Ауылдың айтқыштары

«Сенің сүтіңнің керегі жоқ»

«Сенің сүтіңнің керегі жоқ»

«Вот яблоко, вот груша!»

Ресей жерінде болып, ұзақ жыл сол жақта тұрған Халық деген атамыз ана бір жылы елге қайтарында бас қосып, орыс қызын ала келді. Қыздың көне қоймасын білген ол кісі оған тұратын жері бау-бақшалы, жемісті өлке деп алдаған сыңайлы. Мұнда келген жеңгеміз тақыр жерді, иен даладағы мал қорасын көріп көңілі пәсейіп жүреді. Ағамыз таңнан малын өріске айдап, кешке бірақ келіп құлайды екен. Бірде жеңгеміз әлгі айтып жүрген алма, алмұртының қай жақта екендігін сұрайды. Бір отар қойын жайылымға айдауға дайындалып қораның есігін ашып жатқан Халық аға тарс кетті дейді. Өзі де малдан қажып жүрген ағамыз аяқ астындағы малдың қиы мен тезегін орыс келіншегіне қарай тепкілеп: «Вот яблоко, вот груша!» депті дейді.

Қаржау мен Діңке

Ырымдай ма, жоқ басқа себебі бар ма, біздің қазекеңнің балаларының есімдерін кейде өрескелдеу қылып қоятыны жасырын емес қой. Соның әсерінен кейде тіпті, бала байғұс жасқанып өсетіні де бар. Көрші ауылда Қаржауов деген бас зоотехник, Діңкебаев деген агроном болды. Өздері құдандалы адамдар еді. Бірде күз ерте келіп шаруа адамдарын тықсырып жіберсе керек. Қыркүйек айында тіпті, қылаулап қар жауып, жеңіл үсік жүріп өтсе керек. Кабинетте отырған Қаржауовқа Діңкебаев келіп:
-Япыр-ай, қыс ерте түсе ме екен. Далада қар жауып қалды,- десе, Қаржауов та:
-Қап! Егістіктегі діңкелер үсіп кетер ме екен!-деп терезеге қарапты.

«Сенің сүтіңнің керегі жоқ»

Бәкең тауып айтатын жатыпатарлығымен аты шыққан адам. «Бәкең былай депті», «Бәкең айтпақшы…» деген сөз тіркестері ауыл арасында тіпті, көп. Бірде ол кісі базарға сүт алмақшы болып келсе, бес биенің сабасындай бір келіншек:
-Мында келіңіз. Сүт бар, айран бар, – деп шақырыпты. Әлгі әйелге таяп барған Бәкір ағай:
-Қане сүт бар дейсіз бе? Свежий ме? Өзіңдікі ме? – деп сұрапты.
-Иә, өзімнің сүтім. Ел сияқты алып сатарлығым жоқ. Өзімнің сүтім, – десе Бәкең:
-Жоқ, маған сенің сүтің керек емес. Сиырыңның сүті керек, – деп теріс айнала беріпті.

«Моншада оқимын»

Баяғыда Таскескен ауылында болған оқиға екен. Қазіргі белгілі музыкатанушы, композитор, күйші Жарқын Шәкерім ағамыз айтып берген еді. Құдыс (аты өзгертілді) деген Жарқын ағаның сыныптас баласы қушікештеу екен. Үзіліс кезінде дәлізде шулап жүгіріп келе жатқан 10 сынып оқушысын мұғалім ұстап алып:
-Неге осынша шулап дәлізде жүгіресің?! Өзің қай класта оқисың?-дейді шұқшиып. Сонда анау да міз бақпай:
-Моншада оқимын,-депті.
-Не дейді? Қайда? Қайда?
-Моншада!
-Оңбаған! Тәрбиесіз! Жүр, кәне директорға,-деп баланы жетектеп бастықтың кабинетіне алып кіреді. Болған оқиғаны бастан-аяқ айтып беріп директор:
-Кәне, қайта қайталашы. Нешінші класта оқисың?-дейді директордың көзінше. Сонда Құдыс та саспастан:
-Ағай, сіз сұрадыңыз, мен жауап бердім. Мен оныншы «А»-да оқимын дедім ғой,-деген екен.

Берікхан Тайжігіт

Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button