Қоғам

Төрт елдің спортшылары бас қосты

Төрт елдің спортшылары бас қосты


Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде «Ұлы Алтай. Great Altai. Қазақстан – 2017» халықаралық туристік спорт фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Төрт елдің спортшылары бас қосқан бұл фестивальға қатысушылар спорттың 17 түрі бойынша бақ сынасатын болады. Ресей, Қытай, Моңғолия елдерінен келген спортшылармен өзара сынға түсетін шығысқазақстандықтар алдағы додаларда жеңісті қолдан бермейміз деп отыр.

– Спорттық сауықтыру туризмін дамытуға атсалысып жүрген спортшыларға алдағы додаларда сәттілік тілеймін. Болашақта біздің өңірмен шекаралас жатқан Ресей, Қытай, Моңғолия мемлекеттерімен тарихи, мәдени, экономикалық байланыстарымыз бұрынғыдан да нығая түсетініне сенемін. Бүгінде біздің өңірде арнайы мамандандырылған спорт мектептері мен жасөспірімдерді салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын түрлі үйірмелер жұмыс істейді, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Үш жүзге жуық спортшы қатысатын бұл фестивальдың жалғасы Катонқарағай ауданының Жаңаүлгі ауылында 14-16 тамыз аралығында өтетін болады. Онда жартасқа өрмелеу, парапланеризм, жаяу жүру, тауға шығу, велотуризм, рафтинг, альпинизм, авто-мото ралли және ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар өткізіледі. Ал балық аулау, суда жүзу сынды табиғи спорт түрлері бойынша өткізілетін жарыстар Бұқтырманың жағасында (Зырян ауданы) ұйымдастырылмақ.

Айта кетейік, бұл спорттық шара облыс әкімдігі мен «Алтай – біздің ортақ үйіміз» халықаралық үйлестіру кеңесінің хатшылығының, сондай-ақ, Ресей Федерациясы Алтай өлкесінің балалар және жастар қауымдастығының қолдауымен өткізілуде.

– Бұл фестивальды Қазақстан, Ресей, Қытай, Моңғолия мемлекеттері жыл сайын кезекпен өткізуді игі дәстүрге айналдырды. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының шаралар жоспарына енгізіліп, «Алтай – біздің ортақ үйіміз» ұранымен өткізілетін шараның басты мақсаты – туристік спорт түрлерін дамытып, жастардың табиғатқа деген құрметін арттыру, – дейді «Алтай – біздің ортақ үйіміз» халықаралық үйлестіру кеңесі хатшылығының хатшысы Борис Ларин.
Аталмыш шараның соңы шағын мерекелік концертке ұласты. Онда өңірге танымал өнерпаздар Эльдар Уадинов, Ақерке Амалят, «Ладушки» және «Инкорро» топтары өнер көрсетіп, көрермен қауымның ерекше ықыласына бөленді.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button