Мәдениет

Археологиялық обаларды кімдер тонап әкеткен?

Қазіргі Шығыс Қазақстан аумағы – тас ғасырынан бастап, кейінгі орта ғасырларға дейінгі тарихи ескерткіштер шоғырланған өлке. Біз бүгін солардың ішінен ерте темір дәуірінің ескерткіштері жайлы сөз қозғамақпыз.

Археологиялық обаларды кімдер тонап әкеткен?Бұл ескерткіштердің зерттелуі үздім-жұлдым біржарым ғасырға созылғанымен, әлі күнге тыңғылықты, кешенді түрде зерттелген жоқ. Қазірге дейінгі зерттеулер дәл бүгінгі күннің талабы тұрғысынан алып қарағанда еш қанағаттандырмайды. Сондықтан, шынайы қазақ тарихын жазуда Шығыс Қазақстанда топтасқан ескерткіштерді «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында кешенді түрде зерттеу – Қазақстан археологиясы алдында тұрған негізгі мәселелердің бірі.

Сонымен осынау ескерткіштерді қорғау және сақтау мәселесі дәл қазіргі таңда қандай дәрежеде? Бұл мәселеде ауыз толтырып айтатындай нендей шаралар іске асуда?

Тарихи ескерткіштер
шоғырланған өлке

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, 1917 жылы жерге деген жекеменшіктің жойылуы негізінде археологиялық құндылықтарды қорғау жалпымемлекеттік деңгейде бағыт алғанымен, ескерткіштерді қорғау жүйесі нақты жолға қойылмады. Дегенмен, археологиялық ескерткіштерді картаға түсіру, олардың төлқұжатын жасап, мемлекеттік қорғауға алу, тіркеу, қорғауға бағытталған барлау мен қазба жұмыстары өз уақытында оң нәтижелер бергенін де әсте жоққа шығаруға болмайды.

Тарихи-мәдени мұраларға табиғат әсерінен және шаруашылық мақсатта бұзылудан басқа, арнайы тонаушылық әрекеттер де қауіп төндіреді. Заңсыз қазбалар арнайы білімі жоқ аймақтанушылар тарапынан да, сол секілді коммерциялық мақсатта жеке тұлғалар тарапынан да жасалады.

Бұл жағымсыз жайттардың бәрі ескерткіштердің дұрыс қорғалмайтындығынан, ғылыми жұмыстардың жеткіліксіз қамтылуынан, түрлі мемлекеттік кәсіпорындардың оларды қорғау жұмыстарына шығын жұмсағысы келмеуінен орын алады.

Өңірде қозғауға ұшыраған
қорымдар да бар

Адам баласы сонау ықылым замандардан өздерінің руластары мен тайпаластары қайтыс болғанда олардың жерлеу орындарын сырт көзден жасырын немесе оған жолау жәйін мүмкіндігінше қиындатып қойған. Тарбағатай бөктерлеріндегі ашық алаңқайдағы Ақсуат қорғандары, я болмаса жан-жағын таулар қоршаған Берел, Шілікті жазығындағы ақсүйектер жерленген қорымдар сол кездің өзінде-ақ қозғауға ұшыраған. Олардың басты төрт себебін А.Суразаков өз еңбегінде нақты талдаған болатын. Оның алғашқысы қазіргі вандалдар сияқты тонаушылық әрекет болса, ал келесісі «қорлау дәстүрі» болған. «Қорлау дәстүрінің» жарқын мысалы ретінде Томирис ханшайымның парсыларға сақтардың ата-баба қабірлерін бүлдірген жағдайда ғана соғысқа шығатындығы жөнінде берген жауабын алуға болады. Батыр бабамыз Қабанбайдың мүрдесін «қорлап кетпесін» деген мақсатпен жауларынан жасырып қойғанын бәріміз де білеміз. Жалпы мұндай жағдаят қазірге дейін көптеген халықтарда сақталған.

Келесі «Иемдену ғұрпы». Бұл ғұрып бойынша жерлеу орнын мәңгілік мекен етуші мен оны тұрғызушы тумаластарының мола орналасқан жерге қандай да бір қатысы бар екенін аңғартады. Сондықтан да болар, сол жерге кейін келушілер өздерінің де қатысы бар екендігін білдіріп, зираттарын қабаттастырып немесе бұрынғының үстіне жерлеген. Яғни, бұлай ету олардың сол жердің ендігі иесі екендіктерін білдірген. Алыстан жаңғырығып жеткен мұндай дәстүр қазақтардың өмірінде де көрініс тапқанын Шілікті жазығындағы қорғандардың көбінің үстіне бертінгі қазақ зираттары тұрғызылғанынан байқауға болады.

