Қоғам

Жылумен қамтуға байланысты ауқымды шаруа тындырылды

Жылумен қамтуға байланысты ауқымды шаруа тындырылды


Шығыс Қазақстанда жыл сайын бес жарым мыңнан астам қарт адам тегін шипажайлық ем-доммен қамтамасыз етіледі. Осы орайда, емделушілердің басым көпшілігі Шемонайха ауданындағы «Уба» шипажайы мамандарының көмегіне жүгінетінін айта кеткен абзал. Ауданға жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Даниал Ахметов осы шипажайға арнайы ат басын бұрып, мұнда емделіп жатқан қарияларды Қарттар күнімен құттықтап қайтты. Сонымен қатар, өңірдегі бірнеше әлеуметтік маңызға ие нысанның жағдайымен де танысты.

Қариялар құттықтады

Бұл күні Выдриха ауылында орналасқан шипажайда Қарттар күніне және облыстық ардагерлер кеңесінің 30 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын өткен болатын. Жиынға облысымыздың түкпір-түкпірінен жиналған аға буын өкілдерін аймақ басшысы құттықтады.

– Баршаңызды қастерлі мереке – Қарттар күнімен және облыстық ардагерлер кеңесінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Ұлағат пен шапағатқа толы мейрам Сіздерге мықты денсаулық, қажымас қайрат сыйласын! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Біз аға ұрпақтың абыройлы істерін одан әрі жалғап, кейінгі ұрпақ жаңылмай жүретін жол саламыз. Ол – тәуелсіз Қазақстанды гүлдендіру, өркендету және дамыту жолы», – деген қанатты сөзі бар. Тұғыры берік, мәртебесі асқақ тәуелсіз еліміздің барлық ауқымды табысы мен айтулы жеңістері – Сіздер негізін қалаған бірлік пен ынтымақтың арқасы, алдыңғы буынның үлгі-өнегесінің нәтижесі. Қазақстандық қоғам қол жеткізген баға жетпес құндылықтардың бастауы да, рухани асыл қазынасы да Сіздерсіздер, – деген облыс әкімі уақыттың өзі жүктеген ұлы міндеттерді адал орындап келе жатқан ардагерлер қозғалысының белсенді өкілдері Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын да іске асыруға аянбай атсалысарына сенім білдірді.

Сондай-ақ, жиынға қатысушы бірқатар ардагерге мерейтойлық медальдар мен алғыс хаттар табыстады, өздеріне зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларына амандық тіледі.

Айта кетейік, бүгінде облысымызда 230 мыңнан астам ардагердің басын қосатын ұйым – облыстық ардагерлер кеңесі жұмыс істейді. Мұндай ірі ардагерлер кеңесі еліміздің өзге ешбір облысында жоқ. Аға буын өкілдерімен салиқалы әңгіме өрбіткен аймақ басшысы Даниал Ахметов бұл жайтты ерекше назарға алды.

– Шығыс Қазақстанның аудандары мен қалаларында 1062 бастауыш ардагерлер ұйымы бар. Бұл – басқа өңірлерге бұйырмаған үлкен күш, мол мұра. Сол себептен, біз Сіздерді қашан да мақтан тұтамыз. Туған елді, жерді қорғаудың қайталанбас үлгісін көрсеткен, жастарға патриоттық, отаншылдық тәрбие беруге өлшеусіз үлес қосқан ағаларымыз бен апайларымыз алдында біз қашан да бас иеміз, – деді облыс әкімі.

Жылумен қамтуға байланысты ауқымды шаруа тындырылды

Жаңа мектепке көңіл толады

Аймақ басшысы, сонымен қатар, Выдриха ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға барып, медициналық мекеменің жабдықталуымен танысты.

Шемонайха ауданына сапары барысында облыс әкімі Даниал Ахметов Верх-Уба ауылындағы таяуда ғана пайдалануға берілген жаңа мектептің ішін аралап көрді. Әсіресе, химия, физика, информатика, қазақ, орыс және ағылшын тілдері кабинеттеріне аялдап, сыныптардың жабдықталуы мен мұғалімдер біліктілігіне баса назар аударды.

Білім ордасының директоры Александр Сергеевтің айтуынша, жаңа мектеп 300 орынға шақталған. Бүгінде мұнда 280-ге жуық оқушы оқиды. Сонымен қатар, 52 бала тәрбие алып жатқан шағын орталық та ойдағыдай жұмыс істеп тұр. 29 мұғалім қызмет ететін мектепте 24 кабинет, кең әрі жарық спорт залы мен асханасы, өңір тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін мұражайы да бар.

Жаңа нысанды аралау барысында оны салған мердігер компанияның жұмысын жоғары бағалаған облыс әкімі келешекте өзге аудандардың елді мекендерінде бой көтеретін білім ордаларының да жоспарын Верх-Убадағы мектептікіне ұқсату керек деген ойын айтты.

Аймақ басшысы, сонымен қатар, Усть-Таловка кентінде болып, мұндағы қазандықтың жағдайын көріп қайтты. Бұл қазандықтың жылуы маңайдағы елді мекенге ғана емес, сондай-ақ, аудан орталығы Шемонайха қаласының кей аудандарына да тарайды екен.

Мамандардың айтуынша, жылыту маусымына дайындық шаралары аясында қазандық пен жылу жүйелері күрделі жөндеуден өтіпті. Бұл мақсатқа 140 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген-ді. Бүгінге дейін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары толықтай аяқталып, бұл өңірдегі басты түйткілді мәселелердің бірі саналған жылу трассаларындағы шығын мөлшерін азайту проблемасы шешімін тапты. Айта кетейік, бұған дейін қазандықта өндірілген жылудың 65 пайызына жуығы бей-берекет шашылып келіпті.

– Шемонайхада көп жыл бойы күрмеуі қиын болып келген күрделі мәселе шешілгенін көріп, қуанып тұрмын. Қажетті жөндеу жұмыстары арқасында енді қазандық ойдағыдай қызмет көрсетіп, күз, қыс және көктем айларында аудан орталығы мен маңайдағы ауылдар халқын сапалы өнім – жылумен үздіксіз қамтамасыз ететін болады. Осының бәрі аудан орталығында бар өзге де проблемаларды шешуге түрткі болмақ. Мәселен, енді Шемонайха қаласында мұғалімдер мен дәрігерлер сияқты бюджеттік сала мамандарына арналған көпқабатты тұрғын үй салу мәселесін қарастыратын боламыз. Жалпы, менің ойымша, келешекте қаланың бір ықшамауданын осындай көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеретін құрылыс алаңына айналдыруға болады, – деді облыс әкімі.

Шемонайха ауданына жасаған сапарының соңында аймақ басшысы Даниал Ахметов Первомайка ауылында аялдап, мұндағы қысқы спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің жұмысымен жақынырақ танысты.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button