Кар суынан келер қауіп аз, дегенмен…
Самар ауданында көктемгі су тасқынынан қауіп аз болғанымен, жергілікті билік тұрғындарға үй маңындағы арықтарды тазалап қоюды ескертті.
Аудан әкімдігінің хабарлауынша, Самар өңіріне бүгінде қарғын судан келер қауіп аз. Дей тұрғанмен көктемге қарай күннің күрт жылынуы, я болмаса жауын-шашынның нормадан тыс жаууы сияқты табиғаттың тосын мінезіне қашанда дайын болуы керек. Осыған орай жақында аудан әкімінің төрағалығымен құрылған комиссия аудан аумағындағы гидротехникалық нысандардың көктемгі су тасқынына дайындығын пысықтап қайтты. Мұндай жұмыстардың уақтылы атқарылуы төтенше жағдайдың алдын алуға және осы мәселеге жауапты органдар арасындағы байланысты нығайтуға септігін тигізетіні белгілі. Сондай-ақ тексерулер қиын-қыстау кезеңдерде мекемелердің қоян-қолтық жұмыс істеуіне де мүмкіндік береді.
Ақпан айының алғашқы күндері жергілікті жердегі төтенше жағдайлар қызметінің, автожолдарға жауапты мекеме өкілдері мен ауылдық округ әкімдерінің басын қосып жиналыс өткізген аудан әкімінің орынбасары Дамир Ордаханов, көктемгі тасқынға байланысты бірқатар тапсырма берді.
Бұдан бөлек, аудан басшылығы айтып келмейтін апаттың алдын алу үшін жергілікті халықтың да осы іске жұдырықтай жұмылуын сұрады. Ол үшін ауыл-аймақ тұрғындары өздеріне тиесілі жекеменшік аумақтар мен аулаларындағы арықтардың арнасын қоқыс пен қардан тазалап, қар суының кедергісіз ағуына мүмкіндік жасауға тиіс.