Шығыстың жеті бренді

Қар барысының қадіріне қашан жетеміз?

Бізде Шығыс Қазақстанға ғана тән, көздің қарашығындай сақтар, мақтан тұтар байлық-брендіміз бар. Баға жетпес брендтерімізді жұртшылық біле ме, соларға қатысты қандай проблемалар бар? Міне, осы мәселелердің түйінін тарқату, құндылықтарымыздың қадіріне жетіп, жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында «Шығыстың жеті бренді» атты жаңа айдар ашып отырмыз.

Редакция

Қар барысының қадіріне қашан жетеміз?Тәуелсіздіктің дәмін алғаш татқан тоқсаныншы жылдары Қазақ мемлекеті өзінің ұлттық символына қар барысын қалап алған-ды. Бұл тегін таңдау емес еді. Солтүстікте ақырған аюыңыз, Шығыста аузынан от шашқан айдаһар мен оңтүстікте Азияның жолбарыстары анталап тұрған алмағайып кезеңде осылардың аранына жұтылып кетпей тіршілік құру қар барысының ғана қабілетіне тән. Десек, зерттеуші ғалымдардың пікірі қазақ қасиет тұтқан осы бір түз тағысының түп төркіні Алтайдың «аспан тауларынан» бастау алатынын айтады. Кейінгі жылдар орайында қатары сиреп кеткендіктен Қызыл кітапқа енгізілген қар барысы хақындағы бұл мақаламен «Шығыстың жеті бренді» атты жаңа айдардың тұсауын кесіп отырмыз.

Жаратылысы жұмбақ түз тағысы

Қазір біз «қар барысы» деп жүрген мысық тұқымдас жыртқыш сүтқоректіні бабаларымыз «ілбіс» деп те атаған. Түрік тілінен аударғанда «ирбиз» сөзі «қар мысығы» деген мағынаны білдіреді екен. Қар барысы атауы осыдан шықса керек.

Жаратылысы жұмбақ бұл аңның тіршілік ету салты да ерекше, көшпенділерге өте жақын. Бір жерде тұрақтап қалмауы, қорегінің мекеніне қарай белгілі бір аумақта көшіп-қонып жүруі, адаммен бетпе-бет ұшыраса қалған жағдайда өзге жыртқыштар секілді тап беріп, тарпа бас салмауы немесе қорқып қаша жөнелмей паңдана қарап, бүлкектей желіп өз жөніне кете беретіндігі біздің ата-бабаларымызды ежелден баурап алған. Оның бойындағы ерекше қасиетінің бірі – бұратылып аштан өлгелі жатса да өлексеге ауыз салмайтыны, жемтігін адалынан «бауыздап» жейтіндігі. Бәлкім осы қасиеті үшін көшпенді түркі халқы ілбісті қастер тұтқан.

«Ілбістің апаны Ұзынкөл көлінің (Таулы Алтайдағы Шолшы өзенінің ең биік тұсы) солтүстік бөлігіндегі 2470 метр биіктіктегі жартаста орналасқан. Апанның айналасы тастақты келеді, жалпақ жапырақты тапал қайыңдар мен үйеңкі ағаштарының сирек шоғыры өскен. Және апанның аузына қарай сібір тауешкілері мен солтүстік бұғыларының сүйектері шашылып жатыр, ал ішкі жағы тапталған, табанына жүн төселген. Апанның биіктігі 170 сантиметрдей болса, ені 200, тереңдігі 240 сантиметрдей шамасында екен» деп жазады өзінің зерттеу еңбегінде ресейлік ғалым Генрих Собанский.

