Экономика

Арматура зауыты экспортты еселеп келеді

«Өскемен арматура зауыты» АҚ келесі аптадан бастап «Каспий құбыры консорциумы» (КТК) АҚ-на өздерінің жаңадан шығарып отырған мұнай құбырына қажетті арматура өнімдерінің алғашқы легін жібере бастамақ.

Арматура зауыты экспортты еселеп келедіАкционерлік қоғамның директорлар кеңесінің төрағасы Николай Грезневтің айтуынша, зауыттың мұнай құбырларына арналған жаңа өнімдері жыл соңында «Интергаз Центральная Азия» АҚ-на да жеткізілетін болады.

Елімізде жүзеге асырылып жатқан Үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасына қатысып отырған арматура зауытында қазіргі күні екі бірдей ірі жоба жүргізіліп жатыр. Өндірілетін өнім түрлерінің көлемін 3 миллиард теңгеге дейін арттырып, 5,4 миллиард теңгенің жаңа өнімдерін шығаруды көздеген жаңа жобалар бойынша зауыттың өндірістік цехтары қайта жаңғыртылып, жаңа құрал-жабдықтармен толықтырылуда.

Жобаның алғашқы кезеңінде зауытқа Германия, Швеция, Чехия, Швейцария елдерінде жасалынған заманауи 23 құрал-жабдық түрі сатылып алынып, орнатылып отыр. «Каспий құбыры консорциумына» жөнелтілгелі отырған жаңа өнімдер осы құрал-жабдықтар арқылы шығарылуда. Құбырларға арналған крандар мен ілмекті ысырмалар сияқты жаңа өнімдердің тәжірибелік үлгілері зауыттағы, өзге де өнеркәсіп орындарындағы өндірістік зертханаларда арнайы сынақтан өткізіліп, берік те сапалы екендігіне көз жеткізілген.

Мұнай, газ құбырлары магистральдарына қажетті өнім түрлерін игеріп, олардың сапасын арттырып отырған зауыт өнімдерінің 75 пайызға жуығы шетелдерге: Ресей мен Белоруссияға шығарылып келеді. Еліміздің экспортын еселеп отырған арматура зауытына «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының үшінші – экспорттық бағыттағы кәсіпорындарды қолдау бағыты бойынша мемлекеттен қаржылай қолдау көрсетіліп, субсидия бөлінген. Осы субсидия негізінде арматура зауытының бұрын банктен алған несие қарызы пайыздық үстемесінің 8 пайызы мемлекет есебінен жабылып отыр. Аталған бағдарлама бойынша зауыттың өнімдерін шетелдік компанияларға жарнамалап, оның маркетингтік қызметін жетілдіруге де мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілуде.

Жүздеген адамды жұмыспен қамтып отырған Өскемен арматура зауытында еңбекақы көлемі жыл сайын көтеріліп келеді. Қазір жұмысшылардың алып отырған орташа жалақы көлемі өзге ірі кәсіпорындармен салыстырғанда бір жарым, екі есеге дейін көп. Зауыт еңбеккерлерінің әлеуметтік жағдайына да үлкен мән берілуде. Кәсіби білікті мамандардың шоғырланған жері болып саналатын бұл өнеркәсіп орнында техникалық бағыттағы оқу орындарының студенттері жыл сайын өндірістік тәжірибеден өтуде.

– Бұрын Батыс елдерінің кәсіпкерлері банктен несиені өте төменгі пайызбен алып жатқанын көргенде бізде осындай қашан болады екен деп ойлаушы едік. Енді біз де сондай мүмкіндікке жеттік, төмен пайызбен алмасақ та, мемлекет банктен алған қарыздың пайыздық үстемесін өзі жауып отыр. Біздің зауыт облыс бойынша ең алғашқылардың бірі болып «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына қатысып отыр. Осы бағдарлама аясында мемлекет тарапынан бізге көрсетілген субсидиялық көмек айналым қорын молайтуға, артық қалған қаржыны өндірісті өркендетуге жұмсауға едәуір септігін тигізді, – дейді зауыт басшысы.

Өткен жылы зауыт «КазТрансОйл» АҚ-мен кәсіпорын өнімдерімен жабдықтап тұруға үш жылға келісімшартқа отырды. Шетелдік компаниялармен екі арадағы байланыстар да одан әрі нығайтылып келеді. Өнімдері экономиканың ең басты тегершігінің бірі саналатын мұнай, газ саласына бағытталған «Өскемен арматура зауыты» АҚ осылайша нарықтық кеңістіктен жаңа серіктестер тауып, өндірістік қуатын бәсеңдетпей, атын әйгілей түсуде.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button