Руханият

Қалағаңмен үш кездесу

Қалағаңмен үш кездесу

…2007 жылдың қоңыр күзі. Мамандығымыз журналист болған соң іссапарға жиі шығамыз. Катонқарағай ауданының Топқайың ауылында жақын інісі, ірі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Темірбек Исабаев салып берген ағаш үйде Қалағаң жатыр, енді бірер күнде Алматысына аттанып кететін шығар деп, жазушы досым Әлібек Қаңтарбаев сапарға шығар алдында ескерткен болатын. Салып ұрып ауылдың шетінде орналасқан ағаның үйіне келіп едім, Қалағаң есік алдынан қарсы алды. Дәмеш апайымыз шәй қойып жатыр екен.

Балаша қуанып еді

– Батыр, жол болсын, төрлет,–деді ақжарқын ағамыз қол беріп амандасқан соң. Асықпай шәй ішіп болған соң, бұйымтайымды айттым.
– Өткенде ауданның бұрынғы басшысымен «Егеменде» жарық көрген сұхбатыма реніш білдірген екенсіз. Бізде ақылы мақалаға әрқашан жол ашық. Оның үстіне баспасөзге жазылу науқаны кезінде аудан басшыларының жылы қабағы керек екені шындық. Ауданның азаматы болған соң қолдау көрсеткеніміз рас еді.
– Түсінемін. Газеттің жұмысынан хабардармыз. Бірақ ел газетіне мақаланы ұсынған кезде жергілікті жердің зиялы азаматтарының пікіріне құлақ салғанның артықтығы жоқ. Аудан басшысын бала кезінен білемін. Екі ауданды бөлмей, қаржы бөлген кезде әділдікті ту етіп ұстағаны жөн ғой, – деген Қалағаң ақбас шыңдарын мәңгі ерімейтін қар басып жатқан биік тауға тұнжырай қарады.
Сірә, жаз бойы кіндік қаны тамған Топқайыңында жатқан кезде ел аралап, жерлестерімен кездескен кезде ауданның жағдайына жақсы қанық болса керек, бұдан кейін жазушы ағамыз шалғайдағы ауданда жол сапасының нашарлығы, Рахман қайнары шипажайы меншікке сатылып кеткен соң, онда қарапайым адамдардың демалып, денсаулығын түзеу мүмкін болмай қалғанын қинала айтты. «Темірбек сияқты қолы ашық, жаны жомарт азаматтар көп болса ғой, ініме рақмет, кіндік қаны тамған Топқайың ауылындағы тұрғындарға қашанда көмегін аямайды, бір шақырым жолға асфальт төсеп беріпті. Мектепке де қол ұшын береді екен. Ауданнан шыққан басқа да қалталы азаматтар Темірбектің бастамасын қолдап кететін шығар деген үміттемін», – деді Қалағаң. Елағасының қашан да халықпен бірге болып, олардың әлеуметтік жағдайынан хабардар болып отырғаны сүйсінтті. Қалағаңды жаңа бір қырынан көргендей болдым.
Далаға шығып, жарты сағаттай әңгімелескен соң Дәмеш апай екеуін суретке түсіріп алдым. Арасында өзім де атақты жазушымен, Дәмеш апаймен суретке түстім. Арада бірер жылдан кейін Қалағаңмен Әлібектің үйінде кездесіп, «Өмірді суретпен өрнектеп» атты фотоальбом танымдық түрлі-түсті кітабымды қолтаңба жазып ұсынып едім, ондағы Катонқарағайдың адал да еңбекқор жандарын, тамылжыған табиғатын, Дәмешпен бірге түскен суреттерін көріп, ризашылығын білдірді. Қалағаңның қай тақырыпты болмасын терең білетінін, әлемде болып жатқан жаңалықтарды шекілдеуікше шағатынынан хабардармын. «Бауырым, өткенде фотоархивімде жарты ғасыр бойы жинаған бір миллионға жуық суреттерім бар деп едің, реті келсе ақырындап шығара берерсің» деп ақылын айтты. Аға ақылына құлақ асқанға не жетсін! Бұдан кейін де «Айшылық алысқа алты сапар», қазақ және орыс тілдерінде «Золотая Азиада Казахстана» –«Алашты асқақтатқан Азиада», Лондон Олимпиадасы жайындағы «Жеңіс жалауын желбіреткен жетеу» атты үш фотоальбом кітаптарым жарық көрді.

