Қоғам

Зергердің базасы таңдай қақтырарлық-ақ екен!..

Зергердің базасы таңдай қақтырарлық-ақ екен!..


Жылына бір келер айлық демалысын барынша тиімді де қызықты өткізуге әркімнің-ақ талпынатыны заңды. Кейбіреу көптен көріспеген дос, жұрағаттарды араласа, енді біреулер шетел асып кетіп жатады, тағы біреулер өңіріміздегі қаптаған демалыс базаларына жол тартады. Біз биыл осы үшінші жолды таңдап, Бұқтырма су қоймасының Самар жақ жағалауындағы Кеңес өкіметі тұсында Ново-Тимофеевка аталып, бертін ежелгі атауын қайтарып алған Сарыбелдің түбіндегі «Рубин» демалыс базасында демалдық. Отбасылық жақсы демалыс үшін келушілерге туғызып отырған жағдайлары өзге көптеген базалардан көш ілгері болғандықтан, әсерімізді оқырмандармен бөлісе отыруды жөн көрдік.

Ақшаңқан киіз үйлері аралас отыз үйлік демалыс аймағының сыртындағы арнайы автотұраққа көлігіңізді қойғызып, жүгіңіз бен өзіңізді Паша деген қызметші-жүргізуші артында қорабы бар үш аяқты мопедімен қоналқы үйіңізге жеткізіп береді екен. Осында төрт жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келе жатқан әкімші Лидия Васильевна Никифорова өзіңізбен ере келіп, теледидар, тоңазытқыш, микротолқынды пеш, плита, кондиционер секілді тұрмыстық техникаларын тексеріп, жетпейтін ыдыс-аяқтарыңызды толықтырып береді, асүйде тіпті тіс шұқығышыңызға дейін ескеріліпті…

Зергердің базасы таңдай қақтырарлық-ақ екен!..
Зергердің базасы таңдай қақтырарлық-ақ екен!..

Барлық жерде де солай емес пе, мұның несін тәптіштеп отыр деуі мүмкін кейбір оқырманның. Жоқ, бұл базада үй үстіне үй қондырып, кәсібін тек қана ақша табудың жолына айналдырған кейбір базалардағыдай емес, жағажайларында қыздырынатын құмнан биіктеу, кең етіп салынған, едені тақтайлы, көлеңкелі тахталар, киім ауыстыратын орындар мен душ кабиналары, олардың араларына, әр жерде әткеншектер орналастырылған. Жағажайдан сәл жоғары, сары құмның үстінде сеткасы керілген волейбол алаңы жасалыпты. Суға түсу мен күнге күюдің ережелері жазылған түрлі-түсті суреттермен безендірілген әдемі баннерлер іліп қою да ескеріліпті. Ал енді ешқайдан тасып әкелінген емес, жағажайдың өзінің аста-төк алтындай сары құмы үлкендердің аунауына да, бала-шағаның ойынына да жетіп артылады.

Әр үйдің алдында кәуап пісіретін мангал, әдеміленіп малта тастардан қаланған жуынатын жерлері мен кілттелетін әжетханалары да жеке-жеке. Үй-үйдің арасында – әткеншектер, неше түрлі ағаш мүсіндер, теннис ойнайтын столдар, өсіп тұрған қарағай, терек, шетен, шырғанақпен қоса әдемі гүлзарлар. Құмның үстінде жайқалып тұрған бұлардың барлығын қалай өсірген деп таңғаласың… Тир мен кафе жұмыс істейді екен. Кафеден тапсырыс арқылы қаймақ пен сүтіңізді алып, үлпілдеген нан мен балаларға пицца пісіртіп алуға, өз тамағыңнан жалықсаң, барып тамақ ішіп тұруға болады. Тапсырыс берсеңіз, буын бұрқыратып, моншасын да жағып береді екен.

Өскеменнен жиі қатынап, мұндағы шаруаларын тексеріп, демалушылардың жағдайын сұрастырып тұратын демалыс орнының қожайыны, негізгі кәсібі зергер Виктор Владимирович Сохинмен біраз әңгімелесудің де сәті түсті.

