Руханият

Абайтанудың өзекті мәселелері талқыланды

Абайтанудың өзекті мәселелері талқыланды

Қазақтың бары да, байлығы да – Абай. Адассақ та, алға ұмтылсақ та, Абайға жүгінеміз. Өйткені, Абай – қазақтың ғана емес, күллі адамзат баласының темірқазығы. Кеше Өскеменде «Абай мұрасы әлемдік руханият кеңістігінде» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде екі күнге созылған шараға отандық абайтанушы ғалымдармен бірге, сондай-ақ, алыс-жақын шет елден де Абай мұрасын зерттеушілер қатысты. Конференцияға қатысушыларды облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар құттықтады.

Көрмеде ұлы ақын туралы тың деректер ұсынылды

«Абай мұрасы әлемдік руханият кеңістігінде» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияның пленарлық мәжілісі меймандардың Өскемендегі Ұлы Абайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, баба рухына тағзым етуімен басталды. Ұлы Абай ескерткішінің жанында С.Аманжолов атындағы университеттің студенттері ақынның өлеңдерін оқып, әндерін шырқады.

Абайтанудың өзекті мәселелері талқыланды

Бұдан кейін конференцияға қатысушылар мен алыс-жақын шетелден келген меймандар университет фойэсінде ұйымдастырылған ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған көрмелерді тамашалады. Атап айтқанда, Абайдың Жидебай-Бөрілі мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы «Абай және дала өркениеті» және Семейдегі Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасы «Ғасырлармен үндескен асыл қазына» атты көрмелерді конференцияға қатысушылар назарына ұсынды.

Абайтанудың өзекті мәселелері талқыланды

– Бұл көрме заманында Абай оқыған, ұлы ақынның алақанының табы қалған, һәкімге рухани нәр берген, таным баспалдақтары болған әдебиеттер мен сирек басылымдардан тұрады. Сондай-ақ, бұл көрмеде Абайдың тұлғасына қатысты, Абайдың қайраткерлігін ашып көрсететін мәліметтер де мол. Абайдың өзі мүшесі болған статистика комитетінің, географиялық орыс қоғамының батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің басылымдары да осы көрмеден көрініс тауып отыр. Бүгінгі конференция қонақтары мен Абайды тереңірек танып, Абайды білуге ұмтылған жас ұрпақтың осы көрмемен де танысқаны жақсы болар еді деп ойлаймын, – дейді облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасының негізгі қорды сақтау бөлімінің меңгерушісі Ж. Манжыбаева.
Конференцияға қатысушылар Пушкин атындағы облыстық кітапхананың «Біздің Абай» атты электронды кітапханасы туралы да көп мәлімет алды. Облыстық Пушкин атындағы кітапхананың қызметкері Шекер Нұрғалымқызының айтуынша, кітапхананың Ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойы аясында қазақ және орыс тілдерінде жасаған бұл электронды кітапханасының негізгі мақсаты – Абайды әлемге таныту. Бұл электронды кітапханада Абайдың сонау 1909 жылы Петербордағы Бараганский баспасынан басылып шыққан тұңғыш жинағынан бастап бүгінгі күнге дейінгі өлең жинақтары түгелдей толық мәтінімен енгізіліпті. Жобаға еліміздегі барлық университеттерінің кітапханалары мен мұражайлары, сонымен бірге шетелдегі, атап айтқанда, Башқұртстан, Украина, Венгрия, Литва, Латвия, Моңғолия мемлекеттерінің кітапханалары да белсене қатысқан көрінеді. Шекер Нұрғалымқызы бұл жұмыстың әлі де жалғасын табатынын айтады.

