Мәдениет

Достоевский тұрған үй ешкімге керек болмай тұр

Қаладағы өлкетанушылардың бұл күндері жарғақ құлақтары жастыққа тимеуде. Орыс жазушысы Федор Достоевский айдауда жүрген кезінде паналаған, сонда отырып көптеген шығармаларын өмірге әкелген ескі үй бұзылып, орнына банк ғимаратының бөлімі тұрғызылмақ.

Достоевский тұрған үй ешкімге керек болмай тұр– Осынау тарихи ғимараттың тартысқа түскеніне жүрегім ауырады. Бұл үйдің тұрғызылғанына 200 жыл болыпты. Қала әкімдігіне «осы үйді сақтап қалайықшы» деп қаншама рет өтініш жасадым. Ешкім мән бермей отыр. Оны бұзбақ түгілі, күреп тастап, басқа жерге орналастырған күннің өзінде оны қайтадан қалпына келтіру мүмкін емес, өйткені, бұл сонау ХVІІІ ғасырда ерекше әдіспен қиюластырылып салынған үй. Бұлай істелсе, тарихымызға айтарлықтай соққы болары сөзсіз, – деп күрсінеді «Прииртышье» өлкетанушылар қоғамының төрағасы Павел Жуков.

Өлкетанушылардың мәліметінше, бұл үй ел ішінде «Капитан Андреевтің үйі» атанып кеткен. ХVІІІ ғасырдың соңында инженер Иван Андреев осы кешенді тұрғызады. Содан бұл тарихи үй Кордеградия, гаупвахта, Қорғаныс үйі болып, кейінірек, Кеңес үкіметі құлағаннан кейін жекеменшік қолға өтіп кетіп, мемлекеттік қамқорлықта болатын тарихи ғимарат мәртебесіне ие бола алмай қалады. Бұл үй – жазушы Федор Достоевскийдің қазақтың біртуар ұлы Шоқан Уәлихановпен достығының мекені. Шоқан мен Достоевский осы үйде дастарқандас болып, пікір алысқан. Ендеше, бұл үйді құрту арқылы ұлт шоқжұлдызы – Шоқан өмірінің айтулы кезеңдерін жоғалтып аларымыз шындық.

Шоқан Шыңғысұлы мен Достоевскийдің Омбыда, Семей мен Петербургте бірге болғаны белгілі. Екеуі бір-бірінен алысырақ кеткен алты жыл (1856–1862) ішінде де достық хат алысып тұрған. Мәселен, Семейден кетіп бара жатып, Шоқан Уәлиханов Достоевскийге: «Сізбен бірге Семейде өткізген аз ғана күн маған сондай тамаша әсер етті. Ендігі менің бір ойым: сізбен тағы да бір кездесу. Мен адамның нәзік сезімдері мен ақ ниеті туралы жазуға шебер емеспін. Менің сізге қандай берілгендігімді және сізді қандай жақсы көретінімді, әрине, өзіңіз де білесіз» деп жазады.

Ф.Достоевский де Шоқан Уәлихановты ерекше қадірлей, бағалай білген. Одан алған заттарының бәрін ең қымбат естелік ретінде сақтаған. 1866 жылы Шоқан марқұм болғаннан кейін Достоевский өзінің әйеліне: «Мына үлкен ағаш сандықты көрдің бе? Бұл – менің сібірлік досым Шоқан Уәлихановтың сыйлығы. Сондықтан да ол маған қымбат. Мен өз қолжазбаларымды, хаттарым мен аса қымбатты естеліктерімді осында сақтаймын» деуінің өзі оның Шоқанға деген, оның астарында қазақ халқына деген ыстық ықыласын анық байқатады.

– Біздің қала шағын болса да, әлем-жәлем банк көп. Олар Семейдегі ең әдемі жерлерді жаулап алған, аяқ аттаған сайын тізіліп тұр. Банк ісі дұрыс екен деп, руханиятты ұмытуға бола ма? Меніңше, осы жерге ғимарат орналастырамыз деп отырған банктің қызметкерлері ойланғандары жөн, – дейді қала тұрғыны Азамат Алмасов.

Қалалық сәулет бөлімі де ғимаратты бұзу жөніндегі мәселені біліп отыр, бірақ, шарасыз екендерін айтады.

– Достоевский мен Шоқанның ізі қалған тарихи үйді бұзып, бизнес жасау ақылға қонымсыз дүние. 1795 жылы тұрғызылған ғимарат Қазақстанның ешқандай қаласында сақталмаған. Сондықтан да бұл үйді мәдени нысан ретінде мемлекет қарамағына өткізсе, бұл жерде көрме, мұражай ашуға толық мүмкіндік бар. Жергілікті басшылар осы жағын ойластырса екен, – дейді осы үйді қызғыштай қорып жүрген Павел Жуков.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button