Зергердің базасы таңдай қақтырарлық-ақ екен!..
Зергердің базасы таңдай қақтырарлық-ақ екен!..

– Отбасылық демалыс базасы болғандықтан, бұл жерге бір-ер күндік «көңіл көтергісі» келетіндер жіберілмейді. Мұнда жолдама тек бір аптаға ғана сатылады. Өзіңіз де байқаған боларсыз, көпшілігі отбасыларымен, балалары мен немерелерімен келіп демалады. Сондықтан ересектерге ғана емес, балалардың жағдайына да ерекше көңіл бөліп отырмыз,- дейді Виктор Владимирович.

Онысы рас, паровозы, самолеті, неше түрлі сырғанақтары, турниктері мен құм толтырылған қорапшалары, мыстан кемпірдің үйшігі сияқты түрлі ертегі кейіпкерлері бар, балаларды мәз-мәйрам етерлік үш алаңқай жасалған екен. Ал енді көздерін аша сала «сәлемдесуге» жүгіретін, қызықтап солардың жанынан шықпайтын аң-құстарды айтсаңызшы, тіпті, зообақ дерсің: түйеқұстар, тауыстар, кәдімгі тауықтар мен балапандарын ерткен үйректер, ешкілер, жанат, тиін, бассейндегі балықтар мен бақалар… Ал енді қаланың балалары үшін есек пен атқа мініп серуендеу – қызық пен ләззаттың нағыз көкесі.

– Жанаттарды тапсырыспен Краснодардан алдырдым. Орманнан кім тиін қуалап жүреді дейсіз. Сондықтан тиіндерді Финляндиядан алдырдым. Ресеймен шекаралас бір серіктестік арнайы осы тиіндерді өсіріп, сатумен айналысады екен. Тауыстарды Алматыдан алдырдық. Ал енді жергілікті жерде бар жануарлар мен құстарды ауылдағы достарым сыйлап, өздері әкеліп берді. Әрине, бұларға кеткен қаржыны керемет коттедждер тұрғызуға жұмсауға да болар еді, ал мен демалуға келетін ата-аналар мен балалардың жағдайына жұмсағанды тиімдірек болар деп шештім, қателеспеген сияқтымын, – дейді базаның қожайыны.

Небәрі жеті жылдың ішінде өркенін жайып, халықтың ықыласына бөленіп үлгірген базаның құрылу тарихы мен кездескен қиындықтары туралы айтып беруін өтініп, оны әңгімеге тарттым.

– Ойбо-о-й, мұның барлығы, ойды қойып, түске де кірмеген жағдайдан басталған еді, – деп күлді Виктор Владимирович. –Өскеменде аңшылықпен әуестенетін Жолдыбаев Азамат деген жігітпен танысып, достасып кеттік, өйткені, мен де аң аулауды жақсы көремін. Оның әкесі Дүсіпхан Рахымбекұлы сол кездері осы Сарыбел ауылдық округінің әкімі екен. Үйлеріне қонаққа барып жүргенде «Ұлыммен достығыңа бідірген ықыласым болсын, сен осы теңіздің жағасынан бір жер алып, демалыс базасын салсаңшы», деп үгіттеді Дүсіпхан аға.