«Толық адам» ілімі мектептерде оқытылуы тиіс

Абайтанудың өзекті мәселелері талқыланды

Конференцияның пленарлық мәжілісін С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры, экономика ғылымдарының докторы Әлібек Қуандықовтың өзі ашты. Одан кейін сөз кезегі облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға берілді. Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде Сочиде Ресей және Қазақстан Президенттерінің қатысуымен аймақаралық форумның өтіп жатқанын, аймақ басшысының ресми делегациямен сол жаққа кеткенін айта келіп конференцияға қатысушыларға облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ құттықтау хатын оқып берді.
«Құрметті халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар! Сіздерді Ұлы ақын, ағартушы, философ, композитор, аудармашы, қазақ жазба әдебиеті мен әдеби тілінің негізін салушы әрі қоғам қайраткері Абай Құнанбайұлының туғанына 170 жыл толуына арналған «Абай мұрасы әлемдік руханият кеңістігінде» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы жастарға терең мазмұнды білім беру, оларды тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз. Абайдай дананың кемел ойларын жас ұрпақ жадында сақтап, бойына сіңіріп өсуі қажет. Абайдың өз заманында жазған үлкен еңбектері қоғам үшін де өте маңызды. Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ұсынған «Мәңгілік ел» идеясын іске асыру үшін біз Абайдың ұлы шығармаларын білуге, санаға берік сіңіруге міндеттіміз» деген облыс басшысы құттықтау хатының соңында конференцияға қатысушыларға, әлемнің әр түкпірінен келген меймандарға сәтті жұмыс тілейтінін білдіріпті.

Абайтанудың өзекті мәселелері талқыланды

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Абайдың 170 жылдығын мерекелеу барысында еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі шаралар мен танымдық дүниелердің көптеп өтіп жатқанын, оның ішінде Абайдың туған өлкесі – Шығыс Қазақстанда да үлкен шаралар өткенін, жазда, тамыз айының басында Семей мен Қарауылдағы ақынның мерейтойы мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованың қатысуымен жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын тілге тиек етті.
– Абай – қазақ үшін орны ерекше дара тұлға. Абайға түскен дақ – арыңа түскен дақ. Сондықтан да бүгінгі біздің жас буынның негізгі міндеті – Абайға дақ түсірмеу. Әлемде ұлы ойшыл философтар көп. Неміс дегенде Гете, орыс дегенде Толстой ойымызға оралады. Олар да өз халқының озық ойлы данышпандары. Гетеден 124 том, Толстойдан 96 том мұра қалған. Ал Абайдан пышақтың жүзіндей небәрі екі-ақ кітап қалыпты. Бірақ артында 124 том қалған Гетенің, 96 том қалған Толстойдың ұрпақтары екі сөздің бірінде Гете осылай деген, Толстой былай деген деп айта алмайды. Пышақтың жүзіндей екі кітап қалдырған Абайдың ұрпақтары екі сөзінің бірін Абай мұрасымен байланыстырады. Осының өзі Абайдың халқына қаншалықты қадірлі, бағалы, қымбат екенін білдіреді. Абайдың 170 жылдығын мерекелеу Абайға емес, ең алдымен, бізге керек, – деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.
Жалпы, қазақ әдебиеті тарихындағы ауқымды саланың бірі – абайтану екені белгілі. Қазақтың Абайды тану жолында әрекет етіп жатқанына 125 жыл болыпты. Осы жылдардың ішінде отандық ғалымдар қандай жетістіктерге жетті? Әттеген-ай дейтін тұстары қандай? Конференцияда бұл туралы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, белгілі абайтанушы, ғалым Мекемтас Мырзахметұлы арнайы баяндама жасады. Сөзінің соңында абайтанушы ғалым Абайдың «Толық адам» туралы ілімі еліміздің барлық мектептерінде оқытылуы керек екенін, өйткені, бұл ілімнің ұрпақты рухани жағынан тазалайтынын, жаман нәрсеге жолатпайтынын, адамзат баласын дұрыс жолға салатын бірден-бір ілімнің біздің қолымызда тұрғанын ерекше атап айтты.
– Абайдың Отаны – Шығыс Қазақстан облысы. Бір таңғалатыным, абайтану Семейдегі Шәкерім университеті мен Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дің барлық факультеттерінде емес, тек қана бір шөкім гуманитарлық факультеттерде ғана оқытылады екен. Бұл қалай? Абайдың бағасын түсінбеу ме? Сол себепті алдымен сіздер бастауларыңыз керек. Біз Абайдың туған жері не істеп жатыр деп сіздерге қараймыз. Үлгіні сіздер көрсетулеріңіз керек, – деді ғалым.
Ал қытайлық ғалым, Цинхуа университетінің қытай тілі мен әдебиеті факультеті деканының орынбасары Жан Мейьлан өз баяндамасында «Абайды тану – әлемді тану» екенін, Абай қазақ қоғамын сынаса, алға жетелеу үшін сынағанын, ақынның «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген ұлы сөзі әр қазақтың үйінің төрінде жазулы тұруы қажет деген пікірін ортаға салды.
Сондай-ақ, конференцияның пленарлық мәжілісіне қатысқан жұртшылық Семейдегі Шәкерім атындағы мемлекеттік университетінің жоғары педагогикалық мектебінің директоры, филология ғылымдарының докторы Арап Еспенбетовтың «Абайдың ақындық кітапханасы», Венгриядағы Сегед университетінің Алтайтану кафедрасының қазақ тілі лекторы Р.Мұқышеваның «Абай Құнанбайұлының Мажарстанда танылуы мен зерттелуі», Қытайдағы орталық ұлттар университетінің профессоры М.Әбілқақұлының «Терең талғам, тамырлас ойлар», Астанадағы Юнус Эмре атындағы Түрік мәдени орталығының директоры И.Йылдырымның «Қазақ ақыны Абай және Түркия», Абайдың Жидебай-Бөрілі мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайының директоры Ж.Әубәкірдің «Ұлылық өнегесі», Новосібір гуманитарлық институтының профессоры И.Фдосееваның «Абайдың педагогикалық мұрасындағы адамгершілік мәселелері», Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасы қызметкері Ж.Манжыбаеваның «Абай тұлғасы: сирек басылым беттерінен» атты тақырыптарда жасаған баяндамаларын да зор ықыласпен тыңдады.
Айта кетейік, осы мерекелік шара аясында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға арнайы келген белгілі абайтанушы, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметовқа, Қытайдан келген білікті ғалым, тарих ғылымдарының докторы Жақып Міржақановқа, Қытайдағы Орталық ұлттар университетінің профессоры Мұхтар Әбілхақұлына С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың «Құрметті докторы» атақтары берілді.
– Мен Сәрсен Аманжоловтың шәкірттерінің бірімін. Ол кісі біздің ұлы ұстазымыз болатын. Сол ұлы ұстазымыздың аты берілген университеттің «Құрметті докторы» атағын аламын деп ойламаған едім, бұл – мен үшін үшін үлкен мәртебе. Сіздерге үлкен рахмет. Өте қуаныштымын, – деп университет басшылығына алғысын білдірді Мекемтас Мырзахметов.