Экзотикалық аңның ерекшеліктері

Алтайды мекендейтін мысық тұқымдастарының (барыс, сілеусін және манул) ішіндегі ең ірісі осы – қар барысы. Ересек барыстардың дене тұрқы 105-130 см.-ді құраса, құйыршығының ұзындығы – 90-100 см. иығынан есептегенде биіктігі 60 см. Ал салмағы 30-дан 40 келіге дейін жетеді. Түсі мен денесінің ірілігін айтпағанда сырт пішіні кәдімгі мысықтан аумайды. Аяқтарының басы толықтау, тырнақтары өткір, күшті. Терісінің жүні әсіресе, қыста өте жұмсақ, қалың, құлпырып тұрады. Жаздағы жүнінің түсі ашықтау келеді. Құйыршық жүні қалың болғандықтан үлкен сияқты көрінеді. Денесінің түсі ақшыл сұр және дөңгеленген қара дақтары бар, ал бауыры ақшыл. Еркегі мен ұрғашысының сырт қарағанда айырмашылықтары жоқ.

Көпшілік мамандар экзотикалық деп атайтын ілбістер негізінен жұптасып өмір сүреді. Ұрғашысы ұрпағын үш ай бойы көтеріп, кішкентай аландарды (барыстың күшігі) екеу-үшеуден дүниеге әкеледі. Алғашқы бес ай шамасында аландар енесінің сүтімен, одан кейін жан-жануарлардың етімен қоректенеді. Сөйтіп 2-3 жылда толық өсіп-жетіледі. Жабайы мысықтардың ішінде ілбістен асқан «балажан», әсіре қамқор жыртқыш жоқ деседі зерттеушілер.

Қар барыстары топтасып жүрмейтіндіктен өздерінің жеке тіршілік ететін аймақтары болады. Олардың көлемі 25-60 шаршы шақырымнан 120 шаршы шақырымға дейін созылады екен. Өз мекендерін түз тағылары ұдайы қорып, шекарасын кіші дәретін қалдыру немесе тасқа тұмсығын үйкелеу арқылы «бұл жердің иесі бар» дегендей белгі тастап кетеді.

Олар жаз маусымында төбесін көкке сүйгізген мұнар таулардың адам аяғы жете бермейтін жалтыр жартастарын, мұздықтарын, ал қысқа қарай біраз төмендеп субальпілік, альпілік белдеулерде, қылқан жапырақты ормандарда болады. Таутеке, арқар, елік, қарақұйрық, жабайы қабан, қоян, тышқандарды, сондай-ақ ұлар, кекілік сияқты құстарды аулап жейді. Бір қызығы құрбандығын түнде немесе кешқұрым, таң алдында ұстайды. Көзінің өткірлігі, иіс сезу, есту мүшелерінің жақсы дамуы олардың түнде жортуылға шығуына мүмкіндік береді.

Ілбістің ізіне зар болып қалмайық

Жер бетінде ілбістер Орталық Азияның Гималай, Памир, Тянь-Шань, Алтай Батыс Саян, Үлкен Кавказ секілді таулы аймақтарында, ал елімізде Іле Алатауы, Жоңғар Алатауы жоталарында, Үлкен Алматы шатқалында, Тарбағатайда, Оңтүстік Алтайда, Күршім жотасында, Бұқтырма өзінінің бастауында, Марқакөл атырабында ғана кездеседі. Өкініштісі сол – олардың қатары жылдан-жылға азайып, тұран жолбарысы сияқты тұқымы тұздай құрып кетудің аз-ақ алдында тұр.

Ресейлік және отандық зерттеушілердің жұмыстарына жүгінсек, Алтайдағы ілбістердің қынадай қырылуы жиырмасыншы ғасырдың соңымен тұспа-тұс келеді. Яғни, одақ ыдырап, ауыл жұрты екі қолға бір күрек таппай қалған өтпелі уақытта терісі қымбат түз тағылары қарақшылардың олжасына айналған. Дәл осы кезде қара базарда аюдың өті мен терісіне қоса қар барысының терісі де қымбатқа саудаланды. Содан кейін-ақ ілбістердің саны кеміп, қазір Алтай тауларында олардың жүзге жетер-жетпесі ғана жүр.

