Қоғам

Словакиямен алыс-берісіміз артпақ

Словакиямен алыс-берісіміз артпақ


Кеше облыс әкімі Даниал Ахметов пен еліміздегі Словакия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Петер Юза арасындағы кездесу барысында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, құрылыс салаларындағы әріптестік мәселелері төңірегінде әңгіме өрбіді.

Шетелдік дипломаттың айтуынша, бүгінде Словак мемлекеті Қазақстанның барлық облысымен әріптестік байланыс орнатуға мүдделі. Дегенмен, Шығыс Қазақстанға деген қызығушылық ерекше.

– Естуімше, сіздердің облыстарыңыз Қазақстандағы өнеркәсіптік, аграрлық және туристік әлеуеті жоғары өңірдің бірі болып табылады екен. Мұнда бизнес жүргізуге жан-жақты жағдай жасалған. Демек, екі ел кәсіпкерлерінің бірлескен жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Словакия сияқты шағын мемлекет бұл өте қызықты нарық, – деді кездесу барысында Петер Юза.

Оның айтуынша, бүгінде екі ел арасындағы алыс-беріс екі жылдық тоқыраудан кейін қайта жандану үстінде. Словактар әсіресе, Астанада өтіп жатқан EXPO-2017 көрмесіне көп үміт артып отыр. Петер Юза айтуынша, бүгінде көрмедегі Словакия павильонын 150 мыңға жуық адам көріп қайтқан.

– Өнеркәсіп саласына келсек, біздің елде негізінен автоөндіріс саласына басымдық берілуде. Словакияда Ауди, Фольксваген, Порше, Киа сияқты әлемдік автоиндустрияның брендіне айналған көліктер құрастыратын зауыттар бар. Жақын арада Лэнд Ровер шығаратын өндіріс орны да іске қосылмақ. Сіздердің облыстарыңызда да бұл саланың алар орны ерекше екенін байқадым. Енді сіздермен осы бағытта әріптестік орнатқымыз келеді, – деген елші Словакияда автоөндіріс саласында еңбек ететін мамандар тапшылығы айқын сезілетінін айтып қалды.

Кездесу барысында белгілі болғандай, Словакияда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға көмектесетін ірі инвест-компания бар. Аталмыш компания Шығысқа словакиялық кәсіпкерлерді тартуға, сондай-ақ, шығысқазақстандық бизнесмендерге еуропалық мемлекет нарығына шығуға көмектеседі. Сонымен қатар, әңгіме барысында Петер Юза туризм, орман шаруашылығы мен құрылыс салаларына қатысты ұсыныстар айтты.

Облыс әкімі Даниал Ахметов бұл ұсыныстар өте құнды екенін айтып, олардың ешқайсысы да ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

– Сіз айтқан ұсыныстың қай-қайсысы да қызықты екен. Біз бұл мәселелерді талдап-таразылап, мұқият сүзгіден өткізетін боламыз. Негізі, біз үшін Словакия бейтаныс мемлекет емес. Осыдан біраз бұрын Өскемендегі Спорт сарайында орнатылған алып мониторды сіздердің мамандарыңыз жеткізіп, құрап бергенін білеміз. Сондай-ақ, өзге салаларда да байланыстарымыз жетерлік. Енді оларды нығайтуымыз қажет. Тағы бір айта кетерлік жайт, алдағы уақытта словакиялық әріптестеріміз Семей қаласындағы «Абай Арена» спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтауға өз септігін тигізеді деп үміттенеміз, – деді облыс әкімі.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button