Қоғам

Жастардың әрекеті жаға ұстатты

Жастардың әрекеті жаға ұстатты


Алакөлдің жағасындағы абаттандырылған аумаққа «атпен» кіргендердің аты-жөндері анықталып, көлік иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Естеріңізге салсақ, осыдан бірнеше күн бұрын ғаламтордағы әлеуметтік желілерге жүктелген видео көпшіліктің наразылығын тудырған болатын.
Онда той алдындағы қыдырысқа шыққан жастардың кортежі көл жағасындағы демалушыларға арналған аумаққа баса-көктеп кіріп, демалушы жұрттың тыныштығын бұзған. Кортежді бастап жүрген қымбат көліктің тіпті, мемлекеттік нөмірі де жоқ. Олардың жай ғана жүріп өтпегені белгілі ғой. Аумақтың ішін азан-қазан қылып, автомобилдің дабылы мен айғай-шуға толтырған. Мұны көрген жергілікті тұрғындар Алакөлге алыс-жақын шетелден ат шалдырған туристердің алдында жерге кірердей болып қатты ұялса, сырттан келген қонақтарымыз бұл бассыздықты қалай түсінерін білмей аңтарылды.

– Бұл не деген дарақылық, дарақылық болғанда да шектен шыққан дарақылық. Қазақтың кең даласынан жер жетпегендей неге бұлар демалыс аумағына кіреді? Біз балалармен жүрміз, үлкен кісілер демалып жатыр. Шетелдік туристер де жүр. Кіреберістегі күзетші қайда қарап отыр? Шыны керек көл жағасы қазір көрсе көз тоятындай дәрежеге жетті. Демалуға өте ыңғайлы. Ол үшін алғыстан басқа айтар жоқ. Ал енді тәртіпке де қарау керек. Тәртіпке салмаса, бұл жағымсыз үрдіс дәстүрге айналып кетуі де ықтимал, – дейді Алакөл жағасында демалып жатқан Өскемен қаласының тұрғыны Дархан Қасенов.

Облыстық ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының бастығы Бақытжан Торғаевтың айтуынша, той кортежінде болған жеті автокөлікке қатысты 14 әкімшілік хаттама толтырылыпты.

– Үржар ауданының полицейлері көлік иелерін анықтап, оларға айыппұл салды. Айыппұлдың жалпы көлемі – 158 830 теңге. Аталған оқиға 13 тамыз күні, кешкі сағат 19.00 шамасында болған. Барлық көлік иелері Үржар ауданының тұрғындары, тек біреуі ғана Алматы облысынан келген. Көліктерді шлагбаумнан кім өткізгенін полицейлер анықтау үстінде, – дейді Бақытжан Торғаев.

Жүргізушілердің қауіпсіздік белдігін тағынбау, жарықсыз жүру, мемлекеттік нөмірді алып тастаудан басқа тағы бірнеше тәртіпбұзушылықтары есепке алынған.

Бұл күні Алакөл жағалауындағы Арбат атанған аумақ күн сайын гүлденіп, көркейіп келеді. Өткенде Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин Алакөлге тізгін тартқан туристердің қауіпсіздігі басты назарда екендігін ескертіп:

– Арбатқа тас төсеніш төселіп, биіктігі бес метрлік жарық шамдар орнатылды. Демалушылардың қауіпсіздігі де басты назарда болуы тиіс. Бұл ретте көл басына 80 бейнебақылау жүйесі орнатылып, бір медициналық пункт пен төрт полиция бекеті ашылды, – деген болатын.

Жастардың әрекеті жаға ұстатты

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button