Қоғам

Жеңіс шайбасын Рыспаев соқты

Жеңіс шайбасын Рыспаев соқты


Өскемендік «Торпедо» жаңа маусымдағы ең ірі жеңісін Қытайдың Цзилинь қаласында тойлады. Жоғары хоккей лигасы регулярлық чемпионатының кезекті туры аясында сырт айдында «Ценг Тоу» командасымен кездескен жерлестеріміз қарсыластарын 4:1 есебімен ойсырата ұтты.

Осыған дейінгі екі кездесуде (чеховтық «Звездадан» 3:4, воскресенскілік «Химиктен» 1:3 есебімен) екі мәрте жеңіліс тапқан жерлестеріміз Қытайда көсіліп ойнады. Бұған матч алдында команданың бас бапкері Алексей Ждахин тарапынан енгізілген ойыншылар құрамы мен ойын тактикасындағы елеулі өзгерістер де оң әсерін тигізгені анық. Торпедолықтар қорғаныста да сақ ойнап, шабуылға да батыл шықты.

Дегенмен, кездесудегі алғашқы шайбаны айдын иелері соқты. Голдың авторы қытайлық команданың ресейлік легионері Кирилл Полозов болды.

Бұл гол қонақтарды тіптен қамшылай түссе керек, бұдан кейін айдында тек бір-ақ команда ойнады деуге болады. Ол – «Торпедо». Өскемендік ұжым ойын тізгінін мықтап өз қолына алып, қарсыластарының қақпасына соққыларды қарша боратты. Нәтижесінде, соның төртеуі нысанаға дөп тиді. Әсіресе, командамызға жеңіс сыйлаған екінші шайбасының жөні бөлек. Өйткені, оның авторы «Торпедо» қосынына жуықта ғана келіп қосылған атышулы Дамир Рыспаев болды. Дамирден бөлек, бұл күні қонақтар сапынан америкалық легионер Тэннер Соренсон мен ресейлік ойыншылар Андрей Белозеров пен Алексей Шантыка көзге түсті. Қорытынды есеп 4:1 – «Торпедо» пайдасына.

Бүгін өскемендік ұжым тағы бір қытайлық командамен күш сынасатын болады. Жерлестеріміз Харбин қаласында «КРС Хэйлунцзян» хоккейшілеріне қарсы ойын өткізбек.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button