Тарбағатай, Сауыр және Оңтүстік Алтай тауларында бұл аңның саны XIX ғасырда сирей бастаған. Жетісу өңірінде XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында жыл сайын шамамен 70-80 ілбістің көзін құртып отырған.

Дерек көздеріне сүйенсек, біздің облыста жылына төрт-бес барыс ауланып, әрқайсысы «қара» базарда 5 мың долларға сатылады. Терісімен бірге сүйегі де жоғары сұранысқа ие. Сүйегінен Шығыс медицинасында дәрі-дәрмек жасайды. Ал кейбір мәліметтерге сенсек, Ресейдің «қара» базарында ілбістің бір тірі күшігін үйінде жекеменшік хайуанаттар паркін ұстайтын ауқаттылар 25-30 мың долларға сатып алатын көрінеді. Дамыған еуропалық елдерде олардың теңбіл терісі тіптен қымбат.

Ғалымдардың бірсыпырасы бүгінде жер бетінде 8 мыңның үстінде ілбіс бар десе, келесілері бұл санды 6 мыңнан ары асырмайды. Соның ішінде Орталық Азия мен Ресей аумағындағы барыстардың жалпы саны 700-ге жетер-жетпес қана. Мұның қаншасы Қазақстанға тиесілі екенін ешкім дөп басып айта алмауда, өйткені ілбістердің есебін жүргізуге, сақтап, қорғауға мемлекеттен қаржы қарастырылмаған. Қар барысын зерттеу жұмыстары елімізде Оңтүстік Алтайдан басқа жерде жүргізілмейді. Оларды қорғау қоры да біздің облыста ғана жұмыс істейді. Қазақстанда тұңғыш рет өскемендік зоологтар Олег пен Ирина Логиновтар «Ирбис» клубын құрып, ғаламтор кеңістігінде арнайы сайт ашып, фотоальбомдар мен «Қар барысы. Аспан тауларының нышаны» деген кітап шығарды.

– Өткен ғасырдың ортасында Орталық Азияда тұран жолбарысы мен азиялық қабыланның көзін құртып жіберді. Өкінішке қарай, қар барысының тағдыры да осылай болуы мүмкін. Қазір ілбістердің саны күрт азайып кетті, оның мекен ететін аралының 90 пайызына әлі күнге айрықша қорғалатын аумақтар мәртебесі берілмеген. Біздің мақсат – осы бір мысық тұқымдас ерекше аңның бүгінгі өткір проблемасына мемлекеттің назарын аударту ғана емес, сонымен бірге оларды қорғаудың ауқымды іс-жобаларын ұсыну, – дейді «Snow Leopard Fund» қорының директоры Олег Логинов.

Зерттеушінің айтуынша, 2010 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында жолбарыс форумы өткен. Енді биылғы қыркүйек айында ШЫҰ-ның саммитімен қапталдас Бішкекте қар барысына арналған әлемдік форум өтпек. Оған осы түз тағысы мекен ететін елдердің ең жоғары лауазым иелері, соның ішінде Қырғызстан басшысы Алмазбек Атамбаев, әлемдік кино және шоу-бизнес жұлдыздары қатысады. Форумда қар барысын қорғап, сақтаудың өзекті мәселелеріне көңіл бөлініп, талқыланады.

– Ғаламдық жолбарыс форумында мемлекет басшылары мен Леонардо Ди Каприо, Наоми Кэмпбелл, Жерар Депардье сынды әйгілі жұлдыздардың, сондай-ақ халықаралық беделді ұйымдардың қатысуының арқасында шамамен 380 миллион доллардай қаражат жиналды. Бұл қаражат жыртқыштарды сақтауға, қорғауға жұмсалады. Сондықтан биыл Бішкекте өтетін халықаралық жиын да дәл осындай ауанда ұйымдастырылмақ, – деп түсіндірген Олег Логинов қар барысынан айырылып қалмауды ойласақ бұл мәселеге жалпақ жаһанның назарын аударып, қаржылық және басқа да күштерді бағыттау қажеттігін еске салды.