– Менің зергерлік кәсібім өзіме жетеді, ал мынадай шаруалармен мүлде айналысып көргем жоқ, қолымнан келмейді, – деп рақметімді айтып, ол кісінің ұсынысына көп мән де берген жоқпын алғашында. Аға мені кездескен сайын үгіттеп жүрді де, соңғы жолы «Бауырым, мына жердің барлығы сатып алынып қойды, мен өткізетін адам таппай жүргем жоқ, біраз адам кезекте де тұр… Ең соңғы екі гектар жер қалды. Мен сенің қолыңнан келетіндігіне сенгендіктен ұсынып тұрмын, ақылымды тыңда, – деп ақыры көндірді. 2008 жылы осы жерді құжаттап, заңдастырып, сатып алдым. Міне, ол кісінің бақилық болғанына үш жыл болды, иманды болсын, марқұм. Алуын алып алып, маған осының қаншалықты қажеті бар еді деген оймен тағы біраз жүрдім. Алайда, бастаған істі аяқсыз қалдыру менің табиғатыма, мінезіме жат және оны шынымен де халықтың кәдесіне жаратып, сапалы етіп салу қажет деген мақсат қойдым алдыма. Міне, он жылда атқарылған шаруаның нәтижесін өзіңіз де көріп тұрсыз.

Алғашқы екі жыл бойы табан аудармай құрылысшылармен бірге осында жұмыс істеп, өзінің зергерлік, дизайнерлік кәсіби машығымен әр үйдің орналасуын, оның алдының қалай безендірілуін мұқият бақылап, базаны көгалдандыру жұмыстарын қатар жүргізіп отырыпты.

– Ең бір қиындық туғызғаны – құмға ағаш өсіру болды, – дейді ол, – алғашқы кезде бүгінгідей су құбырлары жоқ, сарыбалшықпен, көңмен араластырып еккен ағаштарымызды шелекпен тасып суардық. Оның көпшілігі өнбей, қурап қалды. Содан қалада бір тәжірибелі бағбаннан қалай егу, не қосу, қандай минералды тыңайтқыштар қажет екендігін сұрап, жазып алып, сол кісінің айтқандарымен қаншама машақатпен отырғызып едік, жайқалып шыға бастады.
Шынында да, ауылдан бергі мидай жазық сары құмның ортасындағы «Рубин» демалыс базасының жап-жасыл ағаштары алыстан көз тартып, шөлейт даладағы оазистей әдемі көрінеді. Маусымнан қыркүйекке дейінгі кезеңде мұнда шамамен мың жарымнан аса адам демалып қайтады. Коммуналдық қызметтің саны мен сапасына қарай әр үйдің тәуліктік бағасы – 10 мыңнан 21 мың теңгеге дейін. Базаның тұрақты демалушылары путевкаларды қыста сатып алып қояды екен. Өйткені, желтоқсан айынан бастап сатыла бастайтын путевкаларға 30 пайыздық жеңілдік беріледі. Қаңтар айының жеңілдіктері одан аздау. «Біз биыл мұнда төртінші жыл келіп отырмыз, – деді өздерін Николай және Татьяна Загайновтар деп таныстырған отбасылық жұп, – әсіресе, балаларға жақсы, нағыз отбасылық демалыс базасы» десе, «Көгілдір бұғаз» жақтағы, Тайынты жақтағы базаларда, тағы біраз жерлерде болдым, мұндағы демалушыларға жасалып отырған жағдай олардан әлдеқайда жақсы. Сондықтан соңғы жылдары тек осында келетін болдық», – дейді өзін Серік деп таныстырған, үш-төрт жасар екі баласын ертіп жүрген жас жігіт…

Зергердің базасы таңдай қақтырарлық-ақ екен!..

– Ең алғашқы қадасынан бастап өзім еңбектенгеннен болар, осы базамен біте қайнасып, өзімнің перзентімдей жақсы көріп кеттім. Келушілер «жақсы демалдық» деп жылы лебіз білдіріп жатса, жасыратыны жоқ, марқайып қаламын, – дейді зергер кәсіпкер.

Шынымен жақсы демалып, бір сергіп қайтып бара жатқан біз де қожайын мен қызметшілерге шынайы ықыласты алғысымызды, жақсы тілегімізді аямай, іштей келесі жылы немерелерімізді тағы да алып келуге бекініп қайттық. Өзінің дырылдақ мопедіне жүгімізді тиеп алған Паша бізді автотұраққа әкеліп, «Жолдарыңыз болсын!» деп жымия қоштасып, шығарып салды.

Айтмұхамбет Қасымов,
журналист
Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button