Шығыстың жеті бренді

Бұл шағала тек Алакөлге ғана ұя салады

Бұл шағала тек Алакөлге ғана ұя салады

Шығыстың жеті брендінің бірегейі – Алакөлге ғана ұя салатын көне дәуір шағаласы (реликті, қара тұмсық, қара мойнақ шағала деп те атайды). Ол – ең әдемі құстардың бірі. Бүгінгі таңда өте сирек кездесетін, жойылып кету қаупі бар құстардың қатарына жатады. Бұл шағала дүниежүзінде тек үш жерде кездеседі. Моңғолиядағы Эдзингол көлінде, Бурятиядағы Борей-Турей көлінде және өзіміздің Алакөлде. Бірақ, ұясын тек Алакөл маңына салады. Құстардың жойылуының басты себебі – мазасыздық факторы. Көне дәуір шағаласы егер жанында адамдар шулайтын болса, жұмыртқаламайды екен.

Алты түрлі атауы болыпты

Турге-Нор, Алак-Тугул-Нор, Алактагол, Алакта, Алатеңіз – он екінші ғасырдан он тоғызыншы ғасырға дейінгі аралықта тұзды, ағынсыз су қоймасы Алакөл осылай түрліше аталған. Көлдің әрбір тарихи атауы оны қоршаған табиғаттың өзіндік бір ерекшелігін бейнелейді. Мәселен, Турге-Нор – моңғол тілінен аударғанда «Көпірлер көлі» деген мағынаны білдіреді немесе «Аралдар көлі» деп түсінуге де болады. Шынымен де бұл көлде шағын аралдар көп. Алакта – байырғы түркі тілінде «көздің алмасы» дегенді білдіреді. Алакөл – өте терең су қоймасы, көздің аясына да ұқсайды… Ал Алакөл аты айтып тұрғандай, «түрлі-түсті көл» дегенді білдіреді.

Балқаш, Алакөл, Сасықкөл мен Қытайдағы Эби-Нор көлдері – кезінде Балқаш-Алакөл ойпатында шалықтап жатқан көне Ханхай теңізінің қалдықтары.

Көл теңіз деңгейінен 247 метр биіктікте орналасқан. Аралдарымен қоса есептегендегі аумағы – 2700 шаршы шақырым, ұзындығы 104, ені 52 шақырым, ең терең жері – 54 метр. Алакөлге он бестен аса өзен құяды, негізгілері – Үржар, Қатынсу, Емелқұйса, Жаманөткел, Ырғайлы, Жаманты. Көлдің суында фтор мен бром көп.

Бұл өлкеде сулы-балшықты жерлерді мекендейтін құстар көптеп кездеседі. Шырышы бұзылмаған табиғаттың бұл әсем бұрышы – «Алакөл» мемлекеттік табиғи қорығының қарауында.

Солтүстіктен оңтүстікке ағылған жыл құстары осы сулардың қамысты жағалауына жем-су үшін аялдайды. Содан кейін олардың көбісі осында қалып қояды, ұя салып, балапан басып шығарады. Күзде жылы жаққа ұшып кетіп, көктемде қайта оралады.

Бұл жерден зерттеуші ғалымдар қандай ғана құсты кездестірмейді десеңізші… Мұнда қанаттылардың сан мыңдаған ұясы бар. Бұл жерді су жануарлары үшін жұмақтың өзі деуге де болады. Қамысты жаға – судың маңын мекен ететін құстар үшін қоректің маңызды көзі.

Әлемге әйгілеген – Ернар Әуезов

Бұл шағала тек Алакөлге ғана ұя салады

Шағалалар Алакөлді кезекпен жайлайды. Мысалы, көне дәуір шағаласы балапандарын өзгелерден бұрын басып шығарып, жай шағалалар оңтүстікке әлі кетпей тұрып жылы жаққа ұшып кете барады.

«Реликті шағала» деген шағаланың жаңа түрін Алакөлде 1969 жылы жас орнитолог Ернар Әуезов ашқан болатын. Ол – жазушы Мұхтар Әуезовтің тұңғышы.

Ернар Әуезовтің тікелей атсалысуы арқылы Алакөлде 1972 жылы көне дәуір шағалаларын сақтап қалу мақсатында мемлекеттік қорықша да ашылған. Ал 1998 жылы осы қорықша негізінде «Алакөл» мемлекеттік табиғи қорығы құрылды. Қорықтың аумағы Алакөл-Сасықкөл көлдер жүйесінің тек бір пайызын ғана алып жатыр. Ғалымдардың
пайымынша, құстардың мекенін сақтап қалу үшін қазіргі кезде қорық аумағын ұлғайту қажет.

Ернар Мұхтарұлы әлемнің бірде-бір ғалымы тани алмаған көне дәуір шағаласын алғаш боп адамзатқа әйгілі етті. Ол талай экспедицияларға қатысты. 1966 жылы Қазақ ұлттық университетінің биология факультетін бітіріп, зоология институтының орнитология бөліміне қызметке орналасты.

«Қазақ тарихында Алтын адамның табылуы қаншалықты маңызды болса, қазақ зоология ғылымында реликті шағаланың ашылуы сынды жаңалық әлі қайталанған жоқ» депті көне дәуір шағаласы жайында кино түсірген режиссер Елза Елтоққызы. Бұған дейін көне дәуір шағаласын әлем ғалымдары сан көрсе де, жаңа түр ретінде дәлелдей алмағанды, университет бітіргеніне 2-3 жыл болған Ернар көрегендік танытты. Өзге зерттеушілер оны қара басты өгіз шағаладан ажырата алмай жүргенде, Ернар реликті шағаланың дауыс ырғағынан-ақ елең ететін.