АЛТАЙДА АБАЙ АСҚАҚТАДЫ

…2009 жылдың 30-шы тамызы. Шырайлы Шығысқа Бердібек Сапарбаев әкім болып келісімен өзендер өрнектеген Өскемен құлпырып сала берді. Қала көшелері жөнделіп, ағаштар отырғызылып, түнде электр шамдары жарқырап тұратын болды. Ең бастысы, өңір басшысы рухани жағынан қатты жүдеген Өскеменді қазақиландыра бастады. Абай ескерткіші бұрынғы күн көсемнің орнына тұратын болды дегенді естігенде, облыс тұрғындары қатты қуанды.
Абай ескерткішінің салтанатты ашылуына Алматы мен Астанадан ғалымдар мен жазушылар, Сенат, Парламент депутаттары, Абай ескерткішінің авторлары Ескен Сергебаев пен Бақытжан Әбішев, Жарма ауданының халық аспаптар және симфониялық оркестр мүшелері, елге танымал әншілер шақыртылыпты. Құрметті қонақтардың арасында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин, атақты жерлес ақын-жазушылар Әзілхан Нұршайықов, Қалихан Ысқақ, Қабдеш Жұмаділов, Әлібек Асқаров, Ұлықбек Есдәулетов, тағы басқа танымал азаматтар бар.
– Біз Абаймен мақтанамыз. Абай – біздің ұранымыз. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ айтқандай, Абай шығармалары біздің идеологияны насихаттауда таптырмайтын құнды дүние. Ұлы Абай ескерткішінің Өскеменде ашылуы тарихи оқиға. Ендеше мереке құтты болсын, – деді өңір басшысы.
Бұдан кейін Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев, Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Қырғызстан, Ресейден келген қонақтар сөз алып, өскемендіктерді құттықтады. Сөз кезегі Қалағаңа келгенде қазағы аз, орысы көп Өскеменде хакім Абайға алып ескерткіштің қойылуы Алаш азаматтары ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің жемісі екеніне тоқтала келіп, ел өміріндегі маңызды оқиғаны жүзеге асырған өңір басшысының ұлтжандылығы мен іскерлігіне алғысын жеткізді. Бұдан кейін Қалихан Ысқақ Республика алаңында ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берді.
Әлем таныған, әлем мойындаған ұлы тұлғаға ескерткіштің ашылуы елеулі оқиға болды. Сол күні Өскеменге жиналған жазушылар мен қайраткерлер Абайдың ұрпақтарымен, қала жұртшылығымен емен-жарқын әңгімелесіп, қуанышты бірге бөлісті. Қалағаң Абайдың Зайсанда тұратын шөбересі Күлзипа Исрайловамен, Алматыдан келген Ишағи әжемен әңгімелесіп, ұлы ақынның рухын асқақтатқан ел басшыларына алғысын айтты.

