Ауылдың айтқыштары

Текке жатқанша, бір 10 жұмыртқа басып жатсаңшы.

Текке жатқанша, бір 10 жұмыртқа басып жатсаңшы.

«Қорқынышты» құрдас

Бұл сонау сексенінші жылдарда болған оқиға. Совет Майлыбаев деген Үшбұлақ ауылының жігіті төрт жасар ұлын жетелеп, көше бойлап келе жатады. Кенет қарсы алдындағы ауладан оның жұрт «Қара Бөкен» деп атайтын құрдасы атып шықса керек. Белуарға дейін шешініп тастаған, кеудесі жүн-жүн, өзі қап-қара Бөкенді көрген Совет баласының көзін алақанымен баса қойып:
– Бісміллә, бісміллә! – дей берген екен.

Какой талант в яме пропадает…

Манарбектің қыңыр сөзге шешен, қалжыңға тапқыр екенін жұрт баяғыда-ақ мойындаған. Оның кез келген техниканың коробкасын, жүріс бөлігін қатырып тұрып жөндейтін үздік шебер екендігі тағы да шындық. Беделінің қай жерде болсын «жүріп» тұратындығына оның осы ашық-жарқын мінезі мен қолының епсектігі себеп болса керек.
Бір күні Мәкең жұмыс үстінде өзінің «құтты орны» – автобазадағы көлік жөндейтін шұңқырға түсіп алып, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермей, әңгімені боратып тұрса керек. Маңайдағылар оның сөзіне дуылдай күліп, қарық болып жатады. Сонда бұл жайды біраз уақыт бақылап тұрған Максим деген шопыр:
– Жаль, – деп басын шайқаған екен. – Какой талант в яме пропадает!

Он жұмыртқа басып жатсаңшы

Бірде Бөкенбай ағамыз жолы түскенде туған ауылына барып, реті келген соң сонда тұратын жақын жиенінің үйіне бас сұғады. Анау еш қарекетсіз, шалқадан түсіп жатса керек. Оның бұл қылығы көңіліне келген Бөкең:

– Әй, шырағым, мына жатысың қай жатыс? Бір тірлік істесеңші! – деген екен.
– Ой, нағашы, не істеймін? – деп анау сауалға сауалмен жауап қайтарады. – Жұмыс жоқ, менен басқалар да сеңдей соғылысып, қаптап жүр емес пе.

Дайындық жасап жүрмін

Талайдан бері «ақаңды» аузына алмай жүрген Бөкенбай бір күні үйге едәуір қызып келіпті. Оның келесі күні, тіпті, үшінші күні де ішіп келгенін байқаған Сара жеңгей:
– Әй, сен қояды екен десе, күннен-күнге көбейтіп барасың ғой! – деп ескерту жасайды.
– Мен ішейін деп ішіп жүр ғой дейсің бе, бәйбіше? – деп ақталған екен сонда Бөкең. – Қайнағамның жақында болатын тойында құдалыққа бармаймын ба? Соған дайындық жасап, жаттығып жүргенім ғой…

Жинақтаған – Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button