Шындығында шағаланың бұл түрін ажырату өте қиын. Кезінде, тіпті, әлем орнитологтарының атасы, американдық ғалым Чарльз Воридың оны түр ретінде атауға батылы бармаған. Реликті шағаланы ашу Ернардың пешенесіне жазылыпты. Ол шетелдік ғалымдармен тығыз қарым-қатынаста болды. Англияның Оксфорд, Кембридж университеттерінде дәріс оқыды. Оны АҚШ-тың жоғары оқу орындары да шақыртып жатты.

«Пошта жәшігі хатқа толып тұратын. Көктем шыға салысымен, буынып-түйініп дайын отырушы еді. Сосын қара күзде бірақ оралатын» деп еске алады бүгінде Ернардың жары Ольга Николаевна.

Ой құшағында жүретін Ернар өз қабілетінің бәрін табиғатты қорғауға, әсіресе, құстарға арнады. Сондықтан болар АҚШ орнитологы Джорд Боссол оған «Мистер Шағала» деп әзілдейтін.

Тек шағаланы алғаш ашқаннан кейін он жылдан астам уақыт өткеннен соң барып, Ернар 1980 жылы Мәскеуде «Реликті шағаланың биологиясы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Себебі, ол атақ-даңқ қумады. Бірінші кезекте қанаттының қамсыз өсіп-өнуін ойлап, бар күш-жігерін жұмсады. Ернар Әуезов 1995 жылы елуден енді ғана асқан шағында бұл дүниемен қош айтысты.

Олардың саны қанша?

Жоғарыда айтқанымыздай, Алакөлдің маңы құсқа бай. Ең бастысы, бұл көлді әлемде сирек кездесетін, Қызыл кітапқа енгізілген көне дәуір шағаласы мекендейді.

Алакөлдің көлемі ұлғайған сайын құс саны да көбейе түсуде. Қазіргі кезде көлдің тереңдігі 40-50 метрді құрайды. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, бұл өңірді үш жүзден аса құс түрі мекен етеді. Оның 38-і Қызыл кітапқа енген. Ал реликті шағала дүниежүзінде тек осы Алакөлге ғана ұя салады.

Алакөлдегі Аралтөбе деген аралды құс базары десе де болады. Мұнда қалай келгені белгісіз, улы жыландардың үш түрі мекендейді. Бір кездері ат сауырынан келетін көл мен арал арасындағы өткелге жылқылар қыстап жүрген. Бірақ, кейін онда ұялы қасқыр пайда болған соң ол шаруа тоқтатылған көрінеді.

– Реликті шағала – шағалалар тұқымдасына жататын, дене мөлшері қарғадай, ақ түсті, тұмсығы қошқыл, көзінің айналасы ақ шеңбермен қоршалған жыл құсы. Алакөлге сәуірдің басында ұшып келеді. Шоғырланып ұя салады. Жыныстық жағынан 2-3 жасында жетіледі. Аналығы ұяға 1-4 жұмыртқа салып, оны 24-26 күнде басып шығарады. Балапандар 40-45 күнде қанаттанып, ұядан ұшады. Жәндіктермен қоректенеді, әсіресе, масаларды жақсы жейді. Тамыздың басында қыстау үшін Оңтүстік-шығыс Азияға ұшып кетеді, – дейді С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті биология кафедрасының меңгерушісі Гүлнәз Есімбекқызы бізге берген сұхбатында.

Реликті шағаланың тіршілігі аз зерттелген, себебі, осы күнге дейін олардың тұрақты ұялаған жері – Алакөл ғана. Соңғы кезде ара-тұра Балқаш көлінің маңында ұшырасып жүр. 1976-1994 жылдары бұл шағаланың жалғыз қоразы Алматы хайуанаттар бағында ұсталыпты. 1991 жылы көл шағаласымен будандастырылып, одан алынған шағала қазір сол паркте тіршілік етуде.

Бұл шағаланың жалпы саны бес мыңдай шамасында деп жорамалданады. Бұл аз емес. Ендеше, шағаладан көз жазып қалмаймыз.

Қызық дерек:

Жердің талайын көрген Асанқайғы Алакөл маңына аяқ тірегенде «тоқта!» деген екен. Бүгінде ел көненің көзіндей болған Тоқта тауының тарихын солай өрбітеді. Атының тізгінін тартып, айналасына көз салған кемеңгер: «Жер-ақ екен шіркін, бірақ ұрыс иісі шығып тұр» деп мұңайыпты. Күншығыстан ақтарыла төгілген жау Жоңғар қақпасынан шыға бере осы жақты беттеген деседі. Жараланған батырлар да көлге түсіп, сауығып қайтады екен.

Осыдан шамамен екі жүз миллион жыл бұрын Мезозой дәуірінде қазіргі Еуразия құрлығының орнында Тетис атты мұхит болған. Сол кезде оның жағалауында шағалалар тіршілік етіпті. Мұхит тартылған кезде құстар теңіздің орнында пайда болған көлдерді мекендеп қалған. Реликті шағалалар, міне, сол көне құстардың жұрнағы болып табылады. Олар ататектерінен айнымайды. Ал жер бетіндегі өзге шағалалар эволюцияға ұшырап, түр-келбетін өзгерткен. «Реликт» сөзі латын тілінен аударғанда «жұрнақ, қалдық» деген мағына береді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button