Бес мыңнан астам тұрғын үй қауіпті аймақта тұр
Нұржан КЕНЖЕҰЛЫ
Бүгінде Шығыс Қазақстанның бес бірдей ауданы мен Өскемен қаласындағы жағдай тәулік бойы төтенше жағдайлар қызметі мамандарының назарында. Оған кей жерлердегі қалың қардың көбесі сөгілмей, жердің тоңы жібімей тұрғаны себеп болып отыр. Яғни облыстың бірқатар өңірінде су тасқыны қаупі әлі де сейілген жоқ деген сөз.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының аға инженері Аяулым Кекиеваның айтуынша, 10 наурыздағы жағдай бойынша Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай, Ұлан аудандары мен Өскемен қаласының аумағында тоңның қалыңдығы 50 сантиметрге дейін жеткен. Ал қар жамылғысының қалыңдығы кей жерлерде 87 сантиметр шамасында екен.
– Қазіргі уақытта облыс аумағында 14 047 адам тұратын бес мыңнан астам тұрғын үй қауіпті аймақта орналасқан. Жалпы, өңірде су басуы ықтимал 71 елді мекен анықталған болатын. Жергілікті атқарушы билік органдары тарапынан қолға алынған іс-шаралар нәтижесінде 15 елді мекенге төнер қауіп жойылды. Тағы 46 елді мекенде де апаттың алдын алуға бағытталған қажетті жұмыстар жүргізілді, – дейді Аяулым Кекиева.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бүгінге дейін жалпы ұзындығы 140 шақырым болатын каналдарды және 376 шақырым арықтарды тазарту және тереңдету жұмыстары жүргізілген. Бұған қоса автомобиль жолдары мен теміржол бойында орналасқан 1 778 су өткізу құрылысы, сондай-ақ 299 көпір аумағы қар және қоқыс қалдықтарынан тазартылған екен. Белгілі болғандай, соңғы бірнеше айда ғана 454 мың текше метр қар шығарылған. Сонымен қатар 53 мың қап, екі мың тоннадан астам инертті материал, 251 тонна жанар-жағармай дайындалыпты.
Облыста апаттың алдын алу мақсатында мұз жару жұмыстары да жалғасып жатыр. Департаменттің баспасөз қызметінен хабарлағандай, бүгінге дейін мұндай іс-шаралар Алтай, Катонқарағай, Күршім және Шемонайха аудандарында жүргізілген.
Осы ретте, жуықта құрамында облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев пен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы бар жұмыс тобы аймақтағы су тасқыны қаупі жоғары бірқатар учаскені әуеден барлап қайтқанын айту керек.
Түрлі сала мамандары қатысқан рейд барысында Риддер қаласы, сондай-ақ Алтай, Глубокое, Катонқарағай, Күршім, Самар, Ұлан аудандарындағы өзен арналары, гидротехникалық құрылыстар, таулы және далалы аймақтар тексерілді.
– Алтай ауданында Бұқтырма өзеніндегі мұзды ұсақтауға бағытталған жарылыс жұмыстарының барысымен таныстық. Тексеріс барысында Күршім ауданына жауған қардың шамамен 70 пайызы еріп кеткені белгілі болды. Ал Самар мен Ұлан аудандарында еріген қардың мөлшері 20-40 пайыз аралығында. Байқағанымыз, далалы аймақта қардың еру процесі жылдам жүріп жатыр екен. Жер-жердегі жағдай тәулік бойы бақылауда, – деді облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев.
Ал облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Арман Тоқановтың айтуынша, тексерілген жерлерде өзендердің арнасынан асып, жайылуы тіркелген жоқ.
– Бұқтырма мен Үлбі өзендерінде әлі де мұз тұр. Қалжыр өзенінің арнасы мұздан енді ғана ашыла бастады. Тексерілген гидротехникалық құрылыстардағы жағдай тұрақты, суға толу деңгейі 30-60 пайыздай. Ал таулы аймақтардағы ахуал өзгеріссіз, бөктерде әлі де едәуір мөлшердегі қар жатыр, – деп атап өтті Арман Тоқанов.
Еске салайық, облыста су тасқынымен күреске жергілікті атқарушы билік органдарының және азаматтық қорғаныс саласының 1 719 қызметкері, 756 бірлік техникасы, 83 жүзу құралы, сондай-ақ 224 мотопомпа дайын тұр. Бұған қоса көмекке әскерилер де келуге әзір. Мәселен, қажет болған жағдайда, Алтай ауданындағы апаттың алдын алу іс-шараларына №68303 әскери бөлімінің күштерін тарту жоспарланған.
– Әдеттегідей, департамент мамандары халықпен кездесіп, қауіпсіздік іс-шараларын түсіндіру жұмыстарын да назардан тыс қалдырған емес. Бүгінге дейін әріптестеріміз 15 мыңдай ауланы аралап, тұрғындарға 11 мыңнан астам жадынама таратты. Халықпен жалпы саны 356 кездесу ұйымдастырылды, – деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.