Қоғам

Жетпіс бес жыл сақталған газет

Жетпіс бес жыл сақталған газет


«Күркіреп күндей өтті ғой соғыс», – деп ақын Қасым Аманжолов жырлағандай, Ұлы Отан соғысының аяқталғанына да 72 жыл уақыт өткен екен. Бірақ соғыстың салған жарасы, оның әкелген зардабы мен қайғы-қасіреті ешуақытта да ұмытылмақ емес. Ардагерлеріміздің қатары мүлде сиреп қалғанымен, оларға деген құрмет-қошеметтің кемімейтіні, аталар даңқының ғасырлар бойы жасай беретіні – ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.

Менің қолыма 1942 жылдың 25 мамырында шыққан «Жеңіс үшін» атты орыс тіліндегі қызыл әскер газеті түсті. Бұл газет біз үшін несімен құнды? Оның бірінші бетінде басқа да тілшілермен қатар өз мақаласын жариялаған қазақ жауынгерінің есімі бар екен. «Командир отделения А.Дюсупов» деп қол қойған азамат бөтен адам емес, өзіміздің Күршімнің, дәлдеп тұрып айтар болсақ, іргедегі Құйғанның жігіті болып шықты.

«Винтовка мен гранатаны қолдана отырып» деген тақырыппен (орысшадан аударған автор) жарияланған мақаланы толықтай келтіргенді жөн көрдім. Өйткені, сонау қырқыншы жылдары орысша жазған әрі мың сан адам қайшыласқан қан майданның төріндегі әскери газетке сауаттылықпен мақала жариялаған қазақтардың көп емес екендігі белгілі ғой.

«Жау қосынында абыр-сабыр әзірлік жүріп жатқаны байқалды, – деп жазыпты мақала авторы. – Демек, сақадай сай тұруға тиіспіз. Жауынгерлердің винтовкаларын, патрондары мен гранаталарының қорын тексеріп шықтым. Қызыл әскерлерге жаудың ниет-пиғылын ұғындырып, қашанда қапысыз әзірлікте тұрудың қажеттігі мен дұшпанға қапыда шабуылдауға мүмкіндік бермеген жағдайда оны талқандаудың оңайға түсетіні жайында қысқаша түсінік бердім.

Жауынгерлер таспен қалқалап биіктетіліп, албаты көзге байқалмайтындай етіп тасаланған жеке-жеке окоптарға жайғасты. Олар да жайғасып болды, сол-ақ екен, жау ұшақтары біздің шепке лап қойды. Сонымен қатар, фашистер минометтерін де аңыратып қоя берді. Осыдан соң жаудың жаяу әскері шабуылға шықты.

Фашистердің бір тобы менің бөлімшем қорғап тұрған тұсқа шүйлікті. Жауынгерлерге ыңғайланып жатып алып, атуға берілген команданы күтуге жарлық бердім. Әркім өз қолайына келген жауды қарауылға ала бастады.

«Ат!» – дедім бар даусыммен, көп мылтықтың үні бірнеше рет қатарынан шығып, айнала жаңғырығып кетті. Осы кезде станокты пулемет те сатырлай жөнелді. Әсіресе Иван Змейков деген қызыл әскер тамаша атыс үлгісін көрсетті. Ол өзінің винтовкасымен лездің арасында бірнеше фашисті сұлатып тастады. Оның атыс ұясын байқап қалған жау «мерген бекінген болар» деген оймен сол жерді көздеп, бірнеше қару түрінен оқты төге жөнелді. Змейков та дереу орын ауыстырып үлгерді. Сол жақтан «көкек» (жау тыңшысы) үн қосқан еді, менің бұйрығыммен оны Михаил Погольский қолма-қол қағып түсірді.

Жаудың күші бізден әлдеқайда басым еді. Әне-міне дегенше ентелеп, біздің бөлімшемізге таяп қалды.

– Гранаталарыңды әзірлеңдер! – деп бұйрық бердім мен. Бұдан соң фашистерге қарай бірнеше граната қатар «самғады». Кожин, Сухарев сияқты қызыл әскерлердің лақтырған гранаталары көздеген жерге дөп түсіп жарылды. Мен өзім көздеп атып, үш «гансты» жер жастандырдым.

Біздің «лимонкалардың» «қышқыл дәмін» жақсылап татқан фрицтер амалсыздан бас сауғалап, кейін шегінуге мәжбүр болды.

А.Дүсіпов, бөлімше командирі»

– Бұл мақаланың авторы Атабек Дүсіпов – менің әкемнің немере інісі, – дейді Күршім ауылының тұрғыны, Құйғанның тумасы Өмірбек Рахимов. – Арғы бабамыз Райымнан Рақым мен Дүсіп туады. Рақымнан менің әкем Қоржынбай, ал Дүсіптен Атабек туған. Атабек ағамыз 1918 жылы Марқа өңіріндегі Майтерек ауылында дүниеге келген екен. Ол кісі 1939 жылы міндетті әскер қатарына алынып, қырқыншы жылы ақ финдермен болған соғысқа қатысады. Оның жалыны саябырлаған кезде Ұлы Отан соғысы басталып кетіп, жорықты Омбыда жасақталған 10-гвардиялық печенегтер дивизиясының (азиялықтардан құралған әскер) құрамында бастан-аяқ қатысып, тәмамдаған ағамыз елге 1945 жылы ғана оралған екен. Бейбіт еңбекке араласқан майдангер ұзақ жылдар бойы Құйғандағы аудандық «Заготзерно» мекемесінде қоймашы болып жұмыс істеді.

Мерекеде киетін костюмінің кеудесінде екі орден, екі бірдей «Ерлігі үшін» және «За оборону Советского Заполярья» медальдары жарқырап тұратын Атабек ағамыз бен оның өмірлік серігі – Қайныкеш жеңгеміз бес ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Оларды оқытып-жеткізіп, осы ұрпағынан 11 немере сүйді.

1995 жылы балалары Алматыға көшіріп әкеткен Атабек қария сол жақта 1999 жылы дүние салды. Отбасылық архивте көп жылдар бойы сақталған осы өзіміз үшін қымбат жәдігерді марқұм майдангер ағамызға арналған бір ескерткіш болсын деп көпшілік назарына ұсынуға тәуекел еттім.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button