Қоғам

Тағдырдың талқысына мойымаған

Тағдырдың талқысына мойымаған


Биылғы маусымда Қырғызстанның Чолпон Ата қаласында қол күресінен XVI Азия чемпионаты өткен. 11 елден келген небір таңдаулы спортшылар бақ сынасқан айтулы бәсекеге дені сау спортшылармен қатар мүмкіндігі шектеулі жандардың да атсалысқаны белгілі. Міне, осы армрестлинг сайысында екі қолмен бірдей сынға түскен Үшбұлақ ауылының тұрғыны Берік Русжанов жақсы нәтиже көрсетіп, екі бірдей қола медальды иеленіп қайтты.

Бұл Беріктің алғашқы табысы емес-тін, ол 2016 жылдың 15-18 наурызы аралығында Өскемен қаласында ту көтерген мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасындағы Қазақстан чемпионатына да қатысып, онда да қола жүлдегер атанған болатын. Ал осы 2017 жылдың наурызында өткен облыс чемпионатынан тағы бір қола медаль әкелгені де көпке мәлім.

– Қола болса да текке отырмай, ауданның қоржынына жүлде салып жатырмын, – деп күледі Берік Дағыстанұлы. – Алтын демей-ақ қояйын, күмістен үмітсіз емеспіз. Басқа спортшылар айлап-жылдап жаттығып, мықты даярлықпен келеді, ал мені Үшбұлақ орта мектебінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Арман Қайырбаев бір апта жаттықтырады да, алып барады.

Бүгінде 50 жасқа толып отырған Берік – туғаннан сал, ғылыми тілмен айтсақ, балалардың церебралды параличіне ұшыраған жан. Үйде, ауыл ішінде өзіне арнайы берілген мүгедектер арбасымен жүреді. Бірақ «мен мүгедекпін» деп жасып, жасқанған Берікті көрмейсіз. Ол ауылдағы белсенді азаматтардың бірінен саналады. Үкімет төлейтін азын-аулақ жәрдемақыға қарап отырғанды ар санайтын Берік ауыл тұрғындарының аяқ киімін жөндеп, ағайын-жұртқа пайдасын тигізеді. Ал ағайындарымен бірге құрған мал өсірумен, ара шаруашылығымен айналысатын «Балғын» шаруа қожалығының жетекшісі ретіндегі жауапкершілігі өз алдына.

Беріктің той-жиында домбыра шертіп, ән салатын өнерін бұрыннан білеміз. Кезінде «Маралиха» совхозының намысын қорғап, ақындар айтысына түскенінен де хабардармыз. Сонымен бірге, имандылықты берік ұстанған азамат шалғай шеттегі ауылда қажеттілік туған жағдайда құран оқып, қатым да шығарып жүреді. Қысқасы, Берік Дағыстанұлы – ауылдағы жұртқа күнделікті қажетті адамдардың бірі.

– Өзім Платово ауылында туып-өстім, – деп сыр бөліседі Берік. – Сал болсам да, ел қатарлы оқып, осындағы сегізжылдық мектепті бітірдім. Ал әнді мектепке бармай тұрып айтатынмын. Әкем марқұм әжептәуір ән айтатын адам еді, маған да көп нәрсені сол кісі үйретті.

Ауылдағы ел-жұртқа рақмет, ешкім мені «сен кемтарсың» деп кеудеден итеріп көрген емес. Жастар да қолдайды, көмек қажет болса, шамалары келгенше жәрдемдесіп жатады. Осы жолы жарысқа барғанда, қаржы жағынан қолдау жасаған ауылдас бауырым, Өскемен қаласында тұратын кәсіпкер Жандос Ахметовке, Маралды ауылдық округінің әкімі Фархат Өжікеновке, ауыл жастарына шын көңілден ризашылығымды білдіремін. Мені жаттықтырып, өзі апарып-алып келген Қайырбаев Арманға да көп рақмет айтамын. Ал бетімнен қақпай күтіп, сыйлап отырған аға-жеңгем – Серік пен Гүлнәрға айтар алғысым шексіз!

Кейбір «жұмыс жоқ» деп аузын қу шөппен сүртіп, үйде шалқадан түсіп жататын тепсе темір үзетін жігіттерді көргенде, көңіл төрінде «осылар неге Берік сияқты жанкешті азаматтардан үлгі алмайды екен?» деген ренішті ойдың көлденеңдейтіні рас. Ендеше, мәселенің төркіні деннің саулығында, күштің молдығында емес, ниет пен пейілде, талап пен талпыныста болса керек. Ал бұл жағынан үшбұлақтық Б.Русжановтың талай адамға өнеге бола алатыны сөзсіз.

Хасен Зәкәрия

Осы айдарда

Back to top button