ДінТОП

Теріс ағымдардың әсерінен қалай қорғанамыз?

Деструктивті діни ұйымдарға тартушылар ғаламтор кеңістігінде бұрыннан жұмыс істеп келе жатқанын білеміз. Бүгін біз олардың қызметі кімдерге бағытталғандығы және виртуалды ортадағы теріс әсерлерден қалай қорғануға болатындығы туралы айтатын боламыз.

Бүгінгі таңда танымалдылық шыңында онлайн-білімнің тұрғаны рас. Бұл жаңа білім алудың өте ыңғайлы тәсілі. Сіз кез келген жерде және кез келген уақытта білім ала аласыз. Аталған факт деструктивті діни ағымдардың өкілдеріне де белгілі.

Қазір көшеде күмәнді мазмұны бар брошюралар мен парақшаларды мәжбүрлеп тарататын адамдарды сирек кездестіресіз, себебі олар өз қызметін интернет кеңістігінде белсенді түрде жүзеге асырады.

Әрбір нақты жағдайда деструктивті діни ағымдардың қатарына тартылу себептері әртүрлі болып келеді: өмір сүру деңгейінің төмендігі, жеке өмірдегі қиыншылықтар және тағы басқалар.

Айта кету керек, бұған кіргендердің арасында қаржы мәселесінде сәтсіздікке ұшырағандар ғана емес, білімді, бақуатты және өзіне сенімді адамдар да болады. Деструктивті діни ағымдардың қатарына әртүрлі әлеуметтік топтардан, мәселен, бай да, кедей де, жоғары білімді, терең діни білімі бар және дін туралы түсінігі мен білімі өте таяз адамдар да кіреді. Сонымен, жалдаушы жеке тұлғаға қалай әсер етеді?

Әдетте, интернет арқылы жаңа танысқан адам өзінің жалдаушысының жеке өміріне, қызығушылығына, проблемаларына, алаңдаушылығына, қаржылық жағдайына белсенді түрде қызығушылық таныта бастайды. Оны ол болашақта жалдамалы адамды басу үшін қажетті «басқару тетіктерін» табу үшін жасайды.

Жалдаушы ең алдымен  сол адамға не жетпейтінін анықтап, оның өміріндегі бос орынды жаулап алуға тырысады. Ол сондықтан да дос, серіктес, мұғалім болуға тырысады, болашақта «ықтимал жәбірленуші» өзінің «құтқарушысына» міндетті екенін сезінуі үшін мәселелерін шешуге көмектесуге тырысады.

Сенімді бола отырып, жалдаушы адамның әдеттегі өмірін өзгертуге тырысады, атап айтқанда, «сізді бағаламайтын адамдармен байланысты үзу», «жаңа достар табу», «өмірді немесе қоршаған әлемді өзгертетін» белгілі бір кітаптар мен мақалаларды оқуды ұсынады.

Хат алмасу барысында ол көздеген адамын белгілі бір мінез-құлыққа бағдарламалау үшін эмоционалды жағдайды басқаруға тырысады. Жалдаушының басты міндеті – адамды айла-шарғы жасаудан қорғансыз ету, адамды өзінің дүниетанымына, өмірлік принциптеріне, идеяларына, туыстарына, достарына күмәндандыру.

Біртіндеп жалдамалы адамның көз алдында «өз беделін» күшейте отырып, өзіне қаратқан адамы белгілі бір тапсырманы орындаған жағдайда көптеген мәселелерді шешуге уәде береді. Тест ретінде ол кез келген қарапайым қызметті сұрай салуы мүмкін. Егер жәбірленуші келіссе, онда ол жалдаушының ілмегіне түсті деген сөз.

Осыдан кейін әдеттегідей, жеке танысуға шақыру, жаңа достар табу үшін кездесуге немесе жиындарға қатысуға шақыру басталады, кейде бұл кездесулер діни ғимараттарда өткізілуі де мүмкін.

Бұл хат алмасудың жалпы схемасы. Оның тақырыбы мен себебі әртүрлі болуы да мүмкін: өмірлік және қаржылық мәселелерді шешуге көмектесу, шығыс мәдениетін зерттеуге көмектесу, діни ынтымақтастық және тағы басқалар.

Жалдау технологиясына қалай қарсы тұруға болады?

  1. Ең алдымен, Сізге не болып жатқанын жете түсініп алу қажет. Осыған байланысты байқаушының дағдысын меңгеру керек және келесі сұрақтарды қойыңыз: «Мұны маған не үшін айтып тұрсыз?», «Сізге бұл не үшін қажет?».
  2. Интернеттегі шолулардан бастап, құқық қорғау органдары орналастырған ресми ақпаратқа дейін тақырыпты толығымен зерттеп, кез келген ақпаратты қайта тексеріңіз.
  3. Сонымен, қорыта айтқанда, өмірдегі шешуші мақсатты тауып, оған жетудің жолын ойластыру керек. Сонда ғана ешқандай секта немесе деструктивті ағым, бірде-бір ой немесе идея сізді алға қойған жоспарларыңызға жетуге кедергі келтіре алмайды.

Егер Сіз мешітте болсаңыз:

Мешіттерге, халал дәмханалар мен базарларға барғанда келушілердің көп шоғырлануы кезінде және адамдар жұмыс іздейтін «еңбек биржаларында» жалдау әрекеттері көрініс табуы мүмкін. Әдетте, жалдаушы өзінің ықтимал құрбанын адаспай анық көреді. Бұл абыржыған, моральдық немесе материалдық қолдау алу үшін жерлестерін іздеп келген жас жігіт болуы мүмкін. Олар онымен әңгімелесе бастайды, назар аударады және қолдау көрсетеді. Мәселесін шешуге көмектесуге тырысады. Мысалы, қарызға ақша береді, жалған рұқсат құжаттарын жасайды, содан кейін миын шаюды бастайды: олар «таза исламды» насихаттайды, тиісті кітаптарды оқуға рұқсат береді, «өйткені, олар дұғаны дұрыс жасамайды» деген сылтаумен мешітке бармауды ұсынады, пәтерде немесе үйде өтетін «шынайы сенушілердің» жиналыстарына қатысуға үгіттейді. Жалдаушылар қомақты сыйақы алу үшін соғысқа баруды ашықтан-ашық ұсынуы мүмкін немесе туыстарына және достарына қандай да бір құпияны, заңсыздықты немесе жаман әдетті ашамын деп қорқытып, бопсалауды бастайды.

Мұндай жағдайлар туындағанда, барынша сабырлы болып, жалдаушының өтініштерінен бас тартуға, арандатушылыққа жол бермеуге және әңгімелесуді тоқтатуға және мүмкін болса жалдау орындарынан жылдам кетуге тырысу қажет. Сондай-ақ біреумен интернет желісі арқылы танысқан жағдайда артынан өзіңе зияны тиетін мәліметтерді беруге немесе жария етуге жол бермеу қажет.

Егер жалдаушылар табандылықпен соңыңызға тұрақты түсетін болса, онда уақыт оздырмай құқық қорғау органдарына жүгінген жөн.

Дәурен Аллабергенұлы 

(Мақала облыстық дін істері басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді. Фото kazislam.kz сайтынан алынды.)

 

Осы айдарда

Back to top button