Қоғам

Талғаттың суреті рух беріп тұр

Талғаттың суреті рух беріп тұр


Өскемендегі Тәуелсіздік даңғылы бойында орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде Талғат Жайлауовтың суреті пайда болды.

Тоғыз қабатты тұрғын үйдің қабырғасына белгілі хоккейшінің суретін салу идеясын Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев ұсынған. Шаһар басшысы жай баннер ілгеннен гөрі, ғимарат қабырғаларына сурет салу – қаланың көркіне көрік қоса түсетінін айтады. Бұл мақсатта еліміздің үздік стрит-арт суретшілері мен граффити әуесқойлары арасында байқау да өткізіліпті. Бұл байқаудың жеңімпазы болып Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттері танылған.

Бір айта кетерлігі, туындының көлемі ауқымды болғандықтан, суретшілерді жұмысқа қажетті барлық құрал-жабдықпен және техникамен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қамтамасыз еткен. Сурет салу кезінде пайдаланылған бояулар сапасы жағынан қыстың қақаған аязына да, күздің толассыз жаңбырына да төтеп беруге қауқарлы.

Алдағы уақытта жас қылқалам шеберлері облыс орталығындағы үйлердің қабырғаларына осыған ұқсас тағы бірнеше сурет салмақ. Олардың ішінде жезтаңдай әнші Бибігүл Төлегенова мен Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова сияқты Шығыстан шыққан танымал тұлғалар мен эпос кейіпкерлерінің бейнелері де болады деп күтілуде.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button