ДінТОП

Зайырлылық – осы заманғы құқықтық және демократиялық мемлекеттің негізгі қағидаты

«Зайырлылық» түсінігінің ауқымы кең. Конституциялық негіздегі «зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді.

Қазіргі заманғы зайырлылық, ең алдымен, гуманистік құндылықтарды, соның ішінде адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін жүзеге асыруды қамтиды. Зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, қоғамның рухани саласындағы ой-сананың көптүрлілігін мойындау.

Мемлекеттің зайырлы табиғаты оның діннен бөлінуімен ғана емес, сонымен бірге атеистік идеологияның немесе басқа дүниетанымның үстемдігін мойындамайтындығымен сипатталады. Сондай-ақ зайырлы мемлекет діни бірлестіктердің қызметін азаматтық қоғамның құрамдас бөлігі ретінде реттейді.

Атеизм – дінді толығымен теріске шығаратын, оны құндылық ретінде қабылдамайтын танымның өзіндік түрі. Ал зайырлылық – дінсіздік те, дінді терістеушілік те емес, ол – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы. «Зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екендігін, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетіндігін танытады.

Зайырлылық қағидаты қазіргі заманғы көптеген елдердің құқықтық мемлекет ретінде қалыптасып, әрекет етуінің басты қағидаттарынан саналады. Қазіргі әлемдік тәжірибеде мемлекет пен дін қарым-қатынасының  екі түрі кең таралған. Біріншісіне сәйкес, мемлекет діннен ажыратылған, екіншісінде мемлекеттегі белгілі бір дінге (конфессияға немесе діни ұйымға) басымдылық немесе мемлекеттік мәртебе беріледі.

Діннің мемлекеттен ажыратылған сипатына сәйкес мемлекет дін істеріне араласудан бас тартады. Барлық діндер мемлекетте тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекеттік органдар діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпайды (заң бұзылмаған жағдайда), өз кезегінде діни бірлестіктер мемлекеттік қызметтерді атқармайды. Конфессиялық ерекшеліктер мемлекет тарапынан көмек немесе қолдау көрсетуге негіз болып табылмайды.

Екінші үлгі – діни қатынастарды құқықтық реттеудің Еуропа елдерінде кеңінен қолданылатын түрі, ол мемлекеттің діни бірлестіктерге деген қатынасының әртүрлілігіне негізделеді. Бұл үлгіде адамның наным-сенім бостандықтарына шектеу қойылмайды, алайда мемлекеттегі діни бірлестіктердің мәртебесі бірдей емес. Діни бірлестіктердің мәртебесін реттеудің мұндай сараланған түрі мемлекеттік-конфессиялық қатынастың кооперациялық үлгісінің қалыптасуына негіз болады. Аталмыш үлгі бойынша мемлекеттік мәртебеге ие болған дінге (конфессияға немесе діни ұйымға) бірқатар ерекшеліктер тән болмақ.

Мәселен, мұндай дін меншік иелену немесе заңды тұлға құқығына ие. Сонымен қатар мемлекет дінге қаржылық немесе басқа да материалдық қолдау көрсетеді, дінге бірқатар заңды өкілеттіліктер беріледі (неке қию, азаматтық хал-жағдайды тіркеу және т.б.). Жастар мен балаларды тәрбиелеу ісіне белсенді араласу, кейбір елдерде діни қызметкерлер саясатқа араласу мүмкіндігіне ие болады.

Ислам – Қазақстанның діндар халқы арасында ең кең таралған дін. Белгілі болғандай, осы діннің қағидаттары қазақстандық халықтың тыныс-тіршілігіне терең әсер етеді. Зайырлылық принциптерін дінбасылардың басым рөлі немесе діни ілімдерден бостандық тұрғысынан қарастыруға болмайды, өйткені мұндай қағида субъектілерді шіркеу мен дүниелік деп бөлетін аймақтық қоғамдарға (еуропалық және американдық) тән.

Христиандық болмыс рухани және дүниелік категориялар тұрғысынан қарастырылатын дуалистік дүниетанымға ие. Бұл екі фактор өз кезегінде христиан әлемінде маңызды рөл атқарады. Христиандықтың дәстүрлі дүниетанымындағы зайырлылық дүниелік және шіркеу билігінің бөлінуінен пайда болды. Нәтижесінде христиан әлемі екі әлеуметтік топқа бөлінеді: « шіркеу өкілдері» және «қарапайым адамдар».

Өз кезегінде, исламда шіркеулік институт жоқ. Ислам әлемін басқарған халифалар мемлекеттік билікті Ислам заңдарымен басқарғанымен де, дін атынан үкім шығару билігіне араласпаған. Дін атынан үкім шығару билігін арнайы белгілеген қазылар атқарып отырған. Сонымен қатар исламда кез келген адам құлшылықтарын орындаумен қатар кез келген мамандық иесі де бола алады.

Қазақстандағы мемлекеттік-діни қатынастардың негізгі қағидаттары мемлекеттің дін және діни бірлестіктерден бөлінгендігі. Діни бірлестіктер мен азаматтардың, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың дінге деген көзқарасына қарамастан, заң алдында теңдігі, ешбiр дiннің мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейтіндігі болып табылады.

Мемлекеттің зайырлы сипаты азаматтық қоғам субъектілерінің заңдар мен құқықтық нормаларды қатаң сақтауын және өз қызметтерін осы құқықтық, заңнамалық шеңберде жүзеге асыруын талап етеді. Осы нормалардан аңғарылатындай, зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлінбейді.

Бұл тұрғыда зайырлылықты азаматтардың негізгі құқықтарын, оның ішінде ар-ождан мен діни құқықтарын құрметтеу және қорғау деп түсіну керек.

Д.Қасенов 

(Мақала облыстық Дін істері басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді. Фото kazislam.kz сайтынан алынды.)

Осы айдарда

Back to top button