АЛТЫН БЕСІК, АТА ЖҰРТ

Катонқарағай талайларды табиғат сұлулығымен тамсандырған, аңыздарға арқау болған ғажайып өлке. Төбесі аспанмен таласқан Мұзтауы, буырқанған Бұқтырмасы, ақ көбігі аспанға шапшыған асау өзендері мен көлдері, қарапайым еңбек адамдары жайында Қалағаң өз шығармаларында тебірене жазды. Ғажап өлке, оның жаны жомарт азаматтары Өскеменге көшіп келгендей әсерде қалдық.
2011 жылы «Туған ел -алтын бесігім» атты акция аясында Металлургтердің мәдениет сарайы алдында Катонқарағай ауданының мәдени күндері өтті. Туған жерге деген адалдық, жастарды патриоттық пен отансүйгіштікке баулитын бұл өнегелі акцияның берері мол. Ең алдымен қала тұрғындары жан-жаққа тарыдай шашырап кеткен талантты ұл-қыздарымен жүздесіп, сырласты, кездесулерде емен-жарқын әңгімелесті.
Бұл жолғы ауданның мәдени күндері ел есінде ұзақ уақыт қалмақ. Сонау Катонқарағай ауданынан әнші-бишілерді, ондаған тонна ет, сүт өнімдері мен шипалы балды аудан әкімі Серік Зайнулдин бастаған топ алып келді. Ал Алматы мен Астанадан, Катоннан келген кілең ығай-сығайлардың арасында Қалағаң мен Әлібек Асқаров, Қайырды Назырбаев, Дидахмет Әшімхан, Әлібек Қаңтарбаев, аудандық мәслихаттың депутаты Тоқтасын Қалибеков ұлы Жігермен, басқа танымал азаматтар бар. Металлургтер мәдениет сарайының алды думанға бөленіп тұр. Көңілді әуен сезімді қытықтағандай. Ауданның әнші-бишілері жиналғандарды баурап алған. «Жазушы Оралхан Бөкей өр Алтайдың асылы» деген айшықты жазуы бар киіз үйді көріп, ішін тамашалаған кезде талантты ағамыз ортамызда жүргендей ерекше сезімге бөлендік. Оралханның шығармалары киіз үйдің екі қабырғасын жаулап алған. Бір ғажабы, ауданның тағы бір талантты жазушысы, белгілі суретші, қоғам және мемлекет қайраткері Әлібек Асқаровтың әлі сиясы кеппеген, ерекше әсем безендірілген «Алтай – алтын бесік, ата жұрт» атты танымдық сафари жанрында жазылған түрлі-түсті фотоальбом кітабының тұсаукесері Оралханның киіз үйінде әсерлі өтті. Қалағаң інісі Әлібектің бұл кітабы жайында жылы пікір білдіре келіп, туған ел жайында шығармалар жазу адамды рахат сезімге бөлейтінін айтты.
– Біз Астана мен Алматыда тұрып жатқанымызбен бір бүйрегіміз осы жаққа бұрып тұрады. Ел арасында жиі боламыз. Зиялы қауым сіздің өнер мен мәдениетті, ақын-жазушыларға ерекше қамқорлық жасайтыныңызды жақсы біледі. Ел алғысынан артық не бар, «Туған ел—алтын бесігім» акциясын елімізде бірінші болып жаңғыртқаныңыз үшін көп алғыс,–деді өңір басшысының қолынан көрімдік алған Әлібек Асқаров.
Бұдан кейін Қалихан Ысқақ пен аудан әкімі Серік Зайнулдин сахна төріне шығып, ауданның жетістігі жайында айтып берді.
– Облысты басқаруға Бекең келгелі мұнда ірі қозғалыс басталып кетті. Ол қазақ деген ұлтты сақтау жөніндегі үрдіс. Қазақ ұлтын сақтау үшін мәдениет керек. Жаңа әкімнің осы маңызды істі қолға алып, хакім Абайға ескерткіш орнатқаны барша қазақты қуантты. Үндінің ұлы ақыны Тагор мен Пушкинге арналған ескерткіштің Өскеменде бой көтеруі өңір басшысының тереңнен ойлайтынын, ұлтжандылығын аңғартады. Сол үшін сізге мың алғыс, – деп жазушы ағамыз ақжарма тілегін жеткізді.
Қалағаңмен бірге болып, пікір алмасқан кез мен үшін мәңгі есте қалмақ. 2013 жылы жазушы аяғының ауруына байланысты Топқайыңына келе алмады. Іздеп барғанда сырқаттанып қалды дегенді айтты жерлестері. Біз Қалағаңды сағынатын болдық. Оның терең білімі мен зиялылығы, ұлтжандылығы мен ата мекенді қадыр тұтуы барша қазақ үшін өнеге бола бермек.

Оңдасын Елубай,
Жазушы Қазақстанның құрметті спорт қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері

Осы айдарда

Back to top button