Руханият

Бітібаеваның тұлғасы уақыт өткен сайын биіктей береді

Бітібаеваның тұлғасы уақыт өткен сайын биіктей береді

Көзі тірісінде-ақ «Қазақтың Хан апасы» атанып, аты аңызға айналған ұстаз, «Құрмет» орденінің иегері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қанипа Бітібаеваның өмірден озғанына кеше тура бір жыл болды. Қалың қазақ қайтпас, қайсар қызын тағы да жоқтап, еске алды. «Таулардың алыстаған сайын асқақтай түсетіні» секілді, енді уақыт өткен сайын Бітібаеваның да биіктей беретініне тағы бір мәрте көз жеткізді. Осы орайда ұстаздың өзі ұзақ жылдар бойы қызмет еткен Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында да «Қалдырған ізің мәңгілік» атты еске алу жиыны өтті.
Күз келіп, жаңа оқу жылы басталғанымен, бұл білім ордасына Қанипа апай қайтадан оралмады. Өлең-сөзге құмар шәкірттері де бұл жолы ұлы ұстаздың алдынан гүл шоқтарын алып шықпады. Мынау қоңыр күздің өзі секілді Қанипа апайдың қоңыраулы қоңыр үні де сағынышқа айналып үлгерген екен. Мектептегі кеш қазақ педагогикасының аңызына айналған ұстазды бір минут үнсіз еске алумен басталды. Одан кейін Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының тәрбие ісі бойынша директоры Базарбек Садықов сөз алып, Қанипа Омарғалиқызының өмірден озғанына бір жыл толып отырғанын, осыған байланысты мектепте ұлағатты ұстазға арналған арнайы апталық жарияланғанын, бұл еске алу жиыны да сол іс-шараның аясында өткізіліп жатқанын жеткізді.
«Шәкірттерім – өмірімнің күн сәулелі нұры. Бақытым да, бағытым да, махаббатым да – солар. Олар болмаса Қанипа да болмас еді» деген екен Қанипа апайдың өзі. Осы орайда Нұрболат, Ғалымжан, Тайыпжан секілді шәкірттердің жүрегінен жарып шыққан жыр жолдары еске алу жиынына қатысқан талай жанды толқытып, көздеріне жас үйіргені шындық.
Қанипа Бітібаева – 44 кітаптың, 10 естеліктің, 150-ден астам ғылыми мақала мен 8 мыңдай дидактикалық материалдардың авторы. Көзі тірісінде білікті ұстаз Моңғол Халық Республикасының «Даңқты ұстаз» атағын иеленіп, АҚШ-тың Аризона штаты мен Туссон қаласының «Құрметті азаматы» атаныпты. Ұлағатты ұстаздың қазақ тілі мен әдебиеті бойынша әзірлеген авторлық бағдарламасы республикалық ғылыми-методикалық зертхананың негізі болды. Егер Қанипа апай тірі болғанда биыл 70 жасқа толар еді-ау.
Еске алу жиынында алыстан келген қонақтар да сөз алды. Солардың бірі – педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның Білім беру ісінің құрметті қызметкері Фаузия Оразбаева.
– Шығыс өңіріндегі осы сіздердің мектептеріңіз, Жамбыл мектебі аты да, заты да, тәрбиелеген ұрпағы да қасиетті, ерекше мектеп. Өйткені, бұл мектеп Жамбыл бабамыздың киелі атын ұстанып отыр. Осы жерде ұлы ұстаз Қанипа Омарғалиқызы апайларыңыз сабақ беріп қана қойған жоқ, қазақтың ұрпағын тәрбиеледі. Сол ұрпақ – сіздерсіздер. Қазірдің өзінде күн жарқырап, Қанипа апамыздың рухы біздің бәрімізді қолдап, қоршап тұр.