Келімсектердің өздеріне дейін ғұмыр кешкен бұрынғылардың зиратын пайдалануы (выпускное захоронение) «өзіне тарту» ғұрпы болып есептеледі. Бұл жағдайда қорғандарда жерленген мәйіттердің жамбасынан жоғарғы кеуде тұсын ғана бұзған, олардың түсінігінше, жаны орналасқан кеудесі қаңқасынан ажырайды, оның орнына келіп жатқан адамды қайтып келіп, мазаламайды деп ұққан. Сондай-ақ, бұрынғы жерленген мәйітті қозғамай-ақ, қасына кейінгі адам мәйітін өздерінің салт-дәстүрімен жерлеген. Мәселен, Шығыс Қазақстандағы Измайловка, Зевакино, Сөк, Берел және т.б. қорымдарда қола, ерте темір немесе түркі дәуірінің қоршаулары мен қорғандары араласып орналасқан.

Қазақстан мен Сібірді Ресей империясының отарлауы кезінде әртүрлі қашқындар мен босқын «бугровщиктер» деп аталатын ұрылар мен қарақшылар осы өлкелердегі ескерткіштерді жаппай тонауға ұшыратса, ал кеңестік дәуірде, 1990 жылы Жарма ауданының Қызылағаш ауылы жанындағы ерте темір дәуірі қорғандарын әскерилердің аяусыз тонауы кезінде қалдырған бушлаттары мен күрек-саймандарының куәсі болғанбыз. Ол уақытта шекаралық аймақта орналасқан Шілікті қорымындағы қорғандар сияқты стратегиялық маңызы бар ескерткіштердің үстіне және жанына шекарашылар окоп қазған немесе дот тұрғызған.

Қорған қалай қолды болды?

Сорақылықтың ең масқарасын өткен жылы Аягөз ауданы, Ақшоқы ауылдық округіне қарасты №2 фермасы (Қалғұты) жанындағы ерте темір дәуірінің Қырық оба ескерткішіндегі ең үлкен қорғанды, оңай олжаны «кәсіп» еткен Қытай Халық Республикасының азаматы ешқандай рұқсатсыз, үлкен техниканың көмегімен қазып алып, тонап кеткенінен көрдік. Бұл оқиғаны ауылдан аса қашық болмаса да жергілікті жердің халқы көрмеген, не көрсе де мән бермеген. Мұны қарапайым халықтың қараңғылығы десек, сонда көзі ашық, зиялы қауым қайда қараған?

Әкімшілік өкілдері мен құқық қорғау органдарының адамдары иек астындағы ескерткіште жымысқы әрекеттерін жүзеге асырып жатқан ұлты қытай азаматтарын қалайша байқамаған? Әншейінде кез келген көлікті тоқтататын МАИ қызметкерлері абажадай техниканы күре жолдан бұрысқа апара жатқандарды қайтіп қана көрмеген? Мұның бәрі осы аймақ тұрғындарының ұлттық мұрамызға селқос қарағандығынан туындап отыр. Археология магистрі Ерболат Рахманқұлов Ақшатау ауылына барып, тоналған қорғанды өз көзімен көрмегенде бәрі «жабулы қазан жабулы» күйінде қалар ма еді, кім білсін?

Бұл қорғандарда өзіміз қатысып, халқымыздың мұрасын бірегей һәм қайталанбас мол олжалармен кенелткен Берел, Шілікті ескерткіштеріндегідей жәдігерлердің жолықпасына кім кепіл? Біз облыс, аудан әкімшіліктері, елін сүйетін патриот азаматтар тарапынан қозғау болса, өлкенің ескерткіштерін есепке алумен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге бел шеше кірісеріміз анық. Қазіргі таңда еліміздің өзге аймақтарында облыстықты былай қойғанда аудан, тіпті, әрбір ауылдық округтің ескерткіштерін есепке алып, жинақтарын шығаруда.

Р.S. Тегінде жылжымалы және жылжымайтын археологиялық ескерткіштердің маңызы оның физикалық маңызында ғана емес, ең алдымен бұл ескерткіштер – материалдық, рухани мәдениет және адамдардың мекен еткен ортасы туралы маңызды ақпаратты сақтаушы. Сондықтан археологиялық ескерткіштерді жоғалту материалдық қана емес, рухани мұраны жоғалту болып табылады.

Ғани Омаров,
археолог, әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың доценті,
тарих ғылымдарының кандидаты

Осы айдарда

Back to top button