі аймақтың театрлары арасында ынтымақ орнайды

Өнерде шекара жоқ. Бұл – даусыз шындық. Қандай да болмасын рухани дүние барша адам баласына ортақ қазына. Осы аптада Қытайдың Алтай аймағынан келген делегация өкілдері облыстық Жамбыл атындағы драма театрына арнайы ат басын бұрып, өмірден ерте кеткен режиссер Рүстем Есдәулеттің «Атымды адам қойған соң» атты қойылымын тамашалады.

Екі аймақтың театрлары арасында ынтымақ орнайдыКенді Алтайға келген қытайлық делегация өкілдерін облыстық Жамбыл атындағы драма театры ұжымы аса бір қонақжайлылықпен қарсы алды. Қазақы дәстүрмен шашу да шашылды. Алыстан ат терлетіп, шекара асып жеткен қандас бауырларға арналып әсем жырдың да тиегі ағытылды.

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Рүстем Есдәулеттің бұл қойылымы талай байқауларда бас бәйгені қанжығасына байлап, театрға тек қана абырой арқалатып жүрген қойылым. Үстіміздегі жылдың сәуір айында ғана «Атымды адам қойған соң» спектаклі Түркияның Конья қаласында өткен «Мың тыныс және бір дауыс» атты V түркі тілдес театрлардың халықаралық фестиваліне қатысып қайтқан болатын. 16 мемлекеттен келген өнер ұжымдары қатысқан фестивальда аталған спектакль ең үздік қойылым болып табылып, түркі тілдес халықтарға ғана емес, дүниежүзі халықтарына көрсетілуі тиіс, деңгейі биік қойылым екендігін мойындатқан еді. Енді, міне, халықаралық сыншылардың жоғары бағасын алған үздік қойылымды тамашалау бақытына Қытайдың Алтай аймағынан жеткен бауырлар да ие болып отыр.

Жалпы, Абай өлеңдерінің желісіне негізделген бұл қойылымның философиялық мәні тым тереңде жатыр. Ұлы Абайдың өлеңдерінің терең иірімдеріне бойлау тегінде кез келген адамның қолынан келе бермейді. Ал тән мен жан тазалығы жайындағы үлкен ойды сахна тілімен кестелеу тіпті де оңай шаруа емес. Десе де бұл туынды өмірден ерте кеткен талантты режиссердің ащы еңбегінің тәтті жемісі екені сөзсіз. Қойылым Қытайдан келген қандастарымызға сөзсіз ұнады. Кейбіреулері қойылымнан жаңалықтың жылы лебінің есіп тұрғанын да мойындап жатты.

– Көршілес, іргелес жатқан Шығыс Қазақстан облысы мен Қытайдың Алтай аймағы арасында біраздан бері мәдени-рухани, экономикалық қарым-қатынас орнағаны белгілі. Өскеменге келіп жатқан бұл жолғы сапарымыздың негізгі мақсаты да – сол дәстүрді одан әрі жалғастыру, – дейді делегацияны бастап келген Алтай аймақтық партия комитеті төрағасының орынбасары Ыразбек Хамза.

Алдағы уақытта екі аймақтың арасындағы театр саласы мамандары арасында тығыз қарым-қатынас орнайды деген сенім мол. Ыразбек Хамзаның айтуынша, Қытайдың Алтай аймағындағы қазақтардың өз театры бар. Өткен жылы театр актерлері «Ағажай» атты бір жарым сағаттық үлкен бір шығарманы сахналапты. Көркем дүние мемлекеттің арнайы сыйлығына да ие болыпты. Қазақтың мәдениетін талбесіктен жер бесікке дейін бейнелейтін осынау үлкен дүниені алдағы уақытта сәті түссе Қазақстанға да әкеліп қоймақ ойлары бар екен. Сонымен қатар Қытайдың Алтай аймағында жүз адамнан құралған аймақтық ойын-сауық үйірмесі де жұмыс істейді.

Иә, қазақта «бармасаң, келмесең, жат боласың» деген әдемі сөз бар. Ал тағдырын театр дейтін киелі ордамен байланыстырған жандар үшін барыс-келіс мәселесі тіпті де маңызды. Бір сәт «өз қазаныңда ғана қайнамай», өзгенің де өнегелі ісін үйренген дұрыс. Осы орайда алдағы уақытта екі аймақтың театрлары арасында тығыз қарым-қатынастың орнайтынына сенгіміз келеді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button