Қанипа апай тек тіл мен әдебиет пәнін ғана оқытқан жоқ, сол арқылы адам болуды, азамат болып қалыптасуды, елін, жерін сүюді, жалпы мейірімді болуды, бақытты болуды үйретті. Мәскеуге барған кезінде ол кісіге: «Сіздің оқушыларыңыздың ерекшелігі қандай?» деген сауал қояды. Сонда Қанипа апайымыз үлкен мінбеде тұрып: «Менің оқушыларым Лермонтовты да, Пушкинді де жатқа біледі, ал сіздердің оқушыларыңыз неге біздің Абайды білмейді?» деген екен. Ол сондай батыр да өжет адам еді. Жамбыл атындағы осы мектеп-гимназияға бүкіл өмірін арнады. Қаншама үлкен қызметке шақырса да, атақ-абырой берсе де, «менің бақытым балалар» деп, бар мансаптан бас тартты. Сондықтан да ол кісінің рухы қолдап-қоршап жүрсін, жолдарыңыз ашық болсын! Қанипа Омарғалиқызының ұлы өмірі, мәңгілік ғұмыры енді басталды, – деді ол.
Ал Қарағанды қаласынан арнайы ат терлетіп келген Қанипа апайдың жақын достарының бірі Пүліш Төреханова тіпті көзіне жас та алды.
– Өмірдің бір үлкен мәні – достықта. Мен Қанипа Омарғалиқызымен 25 жыл дос болдым. Қанекеңдей ұстазы бар халық бақытты. Ол бар саналы ғұмырын бүлдіршіндердің болашағына арнады. Сендерді бар жүрегімен сүйіп өтті. Жүрегінің төріндегі ең сүйіктісі – қазақтың қарадомалақ балалары еді. Сіздердің жарқын болашақтарыңыз үшін өзін-өзі аямай жанкештілікпен еңбек етті. Қанекең ұстаздықтың ұлылығын мойындатты. Хас талант ұстаз екенін танытты. Қанекең арқылы ұстаздың мәртебесі биіктеді. Ұлтты, ұрпақты сүюдің, өзінің ісін сүюдің керемет, ғажап үлгісін көрсетті, – деді Пүліш Төреханова.
Сондай-ақ, Қанипа Бітібаеваны еске алу жиынында ұзақ жылдар бойы республикалық педагогикалық «Қазақстан мектебі» журналының редакторы болған Сайраш Әбішқызы да тебірене сөз сөйлеп, Қанипа Омарғалиқызының өзінің өжеттігімен, қайраткерлігімен, іскерлігімен, білімділігімен барша жұртқа үлгі-өнеге болғанын айта келіп:
– Қанипа Бітібаева – Кеңес Одағының мемлекеттік сыйлығына ие болған еліміздегі жалғыз ұстаз. Сол қиын кездің өзінде де Қазақстанның атын, қазақ деген халықтың, қазақ ұстаздарының атын бүкіл кеңестер одағына паш етті, – деді.
Сөзінің соңында Сайраш Әбішқызы өткен жылдың қазан айында жарық көрген «Қазақстан мектебі» журналының Қанипа апайға арналған санын мектеп-гимназия директорының орынбасарына табыс етті.
– Қанипа апай біздің мектебізге де келіп, бізбен де жиі хабарласып тұратын. Қанипа апайдың «Ауылдың балалары – таза балалар, ілімге, білімге, тәрбиеге, жақсы дағдыға бейім балалар. Сондықтан да осыны пайдаланып, қолымызға тиген балаларды мейлінше дұрыс тәрбиелеуіміз керек» деп айтқаны әлі есімде. Біздің мектеп-лицейге 20 жыл толғанда ол кісі келіп қатысқан еді, – деген облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицей интернатының директоры Айгүл Абдулдина да мектеп басшылығына Қанипа апайдың мектеп-лицейдің 20 жылдық мерейтойында түскен суреттерінен «Есіміздесің, Хан апа» деген атпен коллаж жасап, тарту етті.
Иә, Қанипа Бітібаеваның білім беруде салған жолы, қалдырған ізі ерекше. Мектепке мұғалім болып кез келген адам кіруі мүмкін. Бірақ Қанипа Омарғалиқызындай болу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні де рас.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button