***
Мерейтойлық шаралар аясында аталмыш оқу орнының «Назарбаевтану» ғылыми-білім беру орталығында «Абай даналығының мәйегі – Мәңгілік ел» атты дөңгелек үстел өтті.
Басқосу барысында Абай шығармашылығын, ғақлияларын, өлең-жырларын бүгінгі ұрпақ санасына қалай сіңіру керектігі туралы ойлар қозғалды.
«Жас ұрпақ бойында рухани құндылықтар қалыптастырудағы Абай тағылымының рөлі» тақырыбында баяндама жасаған ШҚМУ-дың «Педагогикалық білім және менеджмент» кафедрасының профессоры Айгүл Игібаева Абайды орыс аудиториясына оқытудың мәселелеріне тоқталды.
Жиында облыстың әр аймағынан келген әдебиетші мұғалімдердің біразы сөз алып, өз ойларын ортаға салды. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың «Абай және ХХІ ғасыр» халықаралық клубының аймақтық филиалының директоры Лаура Әбдіғалиева, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ облыстық филиалы «Тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру» кафедрасының меңгерушісі Гүлнар Зайсанбаева сынды ғалымдар мен жас мамандар Абай шығармашылығындағы рухани құндылықтарға, ұлттық құндылықтардың көрінісіне айрықша тоқталды.
Келелі кеңестен кейін Абай шығармашылығына арналған мерекелік кеш өтті. Оған құрметті қонақ ретінде Абай тойына алыс-жуықтан арнайы келген қонақтар қатысты.
Облыстық филармонияның оркестрі кеш шымылдығын ашса, облыстық драма театрының әртістері Абай бейнесінен көрініс көрсетті. Әділ Тұрғанбаев, Нұргүл Қабдоллаева бастаған танымал әншілер мен университет студенттері ұлы ақынның шығармаларын орындады.
Бұл кеште осы тойға орай оқушылар арасында өткен облыстық Абай оқуларының жеңімпаздары анықталды. «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» аталымы бойынша Назым Мұхамедханова, «Көңілім әнді ұғады» аталымы бойынша Алтынай Өмірханова, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» аталымы бойынша Ақиқат Оралғазы марапатталды. Ал сайыстың үшінші орнын Ілияс Қасенов, екінші орнын Ұлжан Ержанова, бірінші орнын Құралай Дидарқызы алды. Байқаудың бас жүлдесін Аяулым Шәріпханова қанжығасына байлады. Аяулым сонымен қатар аталмыш оқу орнының грантына қол жеткізді.

Мейрамтай Иманғали,
Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button