Қоғам

Жаңа маусым сәтсіз басталды

Жаңа маусым сәтсіз басталды


Өскеменде жоғары хоккей лигасының жаңа маусымы ашылды. Регулярлық чемпионаттың бірінші туры аясында «Торпедо» өз айдынында қорғандық «Зауральені» қабылдады.

Борис Александров атындағы спорт сарайында өткен дүбірлі бәсекеге үш мыңнан астам жанкүйер жиналды. Жарыс басталмай тұрып, көрермендердің назарына 3D форматындағы шоу ұсынылып, мұз айдынына жоғары хоккей лигасының кубогы шығарылды. Бұдан соң облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов пен Ресейдегі хоккей федерациясы директорының міндетін атқарушы Дмитрий Курбатов сөз сөйлеп, ойыншыларға сәттілік тіледі.

Жарыстың ашылу салтанатында символикалық шайбаны алып шыққан торпедолық шабуылшы Ерамир Кентаев жанкүйерлерге тартысты ойынның басталғанын мәлім етті. Ойынның алғашқы минуты мұз айдыны иелерінің жойқын шабуылымен басталды. «Торпедо» командасының ойыншысы Яковлевтің көздей соққан шайбасы қарсыластардың қақпасына дөп түсіп, командасын 1:0 есебімен алға шығарды. Алайда таблодағы бұл көрсеткіш ойынның 13 минутында өзгерді. «Зауралье» командасының ойыншысы Первухин торпедолықтардың қақпасына шайба соғып, есепті теңестірді. Арада біраз уақыт өткен соң, қарсыластар есепті 1:2 жеткізді. Жалпы, ойынның бірінші кезеңі бойынша жеңіліс тапқан айдын иелері екінші кезеңде сауатты шабуылдар ұйымдастырды. Алайда жерлестеріміз көрсеткішті пайдаларына ұстап тұра алмады. Сөйтіп, алғашқы матчтың нәтижесінде 3:4 есебімен жеңіліс тапқан торпедолықтар жаңа маусымды сәтсіз бастады.

Жаңа маусым сәтсіз басталды

Чемпионат соңында Ресейдегі хоккей федерациясы директорының міндетін атқарушы Дмитрий Курбатов қорғандық «Зауралье» командасының капитаны Алексей Князевке арнайы сыйлығын табыс етті.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button