Қауіпті жерлер бақылауға алынған
Облыста көктемгі су тасқынына қарсы шаралар қызу жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, су тасқыны қаупі жоғары учаскелер бақылауға алынып, мониторинг жүргізілуде.
«Жазық далада қар тез еріп жатыр. Әуеден барлау кезінде өзен суының арнасынан асуы, үйлер мен ғимараттарды су басу жағдайлары анықталған жоқ. Үлкен өзендердің арналары мұздан аршылып, сең жүре бастады. Үбе, Күршім, Бұқтырма және Ертіс өзендерінде мұзды жару жұмысы аяқталды. Гидротехникалық құрылыстар да бақылауда», – деп жазылған департаменттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Жыл басынан бері облыста су тасқынының алдын алу мақсатында жұмыстар жүргізіліп келеді. Ол жұмыстарға шамамен 56 млн. теңге жұмсалған. Атап айтсақ, Глубокое ауданы, Черемшанка ауылының жоғарғы жағындағы Үлбі өзенінде, Катонқарағай ауданындағы Сарымсақты өзенінде жағалауды нығайту жұмыстары, Зайсан ауданындағы Жарлы өзенінің арнасын тазарту және жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілген.
Қала-аудандардың әкімдіктері қыс басталғалы бері көшелерден 459 мың текше метр қар шығарып, каналдарды, арықтар мен су өткізгіш құрылыстарды тазартты. Екі мың тонна инертті материал, 251 тонна жанар-жағармай, 53 мың қап дайындалған.
Мадина Амангелдіқызы