Қоғам

Тәуірбайдың жұмысы – дәуірінің тынысы

Тәуірбайдың жұмысы – дәуірінің тынысы


Туризмнің туы тігілген Сібе көлдері күн өткен сайын құлпырып келеді. Жуырда бес көлдің төртінші көліне барып қайттық.

Мақсатымыз Шығыс жеріндегі құрылыс компанияларына есімі белгілі, осы салада 42 жыл қызмет істеген Тәуірбай Мырзаханов деген азаматпен жолығып, келе жатқан құрылысшылар күніне орай ой бөлісу болатын. Тәуірбай Қажыбекұлы соңғы жылдары қақаған қыста да, шіліңгір жазда да Қоржыкөл деп аталатын төртінші көлдің басынан кеткен емес. Біз де жұмыстың қызған дер шағында жеттік. Сағатына бір, жұмысшыларға бір қарап алған сақа прораб бізді көл жиегіндегі қабырға жолмен бастап барып, биіктеу бір жартастың жанына тоқтады. Осы жерден көлдің бүкіл аумағы мен істеліп жатқан жұмыстар алақандағыдай көрінеді екен.

– Бұл жұмысты ақпан айында бастадық. Қыста мұзды тесіп, су үстіне мына қондырғыларды орнаттық, – деп көл бетіндегі демалыс орындарын нұсқады. Шынында, суға шомылғысы келген жұрт көлдің терең жеріне дейін арнайы жасалған ағаш көпірмен келіп, бірден шоп ете түсуіне тамаша жағдай жасалыпты. Тіпті балалар мен ересектердің демалыс орындары мен ойын алаңдарын жеке-жеке ойластырған. Ең қызығы, бұл жерде көлдің екі шетіндегі тау төбелерінен темір арқан тартылған. Ойынның қызығына түсіп, өзіне сенген жүректі туристер екі таудың ортасынан сырғанап өте алады. Бұл қазірше Қазақстан көлемінде тек осы жерде ғана бар. Біраз күнде іске қосылатынын айтады жұмыс жүргізушілер. Сондай-ақ, жақпар-жақпар жартастардың басына өрмелейтін арнайы орындар да салынып жатыр бұл жерде. Қысқа мерзімде көл жағасына қызықты демалыс орнын жасап жатқан – Болат Бағадаевтың меншігіндегі «Бест Альянс груп» ЖШС. Сонымен қатар жағажайда 120 адамға арналған мейрамхана, қонақ үйлер мен жалға берілетін үйлер салынуда. Осы жұмыстардың бәрін мүлтікзсіз атқарып жатқан – біздің кейіпкер Тәуірбай Қажыбекұлы.

Кез келген бала қолына алғаш қалам алып сурет салғысы келсе, моржасынан түтінін будақтатып үйдің нобайын сызады екен. Тәуірбай да солай еткен. Бірақ ол басқалардай емес, балаң арманына адалдық танытып, құрылыс саласын өміріне серік етті. Катонқарайғай өңірі, Өрнек ауылының тумасы 1974 жылы Өскемендегі қазіргі Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-ға оқуға түседі.

Оны бітірген соң, туған жерге барып жол құрылысына араласады. «Ақсу ауылына баратын 13 шақырым жолды салып едік», – деп еске алады ең алғашқы жұмысын. Бұдан кейін әскери борышын өтеу үшін Байқоңырда болады. Сол жерде айлақтың алып құрылыстарына еңбегі сіңеді.

Тәкеңнің өмірінің біраз бөлігі Ұлан жерінде өтіпті. Кеңестік кезеңде екінші орында тұрған Асубұлақтағы Ақтау кен байыту фабрикасының әлеуметтік нысандарының біразы осы ағамыздың қолынан өткен. «Бір өкініштісі, қазір сол құрылыстардан аман қалғаны – спорт сарайы ғана», – деп күйінішін білдіреді ардагер құрылысшы. Тәуелсіздіктің арайлы таңдарында сол ауылдың біраз жыл басшылық қызметтерін де атқарған. Одан кейін «Бариев и КА» компаниясында 12 жыл қызмет істеп, Шығыстағы әскери базалардың біразын заман тынысымен бірге түлеткен. 90 жылдардың басындағы зіл залада да Марқакөл, Зайсан аудандарында екі жыл бойы жылаған елдің жасын құрғатып, баспана салыпты.

– Кеңестік кезеңде жауапкершілік өте жоғары болатын, қазір екінің бірі – құрылысшы. Ол кезде әрбір құйған іргетачсының әрбір арматурасын арнайы комиссия келіп тексеретін, қазіргі уақытта жеңілдігі сол, фотоаппаратқа түсіріп, кескінін алып отырып өзің есеп тапсырасың. Екі дәуірдің айырмашылығы – сол, – деп салыстырады ол.

Тәкең кейбір кезде 300-ге жуық адамға жауапты болып жұмыс істейді. Айталық, Өскемендегі жаңа театрдың алдындағы субұрқақ пен абаттандыру жұмыстары осы кісінің қолынан өткен. Одан бөлек ЖМК аумағындағы жаңа нысандардың біразында қолтаңбасы бар. Қаншама адамның амандығына, нысанның сапасына жауап беретін прораб дейтін қиын да азапты жұмысты Тәкең қазірге дейін абыроймен атқарып келеді. Өз ісінің нағыз берілген маманы.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button