Руханият

Бақытты да, байлықты да Бурабайдан тапты

Бақытты да, байлықты да Бурабайдан тапты

– Менің атым ғана неміс, затым – жан-тәніммен қазақпын. Қаншама елді көрдім, қанша жерді араладым, бірақ осы өзім туып-өскен өлкеден артық мекенді жолықтыра алмадым. Көзімді ашқаннан араласып келе жатқан қазағымдай жұрт жоқ, мен үшін, – дейді Бурабай ауылының байырғы тұрғыны Владимир Гуммель.
Володяның әкесі Герман Иванович (Иоганн) Гуммель 1941 жылы 11 жасында Кавказдан жер ауып келген екен. Герман фашистері КСРО-ға қарсы соғыс бастағанда, қатыгездігі сол жауыздардан бір де кем түспеген қанқұйлы кеңес басшылығы сенімсіз ұлт ретінде немістерді ежелден мекендеп, орныққан жерлерінен мал таситын вагондарға тиеп, Қазақстанға, Алтай өлкесіне жер аудара бастағанын тарихтан білеміз. Сол «сенімсіз» жандардың бірі ретінде Герман Иоганнұлы да Күршім жеріне аяқ басады. Сәл есейген соң оны аудан орталығына тұрғызбай, Тоқбураға, одан соң Шірікаяқ маңындағы Ленинскіге жөнелтіп, шахтада жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Сол жұмыста жүріп жас жігіт Саратов облысынан жер ауып келген өзіндей неміс қызы Эмилия Роотпен танысады. Екеуі жүрек әмірімен тағдыр тоғыстырып, шаңырақ көтереді. Сөйтіп, «КПСС XXII съезі» атындағы совхоздың бір фермасы – Бурабай ауылына келіп, қоныс тебеді.
– Біз отбасында бес баламыз, – деп әңгімесін жалғастырды Володя. – Үлкен ағайым Василий мен апайым Светлана Өскеменде тұрады, екеуі де балалы-шағалы. Үлкен апайым Надежда Ресейдің Курган облысында. Ал қарындасым Нина ата-анаммен бірге Германияға көшіп кетті.
Негізінде, қарттарды атажұртына алып кеткен сол Нинаның өзі екен. Семейде оқып жүргенде бір неміс жігітімен танысып, тұрмыс құрған соң, екеуі атамекен Алманияға қоныс аударуды ойлай бастаса керек. Шалғайда жүріп, қанша қиындық көрсе де тілін, дінін ұмытпаған қариялар олардың бұл талабын құптап, 1996 жылы жұмыла ірге көтерген көрінеді.
– Бүгінде олар батыс Бавариядағы Бэкхофен деген қалашықта тірлік кешіп жатыр, – дейді Владимир Германұлы. – 2004 жылы барып, бір ай қонақ болып қайттым. Сенесіз бе, ауылымды, мұндағы ағайынды сағынып, әрең шыдадым. Менің жайымды айтпай түсінген ата-анам «жата тұр» деп қыстаған жоқ.
Бір қызығы, онда да Қазақстаннан барған бірнеше отбасы араласып, сыйласып тұрады екен. Мінез, салттары қатаң жергілікті немістерге қарағанда олардың қазақы кеңдігі өзгермеген сыңайлы. Бізден барған немістер бастары қосылса қазақша ән салып, қазақша әзілдеседі. Бұл жағынан менің шешем ешкімге дес бермейді, ол Бурабайдағы тойларда да әнді алдымен бастайтын.
В.Гуммельдің қызы Олеся Ерлан Ахметов деген қазақ жігітіне тұрмысқа шықса, ұлы Виктор қазақ қызына үйленіпті. Екеуінен үш-үштен алты немере сүйіп отырған Володя мен Ольга құдаларын құдайындай сыйлайтын нағыз қазақы мінездің адамдары.
– Қарындасым мен күйеу балам «өркениеті көш ілгері мемлекетке көшіп келсеңдерші» дегендей рай білдірді, – дейді Володя. – Мен оларға өзімнің туып-өскен Бурабайым мен ондағы қазақ ағайынымнан артық ешкімнің жоқтығын, менің бақытымның да, байлығымның да осында екенін нақтылап айтып ұғындырдым. Ол жақта жүргенде бір түсінгенім – Германияда тұрып, өмір сүру үшін сол жақта туып, барша салт-дәстүрді көзіңді ашқаннан бойға сіңіріп өсуің керек екен. Ал мен болсам, бар тәрбиені кеңқолтық қазекеңнен алып өскен адаммын. Ендеше, менің мәңгілік мекенім – өз Отаным, өз жерімде!

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button