Төтенше жағдай болса қайда хабарласу керек?
Шығыс Қазақстанда су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында үлкенді-кішілі өзендерде мұз жару жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Белгілі болғандай, облыста мұз кептелісі болуы мүмкін 16 қауіпті учаске бар екен. Олар Ертіс, Үбі (Уба), Бұқтырма және Күршім өзендерінде орналасқан. Наурыз айында аталмыш учаскелердің барлығында жарылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
– Біз профилактикалық жұмысты Шемонайха ауданынан бастадық. Мұндағы Үбі өзені елді мекендерге ерекше қауіп төндіреді. Осыған байланысты Верх-Уба және Убинка ауылдарының, сондай-ақ Шемонайха қаласы мен Усть-Таловка кентінің маңында апаттың алдын алу жұмыстары жүргізілетін болады. Мәселен, бүгін Верх-Уба және Убинка ауылдарының іргесінен ағып жатқан өзеннің мұзы ұсақталды. Бұл жердегі мұздың қалыңдығы бір метрге дейін жеткен, ал жалпы ауданы 19 400 шаршы метр болады, – дейді төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Еран Балтабаев.
Естеріңізге салайық, 1 ақпанда облыс аумағында су тасқыны кезеңіне жоғары дайындық режимі жарияланған болатын. Қажет болған жағдайда жергілікті атқарушы билік органдары мен азаматтық қорғаныс мамандарынан құралған арнайы топтар көмекке келуге әзір. Жалпы, бүгінде апатпен күреске 1 719 адам, 756 техника, 83 жүзу құралы мен 224 мотопомпа сақадай сай тұр.
Мамандар төтенше жағдай туындаса, бірден 112 нөміріне қоңырау шалу керектігін тағы бір мәрте ескертеді.
Сәрсен Қабылым