Қоғам

Қыс қыр астында, қарыз болса шаш етектен

Қыс қыр астында, қарыз болса шаш етектен


Әкімдер халықтың жылу беруші мекемелер алдындағы қарызын жасырып бағуда. Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Уралбеков қоғамдық кеңес алдында осылай деп мәлімдеді.

Қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында жылыту маусымына дайындық барысы туралы ақпарат берген басқарма өкілі Семей қаласынан 1,5 айдан бері нақты ақпарат алғыза алмай жүргенін айтады.

-Семей қаласы бойынша дебиторлық қарыз туралы ақпарат сұратып, қалалық әкімдікке хат жазғанымызға 1,5 ай болды. Олар әкімнің қолымен бекітілген ақпарат ұсынуы тиіс болған. Жауабын әлі бермей отыр. Жалпы әкімдер жылу мемекемелері алдында қарыздарды айтудан қашқақтайды. Ал бұл дайындық барысына айтарлықтай кедергі келтіруде, – дейді Қ.Уралбеков.

Жылыту маусымы жақын қалғанымен, Семей, Риддер қалалары мен Глубокое ауданында дайындық қарқыны мардымсыз көрінеді. Тіпті облыс орталығының өзінде дебиторлық қарыз бойынша қордаланған мәселелер бар. Қарапайым халықтың жылу беруші мекемелер алдындағы қарызы 300 млн. теңгеден асып кеткен. Ал осыған дейін еңбекақы қарызы бойынша басы дауға қалған «Востокмашзавод» кәсіпорнының жылу үшін 135 млн. теңге берешегі бар екен.

Қоғамдық кеңес мүшелері, әсіресе, Семей қаласының қысқа дайындығына алаңдаушылық білдірді. Өйткені, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған мыңнан астам тұрғын үйдің тек 51 пайызы ғана маусымға дайын. Кеңес мүшелері жаздың үш айында барлық абоненттің тек жартысы ғана дайын болғанда қалған 49 пайызын 1,5 айдың көлемінде іске келтіру мүмкін еместігін айтып дабыл қақты. Ал Шүлбі кенті биылғы қысты бір ғана қазандықпен өткізуі мүмкін. Өйткені тозығы жеткен ескі қазандықты жөндеуге әлі қаржы бөлінбеген.

-Сіз айтып отырған 90 млн. теңгенің мәселесін мәслихат тамыздың аяғында қарайды. Одан шешім шығып, ол бекітілгенше біршама уақыт өтеді. Конкурс жарияланып, оның қорытындысы шыққанша қанша уақыт өтетіні және белгісіз. Яғни, биыл кент бір қазандықпен қалуы қаупі бар, – деді кеңес төрағасы Владимир Головатюк.

Ал «Қаражыра ЛТД» кәсіпорны аудан, қалаларға көмір қорын ерте бастан қамдауға кеңес беріп отыр. Қ.Уралбековтің айтуынша, биыл Ресейде теміржол тасымалының тарифі өскен. Біздегі тасымалдаушылар үшін экономикалық одақ аясында сол жақта қызмет көрсету әлдеқайда тиімді болып тұрса керек. Осыны ескерген «Қаражыра ЛТД» кәсіпорны Зырян, Катонқарағай аудандары мен Риддер қаласына көмір тасымалын осы кезден бастап қолға алу қажет деп отыр.

Қоғамдық кеңес мүшелері жылу маусымына дайындалудың ережесін қабылдамайынша байбалам бітпейтінін айтады. Бұл құжатта дайындықтың әр кезеңіне белгілі мерзім көрсетіліп, оған жауапты адамның аты-жөні жазылуы тиіс.

Мердігердің әрекеті мерзі етті

Ағайынды Абдуллиндер атындағы музыкалық колледжді күрделі жөндеуден өткізу жобасы трагедиялық операға айналып барады. Қоғамдық кеңес алдында бұл мәселе бойынша білім басқармасының басшысы Нұргелді Әбжапаров ақпарат берді. 1968 жылы бой көтерген бес қабатты ғимарат өткен жылдың жазынан бері жөнделіп келеді. Биыл бұл нысан мамыр айының соңында қайта қолданысқа берілуі тиіс болған. Алайда «Ayat Inspirit» ЖШС бөлінген ақшаны тиімді игермей, кестеден көш бойы кешіккен. Сан мәрте ескертуден нәтиже болмаған соң, білім басқармасы тапсырыс беруші ретінде мердігерді сотқа берген. Соттың шешімі тамыздың басында белгілі болды.

-Сот біздің барлық талаптарымызды қанағаттандырды. Мердігерлер оқу жылы басталғанға дейін міндеттерін орындайтынын айтып отыр. Алайда құрылыс алаңында 12 адам ғана жүр. Мердігер компанияның басшысы Өскеменде тұрмайды екен. Кейде іздеп таппай қаламыз. Бұлай жалғаса берсе құқық қорғау орындарына жүгінеміз, – дейді басқарма басшысы. Қоғамдық кеңес мүшелері оқу жылының басталуына жарты ай ғана қалғанын ескертіп, жауапсыз мердігердің ісін прокуратураға тапсыруды ұсынды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button