Қоғам

Шалғайдағы шаруақожалықтарына электр желісі тартылады

Шалғайдағы шаруақожалықтарына электр желісі тартылады


Облыс әкімі Даниал Ахметов жуырда өткен кеңесте кейбір аудандардың және ауыл шаруашылығы басқармасының қызметін қатаң сын тезіне алды. Абай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Тәттібеков жұмыстағы салғырттығы мен немқұрайлығы үшін «екілік» алды.

– Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасына орай Шығыс Қазақстанда бизнес нысандарын түгендеу жөніндегі жұмыс топтары құрылған болатын. Салалық ведомстволар мамандары елді мекендерге шығып, кәсіпкерлермен, жергілікті әкімдермен жолыққан. Бүгін он алты жобаны қорғау жоспарлануда, олардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартуға жобалық-сметалық құжаттамалары бар. Жобалардың тоғызы Абай, төртеуі Тарбағатай, екеуі Күршім және біреуі Глубокое аудандарына тиесілі, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий.

Мал шаруашылығын дамыту мақсатында шалғай жатқан шаруа қожалықтарына электр желісін тарту көзделіп отыр. Электр тогы барған соң, ол кәсіпкерлік нысандардың күшейіп, өнім көлемін арттырары сөзсіз. Бірақ миллиондаған мемлекет қаржысы босқа кетпеуі тиіс. Аталған шаруа қожалықтарының әлеуеті мықты болуы шарт. Әйтпесе, ертеңгі күні электр желісі тартылған соң, қожалық құрдымға кетіп жатса, кім жауап береді, қазына қаржысын желге ұшыру деген осы емес пе?! Өкінішке қарай, аталмыш жобаларды әзірлеген жауапты тұлғалар сол қожалықтардың жай-күйін, келешегі бар-жоғын жете тексермеген болып шықты.

Атап өтерлігі, Даниал Ахметов барлық жобаларды талапқа сай деп таппады. Бәріне кінәлі – аудандық әкімдіктердегі жекелеген қызметкерлердің және ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының алға қойылған міндетке тым үстірт қарауы. Айталық, Абай ауданында сиыр өсірумен шұғылданатын «Алтынбек» деген шаруа қожалығы бар. Қазіргі кезде олар 45 бас ірі қараға ие болып отыр. Осы орташа шаруашылықтың толық жұмыс істеуі үшін оларға электр желісін тарту аса қажет. Ол үшін 6,5 миллион теңге шамасында қаражат керек екен. Жобаны бастан-аяқ тиянақты негіздеп, қожалықтардың жем шөп қорын және материалдық-техникалық базасын мұқият талдаудың орнына тиісті ведомстволардың өкілдері көздерін жұмып тұрып нысандардың төлқұжаттарына қолдарын қоя салған көрінеді. Ал өткен жылғы күрделі жағдай әлі баршаның есінде, оны осы жиында облыс әкімі айрықша атап көрсетті. Атап айтқанда, былтыр ауа райының қолайсыздығы салдарынан, сонымен қатар, жергілікті тұрғындарда мал азығы болмағандықтан, 600 тонна жем шөп Абай ауданы мен Семей өңіріне өзге аудандардан шұғыл түрде жеткізілген болатын. Абырой болғанда, мал шығынына көп жол берілмеді.

– Атқарған жұмысыңызға «екілік» деген баға қоямын. Сіз шаруа қожалығы жетекшісінде қанша гектар жер, қанша трактор барын, жем шөпті қайдан алатынын бес саусағыңыздай білуіңіз керек. Үстірт, немқұрайлы жұмыс үшін Абай ауданы әкімдігіне, ауыл шаруашылығы басқармасына ескерту жасаймын. Түпкілікті зерделенбеген жобаларға неге қолдарыңызды қоясыздар?! Осы жобаларға қазынадан қыруар қаржы бөлінгелі жатыр ғой, – деді аймақ басшысы Абай ауданы әкімінің міндеті атқарушыға қарата.

Нәтижесінде, Абай ауданы ұсынған тоғыз жобаның тек бесеуі ғана («Жанахмет», «Айқын», «Жаныс», «Құрмет», «Мотыш баба» шаруа қожалықтары) облыс әкімі тарапынан мақұлданды. Ірі қара өсіруге қатысты өзге жобаларды («Алтынбек, «Сүлекен», «Сыбанбала», «Ержан» шаруа қожалықтары) Даниал Ахметов жем шөп қоры мен өткізу нарығына терең талдау жүргізілгенше, кейінге қалдыруды тапсырды.

– Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың қолы қойылған ірі қара өсіруге қатысты нысандардың бекітілген төлқұжаттары тоқтатылсын. Абай ауданы бойынша тек жылқы шаруашылығына байланысты жобаларды ғана қаржыландырамыз, – деді облыс әкімі.

Сонымен, жалпы он алты жобаның тоғызы қаржылай қолдау табатын болды. Тарбағатай ауданынан ұсынылған төрт жобаның тек біреуін ғана – «Сарман» ЖШС-н су, электр және кәріз жүйесімен қамту жөніндегі жобаны қорғады, қалған үш жоба қаржыны өзге бағыттар бойынша алатын болады деп шешті. Күршім ауданынан «Аққайнар» және «Қизатов» жеке кәсіпкерліктеріне, Глубокое ауданынан «Шахан-Ата» ЖШС-іне қатысты жобалар да қаржыландырылатын болды.

Даниал Ахметов өзге өтпеген жобалар шаруашылықтардың тиімділігін растайтын құжаттар болған жағдайда ғана қолдау табатынын атап көрсетті.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button