Қор директоры өз сөзінде, қар барысын тиімді қорғау үшін оның тіршілік ететін мекенінің 75% пайызын Ұлттық стратегияға енгізіп, стратегияны қолдау және ілбісті сақтау шаралары жоғары деңгейде жүргізілуі тиіс екенін айтады.

Басқалар барысты қалай қорғайды?

Қырғызстанда қар барысын қорғау бағдарламасы жақсы жолға қойылыпты. Ол үшін қырғыз қойшыларына қаржылай көмек те көрсетіледі екен. Мәселен, АҚШ-тан келген «Қар барысының сенімі» ұйымы Қырғызстанның Ыстықкөл облысындағы ит тұмсығы батпайтын Ақшырақ және Енгілшек деген екі ауылының тұрғындарына барыс пен оның өмір сүретін ортасын қорғау арқылы күнкөріс табыстарын ұлғайтуларына көмек берген.

Алатаудың арғы бетіндегі айыр қалпақты ағайындар елінде бар-жоғы үш жүзге жетпейтін барыс қалған. Қырғыздар саусақпен санарлық бұл аңдарды көздің қарашығындай қорғауға көңіл бөлуде. Мәселен, ол жақта тірі барысты ел аумағынан сыртқа тасымалдаған немесе саудалаған адам бес жылға дейін темір торға тоғытылады екен. Сонымен бірге Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанда қар барысын қорғап, көбейтуге бағытталған қорықтар жұмыс істейді.

Ал солтүстік көршіміз Ресей 2002 жылы ілбісті сақтау жөнінде ұлттық стратегиялық бағдарлама қабылдап, кешенді шараларды қолға алса, Өзбекстан мұндай бағдарламаны 2004 жылы реттеп алған. Айтпақшы, Ресейде қар барысының мәселесін Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің өзі қатаң қадағалап отырады екен…

PS. Әне, «өсер елдің өкілдері» қолында барды қорғап қалу үшін өзегін жұлып беруге дайын екендерін көрсетіп бағуда. Мәселені мемлекеттік деңгейде қарап, арнайы стратегиялық бағдарлама да қабылдаған. Ал біз ше?! Көшпенді түркілердің «көзіндей» болған қар барысына қандай қамқорлық жасай алып отырмыз?

Керек-дерек

1999 жылдан бері елімізде үш дәрежелі «Барыс» ордені беріліп келеді. Бұл марапатпен тәуелсіздікті нығайтуға, бейбітшілікті, қоғамның топтасуы мен Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз етуге, халықтардың ынтымақтастығын күшейтуге, ұлттық мәдениеттерді жақындастыру мен өзара байытуға, мемлекетаралық достықты дамытуға ерекше еңбегі сіңген тұлғалар марапатталады. Сондай-ақ, Кеңес Одағы аумағындағы бес тауды – жетімыңдықты түгелдей бағындырған альпинистерге «Қар барысы» атты бейресми атақ берілген. Бұл атақ ТМД елдері арасында әлі де құрметті.

Әбіш КЕКІЛБАЕВ, Қазақстанның халық жазушысы:
– Барыстың гносеологиялық тұрғыдағы арғы тегі біздің бабаларымыздың дүниетанымына, адамгершілік мұраттарына барып ұласады. Барыс – сыры жұмбақ аң. Ол өзінше дербес, тәкаппар, топтанып жүруді ұнатпайтын, мейлінше сақ, бірақ қорқақ емес, барынша батыл, бірақ өзгелерге қиянат жасап, біреудің мекені мен жеміне көзін алартпайтын, басқаларға жоқтан өзгеге бола азу көрсетіп, тырнақ батыруды білмейтін, бірақ өзінің есесін ешкімге жібермейтін, төңірегіндегілерді шалымдылығымен өзін сыйлата алатын текті жануар.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button